1 бет.
Халық батыры Есек Есенқұлұлы
Кітаптың авторлары
Қаламқас Сатыбалды, Оразбай Табынбаев
Үш қиян баспасы-2023
Алматы қаласы
2-бет. (Анотация)
«Ер есімі ел есінде» деген оймен жарыққа шыққан бұл кітапта жоңғар шапқыншылығына қарсы күресте туған елін жаудан қорғап, ерліктің ерен үлгісін көрсеткен қазақтың баһадүр батыры, көрнекті тарихи тұлға Есек мерген Есенқұлұлы туралы баяндалады. Кітап көпшілік оқырманға арналған.
3-бет. Алғы сөз
Тарих – таным, тағылым, тәрбие туған топырағын танудың, атамекеннің түпкі тегін білудің алтын кілті. Баға жетпес ұлттық құндылықтарға, мәнді, мазмұнды игіліктерге қол жеткізіп, оны ертеңгі ел болашағы жастардың қолына ұстату адам баласының Отанға деген шексіз махаббатынан басталады. Отанды шексіз сүю – елдің ертеңін ойлау, ұрпақтың болашағын ойлау деген сөз.
Бақыттың бастауы адамгершілік, имандылық, құрмет деген ұғыммен бас біріктіріп, елдік мүдделерге жұмыс жасайды. Бұл болашағы жарқын халықтың рухының биіктігін көрсетеді. Адамзат баласының қол жеткізген білім қазынасында біз әлі оқып, білмеген рухани байлығымыз өте көп. Олардың бірі – өткен тарихымыздың қасіретті әрі қастерлі беттері. Сол тарихтың бірі әрі бірегейі, жоңғар шапқыншылығында ерліктің үлгісін көрсетіп, қазақ халқының бақытты болашағын қорғап қалған, халық батыры Есек мерген Есенқұлұлы.
«Халық батыры Есек Есенқұлұлы» атты бұл шығарма жоқтан жонып, барды бағалап, азға қанағат етіп, дүниеге келіп отырған рухани дүние. Қазақ халқының басына қауіп-қатер төнген қиын-қыстау күндерде аттың жалында өмір сүрген батыр бабамыз Есек батыр Есенқұлұлы тарихи тұлға. Бұдан бұрын аңыз-әңгіме болып, ауыздан ауызға жеткен халық батырының шынайы бейнесі бүгін халықаралық деңгейдегі үлкен сахнада бірінші рет сөйлеп отыр. Сондықтан ақ түйенің қарыны жарылып, көл-көсір қуанышқа бөленіп, жүрегіміздегі жұбаныш-сүйіншімізді қуана құптап, ел-жұртымызбен бірге бөлісіп, тарихи мереке ұйымдастырып жатқанымыз үлкен жетістіктің алғашқы қадамы құтты болсын деген тілек айтамыз. Бұл халықтық іс-шара алдағы уақытта да жалғасын тауып, елдің рухани даму жолындағы шарапатты терең мазмұнды жиындарда жалғасын табатынына бек сенімдіміз.
Бірнеше ондаған жылдарға созылған жоңғар басқыншылығына қарсы күресте туған халқының алтын қақпасын кірпік қақпай күзетіп, атамекен-алтын бесігімізді жау қолына бермей, өршеленіп, жанкешті ерлік көрсеткен батыр бабамыздың рухына қандай құрмет көрсетсек те артық емес. Баһадүр батырдың өнегеге толы, ерлікке толы, қиындыққа толы өмір-тарихы, жүрген жолдары бүгінгі ұрпаққа үлгі әрі өнеге.
Көпшіліктің назарына ұсынылып отырған бұл кітап ұлтжанды, елін сүйген, ел тарихына жаны ашитын азаматтардың ізденіп, зерделеп жазған шығармаларының жиынтығы. Сондықтан біз кітаптың бір бөлігін жазып және құрастырушы ретінде оларға шын жүрегімізден жылы ілтипатымызды білдіріп, алғыс айтамыз. Қазақ тарихының жаңа парағы ашылып, Есек батыр Есенқұлұлының өмір-дерегі, елі үшін жасаған ерен ерлігі құрметтеліп жатқан мерекеге жасап жатқан осы бір сый-тартуымыздың ғұмыры ұзақ болғай.
Рухани әлемге алыстан көз тіккен иісі қазақ осы шығарманы оқыған сайын қазақ батырларының ерлікке толы істеріне қызығушылығы артып, олар да өз үлесін қосады деген үміттеміз. Ел мүддесіне бағатталған игілікті іс-шара оң болсын. Құрметтеліп жатқан батыр бабамыздың рухы шат болсын!
Бұл тарихи мереке тек бүгінмен шектеліп қалмай одан әрі қарай өзінің жалғасын тауып, толымды, мазмұнды шырайлы іс-шаралардың қатарымен толыға беретін болады. Жаңарған білім сапасы, жаңа технология, әлем елдерінің мол тәжірибесі бағытында білім алып жатқан қазақ жастары осы шараны қуана құптап, бел шешіп, іске кірісетініне күмәніміз жоқ. Өйткені ұлттың, халықтың, елдің болашақ тағдыры олардың қолында. Есек мергеннің тарихы әлі тереңдетіліп оқылып, зерделеніп жазылатын болады. Біз бүгін бір ғана батырымыз арқылы қазақтың сол кездегі қаһарман ерлігін көрсек, ел азаттығы үшін ұлан-ғайыр еңбек сіңірген жүздеген, мыңдаған батырларымыздың өмір-тарихын оқып, білгенде қазақ тарихының таңғажайып інжу-маржандарының байлығына малшынып, мақтанатын боламыз. «Ізденген жетер мұратқа» дегендей, терең ізденіс, көп оқудың нәтижесі халқымыздың шежіре баянының, ата тарихының толысып, жаңы қырлары мен сырлары ашыла түсетіні ақиқат. Басқа елдердегі сирек қолжазбалар архивінде қазақтың тарихымен бірге Есек мерген бабамыздың тарихы да бірге қатар жүруі әбден мүмкін. Сондықтан оны тарихшылар жатпай-тұрмай іздеп, жіті зерттесе, табылатыны шындық. Тарихтың тұғырын биіктетіп, өсіретін өз халқы.
Құрметпен, кітап авторлары