Есек батыр

Бұл оқиға 1680-1690 жылдардың шамасында болған болуы керек. Адай тайпасының көші сонау Сыр бойынан батысқа қарай қозғалыпты. Дарияны жағалай үдере көшкен ел Арал, Шалқар, Жем, Сағыз, Самның құмы, Түлейді мекендеп, қоныстанып, бірталай аялдап, ілгері жылжыған сыңайлы. Ол уақытта қазақ халқы ата кәсібі төрт түлік малына жайлы қоныс, шұрайлы жер, мол су көзін іздеуді басты мақсат еткен.
Есек батыр аңшылықты кәсіп етіп, ел қоныстандыратын қолайлы жер іздеп, Маңғыстауға маңдай тірепті. Бес қаруын асынған аңшының сыры белгілі, қауіп-қатер де бар. Елсізде келе жатса, көзіне бір із түседі. Бір қарасаң түйенің жарты табанына ұқсайды, бірақ одан гөрі үлкендеу. Адамның ізі деуге өкшесі жоқ. «Бұл қандай мақұлық болды екен, ненің ізі екен?» деп таңғалады. Кейбір аңыздарда «Есек мерген әлгі ізге түсіп, жаяулап, үш күн жүрген екен» десе, бір деректерде «Есек мерген атпен жүрген екен» деп те айтылады. Бұл із кейде ерсілі-қарсылы жүріп, қоян-шоқыраққа салып, көбейіп, адастырып жібереді де кейде жалғыз аяқ ізге айналады. «Апырым-ай, адам ізі мұндай болмаушы еді ғой» деп аң-таң болған мерген «Жын ба, пері ме?» деп ойға қалады. Таутайлақ, жезтырнақ деген тажалдардың бар екені де құлағына шалынған.
Ол кезде қазіргідей ел көп емес. Әлгі жалғыз аяқ із бірталай жүргеннен кейін тағы ерсілі-қарсылы, оңды-солды жүріп, қайда, қай бағытқа жүруін білмей адастырып кететін тәрізді. Мерген іздің шетін таппай адасып жүргенде үш күннің қалай өткенін білмей қалады. Әлгі іздердің кейде жалғыз, кейде көбейіп кететіні бұл сол елдің батысы мен шығысы, оңтүстігі мен солтүстігінің тоғысатын кездесулері екен.
Тынымсыз, мігірсіз ат үстінде жүретін жаугершілік заманы. Әр елдің өз тыңшысы, барлаушысы бар. Неше күндік жерден келіп, кездесетіндерін, елдің шетіне кім келді, кім қалай кетті, соның бәрін ханға жеткізіліп отырады. Есек мергеннің келе жатқаны, оның қимыл-әрекеттері тыңшылар арқылы ханға жетіпті.
Батыр ел шетіне жетіп, «Ассалаумағалейкүм» деп бір үйге түсіп, жөн сұраса, сәлеміне жауап берген олар өздерін «Жәуміттерміз»,- дейді. «Ал сіз кім боласыз?» деп Есек мергеннен сұрағанда батыр: «Аң аулап жүрген аңшы едім, адасып, кетіп, осында келдім» деп жауап береді. Жәуміттер батырдың атын байлап, қанжығасына өңгерген аңдарының етін үйге әкеліп, қонақ қылады. Есек батыр көпті көрген, әңгіменің хас шебері, жәуміттермен ортақ әңгіме айтып, ел-жұрттың жәйін сөз етеді. Батырды қошаметтеп қарсы алған ханның уәзірлерінің бірі Сапарқылыш сардар екен. «Үйге мейман келді» деп жәуміттің ханы Атахан-Сейітті үйіне шақырыпты.
Есек мерген орнынан тұрып, «Ассалаумағалейкүм» деп кішіпейілдік танытып, ханның қолын алады. Аман-түгел алысқан соң хан: «Өзің бір ер тұлғалы азамат екенсің, жалғыз жүргеніңе қарағанда мінезің қайсар, қас батырға ұқсайсың. Қандай мақсатпен келдің, ауыл қайда, су қайда?» деп жөн сұрайды. «Біз Адай деген ел боламыз, ауыл Арқада, аңның қызығына түсіп, адасып, осында келіп қалған жәйіміз бар».
Әңгіме барысында Есек мерген ханға «Жеріңіз шұрайлы, шөбіңіз мырғам, шөккен түйе көрінбейді екен. Мен елімді ертіп, көшіп келсем, маған жер бересіңдер ме?» деп қолқа салады. «Олай болса, біздің сізден сұрайтын бұйым-шартымыз бар» дейді хан. «Айтыңыз»,- дейді батыр. «Осы Маңғыстауда жезтырнақ, таутайлақ деген тажал бар. Сен өзің аңшы, бес қаруың сай батыр болсаң, боларсың.Осы қос тажалдың көзін құртып, бізге басы мен қолын әкеліп берсең, қалауың болсын» депті. «Бұл тажал малға тиіп, малды қоймайды, адам шығыны да болып тұрады. «Бұның көзін құртамыз» деп қаншама батырларымыз мерт болды» деп болған оқиғадан хабардар етеді.
Әңгіменің деніне қаныққан батыр «Біздің ата-бабаларымыз да бір кезде бұл мекенді қоныс қыла алмай көшіп кеткен екен» деп сұраулы оймен көз тастайды ханға. Жәуміттер Есек мергеннің өр тұлғасына, ұзын бойлы, қақпақ жауырын, қайың мықтылығына қызыға қарап, «Таутайлақ пен жезтырнақтың көзін жоятын алып осы болар. Қос тажалдың түбіне жетіп, басы мен қолын алып келсе, сұраған жерін берерміз. Күні бітіп жатса, өзінен көрсін. Бұрынғы батырларымыздан артық болмас» деп ой түйеді.
«Қиянатшыл қос мақұлықтың көзін жойсам, жайылымы мол, құнарлы жер менің елімдікі болар, көршінің татулығын сақтап, қатар отырсақ, ырзығымыз кеми қоймас» деп мерген белін буып, жолға шығады. Жол бойында өсіп тұрған ағаштардың ішінен бір бөренені кесіп алып, «Мақұлықтар осы тұсқа келеді-ау» деген жерге ат басын тіреп, қамданып отырады. Тоқтаған жері көмкерілген тау, ағып жатқан мөлдір бұлақ, жағасында өскен көкмайса құрақ.
Жолда атып алған киіктің етін пісіріп, жеп отырған сәтінде қасына ұзын бойлы, алып денелі, үстіне ұзын шапан киген бір адам келіп, батырға қаарма-қарсы отырады. Екі қолын шапанының жеңіне жасырып, бетін көрсетпей бүркеп алған адамға Есек батыр таңдана қарап, секем алады. Мерген бейтаныс адамға сәлем беріп, жеп отырған тағамның шетінен береді. Киімінен қолын шығармай жеңінің ұшымен етті алып, бетін көрсетпей көлегейлеп, жеп бастайды. Есек мерген сөзге тартып: «Сіз тамақты қолыңызбен жемедіңіз бе?» дегенде, «Мен сұпымын, қолымды көрсетуге болмайды» деп жауап береді. Тамақтанып, ас қайырылған соң бейтаныс жан өз жөніне кетеді.Қонағының қимыл-әрекетінен күдіктенген Есек батыр «Аты-жөнін айтпайтын, бет-жүзін көрсетпейтін, қолын жеңіне тығып алған не қылған адам? Ел кезіп жүрген адам ба, басқа ма? Ашып ештеңе айтпайды, жүрісі күдікті екен» деп сантүрлі ойға қалады.
Батыр қайраттанып, шұғыл іске кіріседі. Өзінен екі есе ірі адамның қайтып оралса, оңдырмайтынын ойлайды. «Түрікпендер айтқан жезтырнақ осы болар» деп, өзінің бойымен бірдей емен ағашына киімін кигізіп, сауытын сыртынан кигізіп, адам пішіндес етіп қояды. Түн жарымы болған кезде манағы адам кейпіндегі тіршілік иесі тынақтарын шығарып, сауыттың сыртынан қос қолдап, қармайды. Емен ағашқа бойлай кірген тырнақтарын қапелімде шығара алмай ышқына айқайлап жатқанда Есек мерген де жетеді. Батыр асқан шапшаңдықпен мақұлықтың қос қолын қылышпен шауып тастайды. Жезтырнақ жандәрмен бақыра қашып, биік құздан құлап кетіпті. Қос қолды қоржынына салып алған мерген бұл арадан тезірек кетуге қам жасай бастаған сәтте алыстан күркіреген дауыс естіледі. Бұл келе жатқан жезтырнақтың жолдасы таутайлақ екен. Жезтырнақтың жаны қарқараға келіп, ышқынған дауысын естіп, осы жерге қарай бет алыпты. Есек мерген жүрісін тездетіп, тегістікке қарай қашады. Артынан қуған таутайлақ ұзын мойынды, төрт аяқты мақұлық. Ізінен өкшелеп жетіп қалған мақұлықты садақпен атса, оқ өтпейді, қылышпен шапса, қылышы тасқа тигендей шытынап, сынып кетеді. Қоржынындағы жезтырнақтың қолымен басынан ұрғанда барып, әлгі мақұлық сеспей қатады. Омақаса құлаған таутайлақтың басын кесіп алып, түрікпеннің ханына келеді. Жезтырнақтың қолы мен таутайлақтың басын көрген хан аң-таң болып, Есек батырдың ерлігіне бас иген екен. Жәуміттер келіскен уәдесінде тұрып, мергеннің сұраған жерін беріп, риза қылыпты.
Батыр елінен әлдеқандай жағдаймен келе алмай қалса, өзіне тиісті жері бар. «Жезтырнақтың қолын куәге таңба ретінде тартамыз, жеріңіз өзіңізде қалады» деп сендіріпті жәуміттер. Мерген «Бір үлкен шаруаны тындырдым-ау деп, еліне аман-есен барса, кеше ғана қалмақтар елін шауып, бар малын айдап кетіпті. Шұғыл түрде Тәңірберген батырға хабар жібереді. Ертеңіне қол бастап келген Тәңірберген қасына Есек мергенді ертіп, ізге түседі. Жем бойында Есек баһадүр қалмақтың батыры Тайланды өлтіріп, есесін қайтарып, дұшпанын бас көтерместей қылып қырып, елін шауып, жеңіспен оралады. «Бұдан былай бұл маңайдан іргелеріңді аулақ салыңдар» деп, қалмақтарды Арқаға қарай шығындыра қуып, қазына-байлықтарын олжалап, қарайған малы мен жесірін алып қайтыпты.
Адайларды Маңғыстау жеріне алғашқы қоныстандырған Есек мерген екен.
Артық Жолдасұлы, Ысқақ Нұрихановтың қолжазбасы бойынша дайындалды.