Есек батыр ұрпақтары туралы
Әріде өтті ер Есек,
Таутайлақты мұны атқан,
Жезтырнақты құлатқан.
Қонысынан бостырып,
Түрікпен жұртын жылатқан.
Сәттіғұл Жанғабылұлы.

Есенғұлұлы Есек батырдың есімі тарихи деректерде қазақтар Сауран айналған заманда Адайларды Маңғыстауға бастап келушілердің бірі және бірегейі ретінде аталады. 1928 жылы Ленинградта Адай уезінің территориясындағы өсімдік-ботаникалық жұмыстарына КСРО Ғылым Академиясының 1926 жылы жүргізген зерттеуші отрядының есебі туралы жинақ басылып шыққан. Кітап Маңғыстауға қазақтардың алғаш келіп, қоныстануынан бастап баяндалады. Сол жинақта «Бұдан (яғни 1926 жылдан Ж.Ж.) 175 жыл бұрын мерген Есен Есенғұлов бастаған Байұлы балалары батыс Түркістанның Сауран деген жерінен шығып, батысқа қоныс іздеуге аттанған» деп көрсетіледі. Бұндағы Есен деп отырғаны шындығында Есек Есенқұлұлы, азан шақырып қойған аты «Есенберген екен» деп те әңгімелейді. Біз өткен әңгімемізде Есек батырдың туылуы мен оған Есек атының берілуі жөніндегі аңызды баяндап өткен өткенбіз. Бұл дерек те сондағы айтылудың онша емес шеткері емес деп білеміз.
«Ел Саураннан қозғалып, қоныс іздеушілер біршама жыл Арал теңізінің шығысында болғанннан кейін ауылдарын сол орында қалдырып, Аралдың терістік-батыс жағалауымен ілгерілеп, барлау жүргізген. Адай елінде айтылатын аңыздарда олар өздерін «Зеңгінің Алатауынан келгенбіз» дейді екен. Сөйтіп Маңғыстау топырағына аяғын алғаш басып, барлау жүргізген осы мерген Есек Есенғұлұлы бастаған қоныс іздеушілер болған.
Ол дәуірде негізінен түрікпендер қоныстанған Маңғыстау ойындағы жай-жағдайларды бағдарлап, білу қажеттігін түсінген елдің игі-жақсылары бұл мақсатқа арнайы адам жіберуді ұйғастырады. «Оны орындау сеніміне ылайықты» деп үлкендер Қосай батыр ұрпағы, ержүрек батыр, құралайды көзінен атқан мерген, айтулы аңшы болып қалыптасып қалған Есенқұлдың Есегін таңдайды. Есектің ерлігі мен батырлығы, жүрек жұтқан батылдығы жайындағы айтылатын аңызға татырлық әңгімелер де аз емес. Бірақ ол нақты өмірде болған адам, орыс саяхатшыларының күнделіктері мен жол жазбаларында Адай ұрпақтарын Маңғыстауға бастап келген жолбасшы батыр іретінде пайымдалады. Біздің жобалауымызша Есек батыр шамамен 1692 жылдары өмірге келіп, 1768 жылдары өмірден өткен деуге болады. «Жоғарыда айтылатын Сауран айналған заманда Есек батыр 30 жастардағы нағыз кемеліне келген дер шағында болған» деп айта аламыз.
Меңдалыұлы Алшын қарттың шежіресінде мынадай дерек бар. «Жем өзенінің құбыла жағында, Жемнен 50 шақырымдай жерде Адайлар жыйналып, Есек батырдың ауылында кеңеседі. Адай ақсақалдары Маңғыстау мен Үстірттің түрікпендер тастап кеткен қонысы мен су көздерін меншіктеуге көпшілік болып, сөз байласады. Ұлы кеңеске әр ұрудың әр атасынан өкілдер қатысады. Жарыдан Шотан батыр мен Үсен, Бәйімбеттен Төлеп, Арғынбай батырлар, Ескелдіден Жанұзақ, Жеменейден Бегеш батыр мен Сейіт би, Зорбайдан Таған, Бабықтан Әжібай, Шоңайдан Бекбауыл мен Құнан, тағы басқа белгілі адамдар бар...» дейді. Осы жыйын өткен жер кейіннен «Есекжал» деп аталғаны белгілі. «Біз осы жыйын шамамен 1768 жылы Есек батырдың дүниеден өтерінің алдында ғана болған-ау» деп пайымдаймыз. Адай ауылдарының Маңғыстауға келіп, қоныстануы 1770 жылдары жаппай сыйпат алған делінеді.
...Сонымен Есек мерген мылтығын, қазан-ошағын, барлық керек-жарағын қапшығына салып алып, елінің тапсырмасын орындау үшін жаяу жолға шығады. Бірнеше күн жол жүріп, Үстіртке келіпті. Дөңде құлан атып алып, етін асып, піскен етті қазанынан алып, жеп отырса, қасына бесеубет бір адам жақындап келіпті. Өзі үндемейді. Мерген оны асқа шақырса, келмейді. «Ұялып отырған болар» деп ойлаған Есек мерген піскен еттен ұсынса, алмайды, қолдарын жеңінен шығармайды. Сөйтіп біраз отырғаннан кейін ешқандай сес шығармастан орнынан тұрып кетіп қалады. Әлгінің қылығы мергенді еріксіз ойға жетелейді. Батыр «Адам пішіндес жезтырнақ деген хайуанат болады» деуші еді үлкендер. Мынау сол емес пе екен?» деп қауіп ойлап, сақтық шарасын алуға бекінеді. Тоғай ішінен бір кеспелтек томар ағаш әкеліп, томардың үстіне өзінің шапанын жабады да мылтығын оқтап алып, бір тасалау жерге барып, аңдып жатады. Түннің біраз уағы өткенде әлгі бейтаныс аяғын еппен басып келе жатқанын мерген байқап қалады. «Енді қайтер екен?» деп, демін ішінен алып, бақылай береді. Бейтаныс томарға жабулы шапанның қасына келеді де екі қолымен бас салады. Томар пытыр ете түседі. Сол кезде Есек дәлдеп сығалап, бейтанысты атып салады. Оқ тиген адам пішінді хайуан тұлабойды шымырлатардай сұсты дауыспен шыңғырып барып, құлап түседі. Сәл кідірген Есек қасына келіп, қараса, өліп қалыпты. Өлген мақұлықтың екі жеңін қанжарының ұшымен түртіп қараса, екі қолының тырнақтары сап-сары алтын сияқты екен. Әлгінің тырнақтарын ағаштан жазып шығарайын десе, иілікпейді. Сосын мерген екі қолды қызыл асықтан кесіп алып, тырнақтарды едәуір әлектеніп барып, ағаштан күшпен зорға ажыратып алады да қапшығына салады. «Енді қауіп жоқ қой» деп ойлаған мерген сол жерге жайланып, қонып шығады.
Ертеңіне ұйқысынан оянып тұрып, тамақтанып алғасын сапарын жалғастырады. Көп ұзамай таудың құлауына жақындап келе бергенде үлкендігі құнанша деуге келетін бір түйені көреді. Әлгі түйе де Есекті көріп қалып, мергенге тұра ұмтылады. Мерген одан қауіптеніп, тұра қашады. Қашып келе жатып, «Жақын маңда тығылып, жасырынар не көрінер екен?» деп қараса, анадай жердегі бір кереге тамды көреді. Батыр жалма- жан солай қарай жүгіреді. Өкшелей қуып келе жатқан түйенің бірте-бірте өзіне жақындап қалғанын сезеді. Әйтеуір абырой болғанда тамға түйеден бұрын жетіп, ішіне кіріп кетеді. Соңынан іле келген түйе тамның ішіне кіре алмай мойнын созып жіберіп, тілін салақтатып, іштегі мергенге жетуге аласұра әрекет жасайды. Мерген оның тілі жетпейтін бұрышқа барып тұрады да түйенің әрекетін бақылайды. Әлгі жануардың тілі тиген жері опырылып құлай береді. Есек мерген бұл түйе болмады, үлкендер айтушы еді, «Таутайлақ деген болады» деп, «Мынау сол таутайлақ болды-ау» деген ойға келеді де қапшығындағы жезтырнақтың қолы есіне түсіп кетеді, оны қапшықтан шығарып алып, таутайлақтың салақтаған тіліне дәлдеп сілтеп қалады. Жануардың тілі кесіліп түседі де өзі бақырып барып, тамның сыртында жерге құлаған дауысы естіледі. Біразырақ тұрып, жануардың демі бітіп, тіршілік белгісі байқалмағасын еппен тамнан басын шығарып қараса, жануар әлдеқашан өліп қалған екен. Тамнан шығып, өліп жатқан хайуанның тілін кесіп алып, оны да қапшығына салады. Бұл пәледен де аман құтылған мерген сапарын қайтадан жалғастырады. Бір жерлерге келгенде шаршағанын сезіп, бір ыңғайлы жерге кідіріп, тамақтанып алады да біраз жатып, тыныққысы келеді. Барлық құрал-сайман, қару-жарағын өн бойына тағынып алып, қапшығын басына жастанып, қыйсайып жатып қалса, ұйықтап кетеді. Жатқан жерінен бір нәрсе тік көтеріп алып, аспанға көтеріледі. Ұйқысы ашылып кеткен мерген өзін көтеріп, ұшып келе жатқан алып бүркітті көреді. Тыпырлап қарағанымен одан құтыла алмайды. Сосын «Не де болса, артын бағайын» деп ойлайды. Бүркіт бір таудың ұшпа бетіндегі аумағы алты қанат үйдің шамасындай кең үңгірге әкеліп тастайды. Бұл таудың қия бетіне қоныстанған бүркіттің ұясы болып шығады. Орнынан жайлап тұрған Есек үңгірдің ішін көзімен барлап қараса, үңгір ішінде аңдардың сүйектері мен терілері көп екен. Бір бұрышта жаңа қанаттанып келе жатқан бүркіттің екі балапаны отыр. Үңгірдің аузына келіп, төменге көз тастаса, бұл үңгір құзар шыңның басына салынған ұя екен. Төменде толқыны жарға соғылып, шалқыған көк теңіз. Бұл жер шамасы қазіргі Ащыбас-Айрақты деп аталатын Үстірттің Каспийге қараған беті болса керек. Үңгірден өз бетімен шығып кетудің мүмкіндігі жоқ екенін біле қойған мерген «Не де болса сабыр сақтап, әліптің артын бағу керек» деп шешеді. Үңгірдің бір бұрышына келіп жайғасып, бойындағы қару-жарақтарын түгендеп қараса, әйтеуір бәрі түгел екен. Қапшығындағы қалған тамақтан ауқаттанып алады да сергектеу жатып демалады. Ұйықтап кеткен екен, мерген суыл дыбыстан оянады. Көзін ашып қараса, мана өзін үңгірге әкеліп тастаған алып бүркіт үңгірдің аузына келіп, бір арқарды тастайды да қайтадан ұшып кетеді. Оның ұзап кеткенін сезген мерген орнынан тұрып, барып арқарды бауыздап, сойып, ішек-қарындарын балапандардың алдына тастайды. Өзі еттің шетінен кесіп алады да балапандарға жайлап кесіп беріп, олардың тамақтанғанына қарап отырып: «Осы екі балапан ұшатын кез жақындап қалған сияқты. Мен осылар ұядан ұшып шыққанда осылардың көмегімен үңгірден шығып, құтылмасам болмас» деген ойға келеді. Үңгір ішіндегі шөп-шаламдарды жыйнастырып, шақпағымен от тұтандырып, от жағады да кесіп алған жас еттің шетінен ұстап, жалынға қақтап пісіріп, шалалау піскен кезде жеп, тамақтанады. Балапандары ұядан ұшып кеткенше бүркіт әкелген аңның етімен аштан өлмесін біліп, енді үңгірден шығудың қамына кіріседі. Аң терілерін қолымен тартып, байқап, мықты жерлерінен кездігімен таспа тіледі. Таспаларды бір-біріне жалғап, екі ұзын арқан дайындайды. Балапандарды ептеп ұстап, қолға үйретіп, өзіне үйір қылғанша біраз әуреленуге тура келеді. Балапан бүркіттер біраз күннен кейін Есекке бойларын үйретіп, онша үрікпейтін болып тыныштанады. Мерген үңгір ішінде біраз күн өткізеді. Балапандарға екі бүркіт кезекпен аң ұстап әкеліп тастайды. Бұлардың балапандардың ата-анасы екенін біледі де жақын күндерде балапандардың ұяны тастап шығар сәтінің жақындап қалғанын сезе түседі. Сондықтан қамсыз қалғысы келмеген мерген өзі дайындаған қайыс арқанның бір ұшын беліне байлап, екінші ұшын балапандардың аяғына байлап, екі балапанның ұяны тастап шығар сәтін тағатсыздана күтумен болады. Бір күні мерген екі бүркіттің бір мезгілде үңгір аузынан айналып ұшқанын аңдап қалады. Бұрын бұлар үңгірге бір уақытта келмей, жеке-жеке келіп, әкелген аңдарын тастап кетіп жүретін. Бұл өзгерісті «Балапандардың ұядан ұшар кезі келген болар» деп жоспалдаған мерген жайымен үңгір ішіндегі балапандардың қыймылдарын бақылайды. Екі балапан қанаттарын қомдап, үңгірдің ауызына қарай келеді. Мерген де беліне және балапандардың аяқтарына байланған арқанның шатысып қалмауын, бір нәрсеге ілінбеуін қамдап, өзі де үңгір аузына қарай жақындайды. Біраз уақыттан кейін екі бүркіт тағы да ұяның аузына шүйіліп келеді де кейін тоқтап, кейін толқып, қайтадан көзден таса болады. Екі балапан да үңгір аузына жақындап, ұшарға дайындалады. Бірақ екі бүркіт үңгір аузынан айналып, бірнеше рет ұшады да ұзап кете қоймайды. Олардың тарапынан бұрын байқалмаған әлденеге мазасызданған әрекетке таңғалған мерген «Бұлардың мұнысы несі, балапандар неге ұшпайды?» деп ойлап, үңгір аузынан төмен қараса, төменгі жақта ұяға қарай жорғалап жақындап қалған, екі көзі үлкен зерең тостақандай айдаһар жыланды көреді. Бүркіттердің мазасыздануын енді түсінген Есек мылтығын алып, оқтайды да: «Иә, сәт, бұл бүркіттер мына айдаһар балапандарын жейтін болғасын ақылды жануар менен көмек болар ма?» деп үңгірге әкелген болды-ау. «Не де болса балапандарды айдаһардың аузынан құтқарайын» деп ой түйеді де үңгірдің ауыз жағына оңтайланып отырады. Оғы барлық қуатымен тиетін жерге айдаһар жылжып келгенде екі көзінің ортасынан дәлдеп атады. Оқ дәл тиіп, айдаһар тау бауырайынан төмен қарай құлайды. Біраз уақыт өткенде барып айдаһардың суға құлаған дыбысы мергеннің құлағына шалынады. Екі бүркіт тағы бір айналып, үңгір аузына тақалып ұшып өтеді де көрінбей кетеді. Балапан бүркіттер үңгірдің түбіне қарай кейін серпіледі. Бұл жолы олардың ұшпайтынын сезген мерген де өз орнына барады. Арада біраз күн өткесін екі бүркіт тағы да жұбымен келіп, ұяның алдынан бірнеше рет ойқастап ұшып өтеді. Екі балапан ұяның аузына жақындайды. Олармен бірге Есек те үңгір аузына тақалады. Өзінің қару-жарақ, құралдарын түгелдей мойнына мықтап байлайды. Екі бүрікт тағы бір ойқастап өткен кезде екі балапан да қанаттарын бірдей қомдап, тұяқтарымен тасты тебе жоғары ұмтыла көтеріледі. Екеуінің аяқтарына мықтап байланған арқанмен белін байлаған Есек те шамасы келгенше салмағын түсіргісі келмей жоғары талпына береді. Үңгір аузынан екпінімен көтерілген екі балапан Есектің салмағымен төмен қарай сырғи ұшып келе жатқанда екі жағынан екі бүркіт жанай ұшып, жоғары көтеріледі. Сол кезде екі балапан да бір нәрседен күш алғандай жоғары қарай серпіліп ұшады. Есек мерген төменге көз жіберсе, шалқыған теңіз жағасы онша қашық емес, енді сәл шыдаса, қара жерге жетіп қалатынын аңғарады. Балапандардың қанаты талып, тағы да төмендеп ұшып келе жатқанда екі алып бүркіт оларды қолтығынан көтеріп, демегендей екі қапталынан жанай ұшып, көкке қарай көтерілсе, балапандар да ышқына көтеріліп, осылайша бірнеше рет қайталай ақыры қара жерге ілінеді. Енді Есек балапандардың қанаты әлсіреп, неғұрлым жерге төмендеп, жақындаған сәтін күтіп, кездігін қолына алып, дайын ұстайды. Қанаттары әлсіреп, жерге қарай төмендеп келе жатқан балапандардың аналары тағы да қайырылып ұшып келе жатқанын байқаған Есек «Енді жерден тағы да алыстап кетермін» деп ойлап, екі балапанның аяқтарына байланған қайыстарды жылдам қыйып жіберіп, өзі төмен қарай зымырайды. Жерден онша көп биік те емес екен. Мерген топ етіп, жерге түскенін сезіп, жәйімен көзін ашып қараса, өзінің салмағын көтере алмай талықсып, әлсіреген екі балапан салмақтан құтылғасын аналарымен қосылып, жоғарылап ұшып барады екен. Өзі жәйлап орнынан тұрады. Әйтеуір сынып, мертіккен жері жоқ сияқты. Есек жол қамына кіріседі.
Маңғыстаудың ойын шарлап жүрген Есек бірде атқан құланы құламай бір аяғын сылти басып, қырдан асып кеткенін көреді. Қайта атайын десе, оғы жоқ екен. Мерген амалсыз әлгі құланның артынан ереді. Бір қыраттан асса, алдыңғы жағында қаз-қатар тігілген ақ үйлерді көреді. Ауыл шетіндегі киіз үйдің қасында құлан үйірі тұр екен. Әлгі өзі атқан жаралы құлан осы топқа келіп, қосылғанын байқайды. Үйден бір адам шығып, құланның жарасын қарайды. Үйге жақындаған Есек әлгі адамның «Есек мерген атқан» деген сөзін құлағы шалып қалады. Мерген бір үйге келіп, бас сұқса, үйде жалғыз отырған қызды көреді. Қыз ай десе, аузы, күн десе, көзі бар сұлу жан екен. Құштарлық бойын билеген Есек қызды бас салып, құшақтай алады. Қыз ойбайлап, айқай салады. Оның даусын естіп, сырттан ішке кіргендер Есекті байқамайды. Қызды ұстап көріп, біріне бірі: «Бұған адамзаттың қолы тиген екен, бақсыны шақыру керек» деседі. Есек олардың перілер екенін біле қояды. Бақсы келіп, қызды шапалақпен ұрады. Бақсының қолы қызға жетпей Есектің бетіне тие береді. Шапалақ тиген сайын оның қолы жазыла бергендей болады. Қыз айқайын қойғасын Есек қайта ұмтылып, қызды құшағына қапсыра бауырына икемдейді. Қыз қайтадан айқайға басады. Бетіне тиген шаплақтан әбден есеңгіреген Есектің көз алдына ақбоз ат елестейді. «Таяқ жегенше мына атқа мініп, қашайын» деп атқа мінеді. Бір жерлерге келіп, аттан түсіп, оны қасына тұсап, бекітіп, қояды да өзі ұйықтап кетеді. Біраздан кейін қараса, қасында аты жоқ, өзі қу басты құшақтап жатыр екен. Есек тап болған ауыл перілердің ауылы екен. Олар құландарды сауып, сүтін ішіп, күнелтеді екен. «Есек құшақтаған қызға оның құшағы ауру болып жабысып, перінің бақсысы ауруды қу басқа көшірген екен»,- дейді. Сол ақ бас Есектің көзіне ақбоз ат болып елестепті.
Есектің ерлігі туралы аңыздарды тудырған халық оның атын талай жырға да қосқан. Ел аузында:
«...Есенғұлдың Есегі,
Ерліктің жоқ-ты есебі.
Таутайлақ пен жезтырнақ,
Екеуін қатар ұстаған,
Ер Есек емес пе кешегі?» деген жыр жолдары бүгінге дейін айтылып келеді.
Маңғыстаудың ойын түгел кезіп, аралаған Есек елінің тапсырмасын орындап, ауылына қайтып оралады. Аз ауыл оның хабарына сусап, үмітпен күтіп отырған еді. Мерген ойдағы елдің шаруаны құлықтап, өздеріндей мал баққан түрікпендер екенін, Маңғыстаудың ойына құлар жол соқпақтың жоспалын да анықтағанын айтады. Осы тұста Маңғыстаудағы түрікпен елі арасында абыр-сабыр әңгімелер желдей есіп жатқан-ды. «Бесеубет пайда болған аңшы бейнебір алып дәу екен. Іздерінің өзі ғажайып үлкен көрінеді. Қарсыласын жайпап тастар құдіреттің өзі болмаса нетті?» деген алып-қашпа сөздер ауыл арасын кеулеп кетеді. Түрікпеннің сол тұстағы алыбы Ерсарыға келіп, естіген әңгімесін айтып, кеңес сұрайды. Сонда Ерсары: «Уа, халқым, сендер мені де Жаратқан Ием мол пішіпті» дейтін едіңдер. Мына аңшының жөні тым бөлек пе деп қалдым. Бір жерден алып адамның ізін өзім де көрдім. Асылы елімізге отырған мекенінен аударар құбыжық киліккен сияқты. Түр-тұлғасын көрмей-ақ жүрегім шайлығып отыр. Ендігі жерде өзгелер өздері білер, ал мен өзіме қарасты әулетіммен бұл арадан ығыстай көшуге бекіндім» депті. Өздері Құдайындай сенген, қамқоры санап жүрген батырының мына сөзін естіген елі тұнжырап, үн-түнсіз тарасыпты.
Батысқа қарай қоныс іздеп, жылжыған қазақтар аз ауыл Жем өзініне тақалып келген шақта өзеннің батыс беті қалың қалмақ екен. Бірнеше жылдан бері босып көшкен, соғыс зардабын көріп, шаршап-шалдыққан ел арыған, көліктері белін жазып, тыныш, бейбіт өмір сүретін жер іздеп, келе жатады. «Бой жазып алайық» деп, Жемнің күншығыс бетіне қоныс тебеді. «Бейбіт, тату көрші болайық» деп қалмақ ауылдарымен хабарласса, олар «Аман-сау күндеріңде келген іздеріңмен кейін қайтыңдар»,- дейді. Сонда да болса, аз-кем күн тынығу үшін қазақтар малдарын Жемнен түн мезгілінде суарып, сол маңда отыра беріпті. Қанша дегенмен ата жауы қалмақтан қауіп ойлаған Есек батыр бір биік қара жалдың басына шығып, күнде қарауыл қарап тұрады екен. Бір күні атын бекітіп, тұсап тастайды да өзі қыйсайып жаста, ұйықтап кетеді. Қанша ұйықтағанын кім білсін, бір кезде оянып кетіп, жан-жағына қараса, аты көрінбейді. Аттың ізіне түсіп келе жатса, аты бір бұлақтың басында су ішіп, жусап тұр екен. Атына мініп, ауылына қарай келе жатса, өзеннің батыс бетінде бір қара көрінеді. Қозғалады, бірақ ұзап кетпейді. «Мүмкін сол бетке шығып кеткен біздің ауылдың малы шығар, елге айдап апарайын» деген оймен қарайғанға жақындап келсе, қарала арғымақ ат арқандаулы жайылып жүр. Ер-тоқымы қасында жатыр. «Бұның иесі қайда болғаны?» деп іздеп жүрсе, бір жарқабақтың ішінде бес қаруы қасында, алып тұлғалы біреу дөңкиіп жатыр. «Е-е...қалмақтың Домбауыл деген батыры бар деуші еді, бұл сол болды-ау» деп ойлаған Есек қынынан қылышын шығарып тұрып, тағы да «Қой қазақ болса, өзіміз қалмақтардан қорлық көріп жүріп, өз батырымызды абайламай өлтіріп алсам, орны толмас өкініш болар. Одан да оятып, байқайын» деп ойлайды да ұйықтап жатқан адамды ат үстінде тұрып, найзасының ұшымен түртіп оятады. Жерде жатқан батыр зорға дегенде көзін ашады. «Әй, сен кімсің, атың кім?» дейді Есек. «Қалмақпын, атым Домбауыл батыр болады». Өзің кімсің?» деп қайта сұрайды. «Мен қазақпын, атым Есек» деп жауап береді.
Екеуі де бірін-бірі сырттай жақсы біледі екен. Жөн сұрасып, біліскеннен кейін қылыштарын қындарынан суыра біріне бірі ұмтылады. Екеуі де алып, екеуінің де атақ-даңқы қазақ-қалмақ даласына түгел жайылған. Жарауы келіскен айғыр нардай тістерін шықырлата қайрап, елсіз даланы бастарына көтере ақырып, айқаса кетеді. Қылыштар бір-біріне соғылып, арасынан жарқылдап от шығады. Қаһарына мінген, шегіну дегенді ойларына алып та көрмеген қос батыр өліспей, беріспес сыңайда. Қылыштарын аяусыз сілтегендерімен ештеңе шығара алмағасын олай- былай лақтырысып, енді өзара жағаласқа көшеді. Қанша алысқандарын кім білсін, бір кезде Домбауылды ат үстінен көтеріп алып, жерге ұрған Есек жауын найзамен шаншып өлтіреді. Домбауылдың бес қаруын, арғымақ атын ер-тұрманымен олжалаған Есек ауылға келеді. Ауыл адамдары Домбауылды өлтіргенін естіп, бүкіл қалмақты қырғандай қуанысады. Домбауыл өлгеннен кейін жетінші күн дегенде Адайлар Тайлан хан бастаған қарақұрым қалмақ қолының өздеріне қарай бағыттап келе жатқанын көреді. Арада соғыс боларын біліп, үлкен айқасқа әзір отырған қазақтар да бес қарулары бойларында тегіс атқа қонады. Бір-біріне қарсы келе жатқан екі бет дауыс еркін жетер жерге келіп тоқтайды. Тайлан хан «Жекпе-жек» деп айқайлап, алға шығады. Есек батыр да «Ер Қосайлап» дара шығады. Екі батыр найзаларын оңтайлап, ұстай бір-біріне қарсы шабады. «Әп» дегенде Тайланның найзасын тез қағып жіберіп, өзін көз ілеспес жылдамдықпен найзамен шаншып, Есек батыр ханды ат үстінен теңкитіп, аударып тастайды. Енді екі беттің сарбаздары араласқан қанды айқас басталады. Біраздан кейін саны көп те болса, ханынан айырылған қалмақтар қазақтардың тегеуіріне шыдай алмай біртіндеп ұрыс даласын тастай қаша бастайды. «Қашқан жауға қатын ер» дегендей, қазақ сарбаздары ата жауын өкшелей қуады. «Осы жолы Есек пен Шотан батырлар бастаған Адай сарбаздары саны көп қалмақтарды Жайық өзенінен әрі өткізіп жіберген екен» дейді.
Өткен тарихымыздың куәлігіндей, Есек батырдың қарауыл қарап тұратын биік қара төбесі «Есекжал» атанып, батырдың Сарықасқа тұлпары су ішкен бұлақ «Сарықасқа» делініп, бұлақ суалғанда бұлақ бойынан үш жерден құдық қазылып, оларға Бас Сарқа, Орта Сарқа, Аяқ Сарқа деп ат қойылған. Домауыл батыр өлген құмақ «Домбауыл құмақ», Тайлан хан өлтірілген жер «Тайлан» деп аталып кетіпті.
Тағы бір аңыз былай деп баяндалады. Кешегі үш ананың ұрпағы – қазақтар қалмақтан ығысып, Қаратаудың бойынан батысқа қарай көшкенде көшті бастап жүрген белді батырлардың бірі осы Есек болды. Көшкен ел араға бірнеше ондаған жылдар салып, жаңа қонысқа жетеді. Бұл қонысты әуелі «Аға баласы» деп, Әлімдерге, сосын Жеті руға, Байұлының басқа балаларына бөле-бөле келгенде Байұлының ең кенжесі Адайдың жартысына жер жетпей қалады. Жер тимей қалғандарға «Анау түрікпендер мекендеп отырған Маңғыстауға барыңдар. Түбі бір туысқан ел ғой, қоныс берер. Сонда барып орналасыңдар» депті. Содан Сарықасқа, Тайлан, Есекжалдан әрі қарай Маңғыстаудың ойына келіп, Адайлар түрікпендермен қоныстас болады.
Түрікпендер бұрыннан Маңғыстауға орнығып отырған бай ел, қарулары да көп, қалмақтармен де көп соғыспаған, соққыға көп ұшырамаған, «Сегіз арыс Сейілхан» деп аталатын тұтас ел екен. Жыйын-тойларға келген қазақтармен бастары құралып, ат шаптырып, палуан күрестіреді, ойын-сауық құрады. Аралас-қоралас дегендей, бастапқы кездері өз ара тыныш, ағайын-тумалас болып, тату-тәтті көршілікпен тұрып жатады. Сол кезеңде түрікпендер ауылында «Алыпжет» дейтін әйгілі жүйрік тұлпар болады. Қазақ ауылдарында оған жететін жүйрік табыла қоймайды. Келе-келе жыйын- тойларда ат бәйгесінен бірінші орынды шаппай алатын болады. Алыпжеттің шаппай бәйге алуы қазақтардың намысына тиеді, бірақ онымен шабыстырып, шендестіретін қылқұйрық табылмайды. Осыған намыстанған Есек батыр «Қыдыр көрген бай еді ғой. Соның жер қайысқан қалың жылқысының ішінен Алыпжетке жететін бір қылқұйрық қалайша табылмайды?» деп, бір күндері Жем бойын жайлап отырған Ескелді Саназар байдың ауылына келеді. Ауыл құшақ жая қарсы алады. Бай: «Есек батыр келді ғой, бір қысырдың тайын әкеліп, сойыңдар. Қонағасын дұрыстап берейік» деп, ауылдың бір жігітін өрістегі жылқыға жібереді. Бір азырақтан кейін далаға шыққан Есек қонағасыға деп жабағы жүні қатып қалған бір құла тайды байлап қойғанын көзі шалады. Даладан үйге келіп, батыр үйдің иесі, бай ағасына: «Сәке-ау, сен жігіттеріңе «Қысырдың тайын әкелің» деп жатқан сияқты едің. Жұмсаған адамың үстінен жабағы жүні түспеген жетім тай әкеліпті ғой. Еркегі аттың үзеңгісінен келетін сайын далада еркін жайылса да оңала алмаған бірдеңе ғой сойғалы отырғаның» деп әзілдепті. Сонда Саназар бай: «Ой, шырағым-ай, ол қысырдың тайы ғой. Туғаннан бері жылдан асты, бірақ енесінің сүті мен шөптен басқа бір қасық су ішпегесін ол қайтсін? Су көрмей, шөп жеп, енесін түртінтіп күн көріп жүрген ол тайда не сын бар? Ол шөпке, сүтке кенде емес, шөлден қаталап, жабағы жүні қатып қалған ғой. Біздің малдарымыздың бәрінің жәйі осы. Мына Жемге таңертең келген жылқыны Шаған деген қалмақтың ханы Жемнің екі бетіне 10-15 аттылы адамдарын қойып, қазақтардың малын қуалап, суға жолатпайды. Қазақтардың осы маңдағы малының көрген күні осы. Құдықтан суарып, осынша жылқыны суға қандыра алмайсың. Шағаннан-ақ өлетін болдық»,-дейді. «Жылқының көптігі сондай таңертең Жемге құлаған жылқының арты кешке дейін толастамайды. Тек айыбы шөл», -деп бай шарасыз күрсінеді. Сонда Есек отырып: «Бұл не қылған қалмақ сонша? Біз сонау жақтан да қалмақтардың талайын құртқан жоқпыз ба? Шағаннан қорқып, Жемнен жылқыны суара алмай отығандарың қалай?» деп, намыстана сөйлейді. Қонағасы үстінде Саназар бай Есекке: «Шырағым, Есек бала, сонау Маңғыстаудың ойынан жәй жүрмеген боларсың. Ағаңнан қандай бұйым, қолқаң бар? Ондайларың болса, іркілмей айтып отыр»,- деп сұрайды. Сонда батыр түрікпеннің жүйрігі Алыпжеттің жәйін айтып, «Соған жетер ат болар ма екен?» деп, жүрген жүрісін баяндайды. Саназар бай отырып: «Ой, Есекжан-ай, «Ат баласын алдыма салдырмаспын» дейтін бір ат бар еді. Қазір анық айта алмаймын, осы екі-үш жылдықта қатты боран соғып, сонда біраз жылқылар боранға ығып, теңізге түсіп кетті. Сеңсең тоным мен байпағымды киіп алып, «Ең болмаса ыққан жылқымды соңғы рет көріп қалайыншы» деп қажарлы айғырға мініп алып, ыққан жылқылардың қапталымен мен де ердім. Таңертең ыққан жылқылар түйдек-түйдегімен көшке дейін ықты. Ең соңында Торықасқа құлан қалып қойды. Егер сол құнан болса, қазір бесті ат болар еді, анық біле алмадым. Сондағы оның қайратын айтайын, әлгі Торықасқа жылқылардың артынан қуып барады да қайтадан шауып келіп, ысқырған желге қасқая қарсы тұрып алады. Әрі-бері тұрғасын кісінеп жібереді де жылқылардың соңынан қайта салады. Егер сол Торықасқа бар болса, оның бабын келістіріп, таба алсаңдар, оның алдына түсетін қылқұйрық табылмас еді-ау, оған менің ешқандай күмәнім жоқ. Ертең жылқылардың ішін аралап, соны іздеп, қарайық»,- дейді. Ертеңіне Есек батыр бойына бес қаруын асынып, қасына жолдастарын ертіп алып, Жемге келсе, оншақты қалмақ суға келген қазақ ауылдарының малын суға маңайлатпай шығындыра қуып жүр екен. Есек қалмақтарды аттарынан қағып құлатып, қолдарын артына байлап, таңып тастайды да: «Шағандарыңа айта барыңдар, ендігі жерде суға келген малдарды қуғанын қойсын, жер бетіндегі қыбырлаған адам баласына жер ортақ, су ортақ, ауа ортақ, бәрі-бәрі Алланың пенделеріне сыйлаған ырзығы. Егер бұл әрекетін қоймаса, жанының барында Жем бойынан көшіп кетсін. Айтқанды қылмаса, өзіне жақсы болмайды. Сендерден де көп қалмақты қойдай көгендеп, қырғанбыз. Бытыратып, қуатынбыз. Жақсылықпен көшпесе, еріксіз көшіремін. Менің атым Есек болады, естіген боларсыңдар. Соны айтып барыңдар да тез Жем бойынан көшіңдер» деп қалмақтың аттарын сауырына қамшымен ұрып, қоя береді. «Көп ұзамай-ақ Шаған бастаған қалмақтар Жемді тастап, ысырыла көшіп, Аштарханның қолтығына барып, паналапты» дейді үлкендер.
Қалмақтарды өз аттарына өңгеріп жіберген Есек енді «Санекеменің жылқылары қанша су ішер екен, соны байқап көрелік. Біреуің ұзын сырықты ұстап барып, сырықтың судың тереңірек шығып тұрған деңгейін белгілеңдер де жылқыларды суға жіберің» депті. Содан Саназардың жылқылары кешке қарай су ішіп болып шыққанда сырықтың әуелгі белгіленген жерінен үш тұтам төмен түсіп, өзен суы ортайып қалған екен» деп әңгімеленеді.
Бұлар енді түндегі әңгімеленген Торықасқа атты іздеп, жылқы ішін аралайды. Іздестіріп жүріп, оны тауып алады. Торықасқа бестіні ұстап, жетегіне алып, Есек батыр Маңғыстауға қайта оралады. Көп ұзамай Маңғыстауда бір ас па, той ма, әйтеуір бір үлкен жыйын өтетін болады. Түрікпендер де, қазақтар да жаратқан аттарын бәйгеге қосып, бақтарын сынауға әкеледі. Бұдан алдын ала хабары бар Есек батыр да Торықасқаны қапысыз жаратып, атқа шабатын бәйге баласымен сол жиынға келеді. Екі елдің үлкен жиынын басқаратын түрікпен де: «Сірә Алыпжетке жетер аттарың жоқ қой, бәйге аттарыңды екінші бәйгеге әзірлеңдер» деседі. Сонда Есектің Торықасқаның Адайлар жағы: «Жоқ, ағайын, бұл жолы Алыпжет бәйгені шауып алады. Онымен жарысар, тіпті жолға тастар атымыз бар, сондықтан бәйгені дұрыстап өткізесіңдер» дейді. Түрікпендер амалсыздан аламан бәйгесін өткізуге, Алыпжетті бәйгеге қосуға көнеді. Аттарды алыс қашықтықтан жіберуге ұйғарысады. Есек жиынға Торықасқа атын тұқайына дейін тұмшалап жауып, тек қана көзі, құлақтарын көрсетіп әкелген екен. Атқа шабатын 6-7 жастағы бәйге баласына қатаң тапсырма беріп қояды. «Қасыңа өзің шамалас 4-5 бала әкелемін, солармен топай (асық) ойнаған болып, Торықасқаның қасынан бір елі ұзамайсың. Түрікпен сыншылары келіп, бәйгеге қосылатын аттарды қарап, сынайды. Олар Торықасқаның қасына жақындағанда сендер топай ойнаған боласыңдар, бірдеңе сұраса, «Біз білмейміз, топай ойнап жүрміз» деңдер, бірақ олардың өз ара айтқан сөздерін түгелдей жадтарыңа түйіп алып, артынан маған айтатын боласыңдар» деп тапсырған-ды.