Тау тұлғалы Есек батыр

Қазақта «Кім бай болғысы келмейді, Құдайы құрамайды, кім батыр болғысы келмейді, жүрегі дауаламайды» деген аталы сөз бар. Ендеше батыр болу қарулы білектің күшімен жүректілік қатар келгенде ғана адам бойында пайда болатын ерекше қасиет. Қазақтың «Нағыз жүрек жұтқан батыр екен», «Жүрегінің жүні бар екен» деген сияқты теңеулермен ержүрек адамдарды суреттеуіне қарағанда батырлықтың жүректен бастау алатыны дәлелденген сияқты. «Адам баласының жүрегіне батырлық қалай орнайды?» деп ойласақ,отбасы-Отанына, ұлт-ұлысына, елі-жеріне деген махаббаттан туындайды екен. Бұл туралы айтылып та, жазылып та жүр. Еңселі ерлердің ұрыс майданында бірін-бірі қорғап, өмірден өкінішсіз өтіп кетуі де сол жүректегімұратты тілектің бір болуынан шығар. Бүгінгі ұрпақтың кеудесіндегі қызыл дүниеге деген тойымсыздықтан бір-біріне жасап жатқан қиянатын сезген, елім деп еңіреп өткен ерлер тынышсызданып жатқан шығар...
Маңғыстау – киелі топырақ. «Елім» деп туып, «елім» деп өмірден өткен ерлер бұрын да болған, қазір сирек болса да бар. Бүгінгі ұрпақтың мойнындағы парыз бен қарыз ел қорғаған, елі үшін, жері үшін өмір сүрген батырларымыздың есімін ұлықтап, тарих бетінде жаңғыртып, қайта сөйлету.
Маңғыстауға алғашқы шолғыншы болып келген ер Қосайдың ұрпағы, Есенқұлұлы Есек мерген атамыздың өмір-тарихын естіп өскен ұрпақпыз. Маңғыстауға қадам басып келгенде жезтырнақпен кездесіп, оны өлтіруі, таутайлақпен алысып, жеңіп шығып, тілін кесіп алуы біздің бала кезімізден үлкендердің аузында айтылып келе жатқан тарихи әңгіме. Ол кезде Маңғыстауды жайлаған Түрікмен Айладыр ағайындар екен. Түрікменнің көреген көз, абыз ақсақалы түсіндеелінің іргесі көтерілгенін көріп, ауылының еті тірі адамдарына ел қауіпсіздігін қадағалап, мұқият болуды тапсырады. Ертеңіне бір шолғыншысы «Ірі көлемді жалғыз жылқының ізіне түсіп едім, адамның ізіне айналып кетті, кезек-кезек алмасып отырды» деп айтып келсе, көпті көрген ақсақал «Онда бізге жиендігі бар Есек мерген келген болды, бұл келісі тегін емес» депті.
Көнеқұлақ қарттарымыздан қалған аңыз-әңгімеде Есек мерген атамызды бір жол сапарында алып бүркіттің аспанға көтеріп алып кететіні туралы айтылады. Ізім анамның аузынан естіген сол оқиғаны айтып берейін.
«Есек атамыз ен далада аң аулап, жер-дүниені шаршап келіп, ұйықтап жатады. Алып батырдың ұйқысының қандай күшті екенін кез келген қазақ біледі. Маңғыстауда кездесетін теңіз бүркіті мергенді алып ұшып, өз ұясына әкеліп тастайды. Есек мерген бабамыз ояна келсе, жоғарысы ұшпа құз, төмені тағы терең теңіз, әлемет бір үңгірде жатыр. Байқап қараса, қанаттанып қалған екі балапаны бар бүркіттің ұясы екен. «Бұның да себебі бар шығар» деп, әкелген аңдарының терісінен арқан есіп, қауға жасап, шақпағымен от тұтатып, аңның етін қақтап жеп, күнін көріп жата береді. Бір күні ұйықтап жатып, балапандардың қатты шыққан дауысынан оянып кетеді. «Неге шаңқылдап кетті?» деп қараса, төменнен жоғары өрмелеп, ұяға кіріп келе жатқан алып айдаһар жыланды көреді. Ойланып жатпай-ақ екі көздің арасын көздеп, тартып қалады. Айдаһардың шыңғырған даусы естіліп, төмен қарай құлдилай жөнеледі. Кезекті аңнан келген алып бүркіттің теңіздің жағасында сұлқ жатқан айдаһардың денесін көріп, қатты қуанғанын байқайды. Атамыз қарап жата бермей қанаты қатайған бала бүркіттердің аяғына арқанның бір шетін, өзінің беліне бір шетін байлап, ұшырып көреді. «Баршын бүркіт барлап ұшады, бала бүркіт шарлап ұшады» дегендей, бала бүркіттердің жерге қонар түрін көрмегесін бір арқанды қиып жібереді. Есек батырдай ерен тұлғаны көтере алмай екінші бала бүркіт те жерге түседі. Батыр екі бала бүркітті босатқан соң ана бүркіт балапандарын қасына алып, алғыс айтқандай батырдың айналасында ұшып жүріпті».
«Қыран бүркіт қолға үйреніп, адамға қызмет ететін қасиетті құс, балапандарын айдаһардан құтқару келсе, осы адамның қолынан келер» деп, мергенді әдейі таңдаған ғой» деп әкем Бисен анамның сөзін қостап қоятын.
Ресейдің тарихи деректерінде Тәуке ханның жасағында «Ишак мерген» деген атпен танымал алып батырдың болғаны айтылады. Ханның арнаулы құпия жасағын басқарған Есек мерген атамыздың ел қорғап, қазақ елін қалыптастыруда еткен еңбегі мен ерлігі әлі өз бағасын ала қойған жоқ. Осы орайда ақылман ағалар мен азаматтардың жасап жатқан еңбектеріне табыс, береке тілеймін. Маңғыстау батырларының ерлігін дәріптеген жыр дастанымның Есек бабамызға қатысты жерінен үзінді бере кетейін.

Маңғыстау батырлары

...Пір Бекет ерлерімнің ұраны еді,
«Біссіміллә» деп, бастайын жыр дастанды, Айып көрмең, ерлік айтып, үн қосқанды. Ер бабалар сыйлап кеткен ұрпағына, Бейбіт өмір, бүгінгі нұрлы аспанды. Қайран ерлер қасқайып, жерді қорғап, Мұз төсеніп, халқы үшін қар жастанды. Маңғыстау – жеті жұрттан қалған түбек,
Бірінен біріне ауып, алмасқанды.
Ер Шотан алпыс үйді, бастап келіп,
Бұл өлке, біздерге өтіп, жалғасқанды. Дұшпанымыз алмақ боп Маңғыстауды, Боз даланы сан мәрте шаң басқанды. Бірлігі бұзылмаған елді көріп,
Жауымыздың жігерін құм басқанды.
Ер Қармыс жетпіс бесте жауға шауып, Үлгісін ерлік істің мол қосқанды. Қармыстың кегін алған Төлеп батыр, Жауға шапса, алдына салмас жанды.
Ер Қонай, Шотан, Айбас, Арғынбайлар, Барақтан, Әбілхайыр кегін алып, Қадамын,ерлік істе бір басқанды. Әбілхайыр Кіші жүзге хан болғанда Билерімен кеңесіп, бір басқарды. Атағозы, Бердібек, Лабақ, Шабай, Дұшпанды сескендіріп сесіменен, Жарқылдатып өтулі алдаспанды. Бірінші Есек мерген барлау жасап, Жын-пері, айдаһармен арбасқанды.
Өлтіріп Жезтырнақ пен Таутайлақты,
Келуге Маңғыстауға жолды ашқанды.
Есек – мерген, еңселі, тау тұлғалы,
Мекен іздеп жан-жаққа, жырақ барған.
Жезтырнақпен кешқұрым кездескенде,
«Адам ба?»деп көңілде сұрақ қалған,
Түн ауа келетіндей күтіп жатты,
Мылтығын оқтап қойып, жарақтанған.
Түн жарымы жезтырнақ шеңгел салды,
Атып салып, екі қолын кесіп алды.
Ер Қосайдың ұрпағы әруақтанған,
Бір жерлерге келгенде таудай нәрсе,
Құлап келе жатады қыраттардан.
Таутайлақты алғашқы көрген кезде,
Таң қалып, нәндігіне қарап қалған.
Келе сала омыраулап,жайпап барад,
Тілі бар жарты құлаш салақтаған.
Жез тырнақты салды да тартып қалып,
Нән тілімен, көмейін бір ақтарған.
Өлтіріп, ұзын тілін кесіп алып,
Тұлғасына таң қалды,сұлап қалған.
Маңғыстауды байқады, аралады,
Ат суарып, Қаратау бұлақтардан.
«Атажұрт бізге қоныс болады» деп,
Жақсы ой, көкейіне құрап барған.
Түрікмендер нағашысы болғандықтан,
Тінейде Тәңірберген басшы болып, «Қоныс бер?»,- деп, жиендер сұрап барған.
Сол кездегі бабалардыңкөңілінде,
«Ел» деген жалғыз ғана мұрат болған.
Түрікменге ол кезде одақ керек,
Басты жауы басқыншы қалмақ болған.
Айладыр амалсыздан қоныс беріп,
Өздерін қалмақтардан қорғап қалған.
Қалмақтарды Шағанмен асырғасын,
Сейілханның өзін де ығыстырып,
Маңғыстауға Адайлар орнап қалған.
Батыр Бегей, Айтумыс, Сармыс, Жанақ,
Жарты қадақ жер бермей ерлеріміз,
Маңғыстау құтты қоныс, тұрақ болған...
Арғын БИСЕН, жыршы