Түрікпен сыншысы қасындағы адамдарымен бәйгеге қосылатын аттарды жағалай көріп келе жатып, Торықасқа бестінің қасына келеді. Аттың алды-артына шығып, қарап тұрып, сыншы қасындағыларға: «Мына Адайлардың тұлпарының: «Жауырынымның астындағы тостағандай жерінің желін ала алмады ғой. Сол түйіншекті алар болса, шіркін!» деп, екі көзінен моншақтап төгілген жасты қараңдаршы» дейді де балалармен ісі болмай әрі қарай бәйге аттарын аралап, көруге кете береді. Бәйге бала сыншының сол сөзін Есек батырға жеткізеді. Түнімен ұйықтамастан Есек әлгі желді шығарып, алдырыпты. Таң атысымен ішінде Алыпжет те, Торықасқа бесті де бар, аламан бәйгенің аттарын айдап әкетеді. Бәйге жолына 7 жерден көтерме қоятындай қашықтан жібереді. Түп көтермеге келіп, Торықасқаға қарақшыны үш айналып, қыдыртып жүргенде Алыпжет те жетеді. Түрікпендер шулап жылап, ішінде тентектеу біреуі: «Енді Адайлар бізге бәйге бермейтін болды. Біреуің барып, Торықасқаның басын шабыңдар» дейді. Бір түрікпен барып, қыдыртып жүрген Торықасқаның басын шауып тастайды. Адайлар өре түрегеліп, біреуі барып, Алыпжеттің басын шабады. Жиынның арты төбелеске ұласып, екі елдің алжасуының басы осы екі арғымақтың қасақана өлтірілуінен басталыпты. Бұның арты ұзақ уақыт бойы қақтығыстардың, кейін түрікпендердің Маңғыстауды тастап көшуіне соғыпты.
Есек батырдың есімі талай-талай ақын-жырауларымыздың ерлік дастандарына өзек болды. Сәттіғұл Жанғабылұлының өлеңінде мынадай жолдар бар:
«...Алты арыс Қосай болғанда,
Байбол еді сауыры,
Әруаққа артық ауыры.
Жаугершілік күндерде,
Ерлер шықты ішінен,
Атағозы, Есектей,
Егескенде кеткен жоқ,
Әруағын көрсетпей».
Өмірзақ Қалбайұлының «Қазақ Сауран айналғанда» деген дастанында былай деп жарияланатын өлең жолдары бар.
«...Үстінде Мұңал-сауыт адайлаған,
Ер жігіт балаң жігіт жасындағы.
Ағасы ер Есектен бата алып,
Оның да топақ келіп қосылғаны.
Қастасқан қас дұшпаннан кегін алмай
Құмары ерлерімнің басылмады.
Көрінген қара қалмақ айқасында,
Ер Жанақ, Есек, Жомарт, Малайымен
Беріде Маңғыстаудың саласында.
Бөлінген Атағозы Шабайымен».
Есек батыр үш әйел алған кісі екен. «Бірінші әйелінен Болат, екінші әйелінен Темір, үшінші әйелінен Өтебай туған» деп көрсетеді шежіреші Өмірзақ Қалбайұлы. Ал Сағыз кентінде тұрған, марқұм Толтыр деген ағамыз Есек батыр жөніндегі әңгімесінде мынадай аңыз дерегін баяндайды. «...Кешегі үш ананың ұрпағы – қазақтар қалмақтан ығысып, Қаратаудан көшкенде Есектің кіші әйелі жүкті екен, күйеуіне: «Есек, сен батыр едің, қалмақтан құтылатын күн туып, бір жерге тиянақтап, тоқтасаң, қайта іздеп, келіп табарсың. Мына ішімдегі балам тынышымды алып, көшке еріп жүруім қыйындап барады. Сенен тілегім, мені осы жерге тастап кет, сауындық 1-2 сиыр, уақ жандық, қасыма қара боларлық шал-кемпір таста. Қалмақтар панасыз әйелге не істер қояр дейсің? Әбден орныққасын мені іздемесең де балаң есіңе түсіп, келерсің» депті. Есек көш үстінде келе жатқан ауылды сол жерге 2-3 күн еру қондырып, Қаратаудың бір ыңғайлы жерінен жертөле қазып, үй жасап, отын-суын мол етіп жыйнап беріп, азғантай малымен әйелін сол жерге тастап, көшті ілгері қарай бастап жүріп кетті.
Маңғыстауға келіп, «Елді Жем бойындағы қалмақтардан, кейін түрікпендердің соқтығуынан қорғаймын, ауылдарды жерге орналастырамын» деп жүріп, арада 6-7 жыл өтіпті. Соған дейін Қаратауда қалған әйеліне барудың сапар сәті түсе қоймайды. Бір күні әйелі есіне түсіп, «Зымырап бара жатқан уақыт шіркін, күні кеше ғана сияқты болғанымен арада біраз уақыт өткен екен-ау. Қой, болмас, «Ештен кеш жақсы» деген, дүниенің түбін құртып түгендей алмаспын, не де болса, садақа беріп, шалдардың батасын алып, әйелімді іздейін» деп ойлапты. Садақа берген Есек осы жайды үлкендерге баяндай отырып, бата берулерін сұрайды. Үлкендердің батасын алып, Есек жолға шығады. Баяғы Қаратаудың басына келсе, әйелі ұл балалы болған екен. Жертөлеге жақындай бергенде баламен бірге жүрген киік, құландарды көреді. Үйге келіп, әйелі, баласымен қуанышта қауышады. Киік пен құланның арасында өскен бала ғой деп, атын Алақұлан қойыпты. Сол үйде «Әбден тынығып алып, сосын елге қайтармын» деп жүргенде Есек ауырып, төсек тартып, жатып қалыпты. Үш ай төсекте жатып ауырып, дүниеден өтеді. Оны Қаратаудың басына жерлепті. «Ұзындығы төрт аршын бейіті бар» дейді. Есектің ұрпағы Ақберді деген кісі» деген Толтыр ағамыз. Бірақ ол Есектің Алақұланы туралы ештеңе айта алған жоқ.
Есек батырдың ұрпақтары кейінгі кезеңдерде талайлы тағдырымен жан-жаққа тарыдай шашылып, туған жер, ата қоныстарынан жырақта қоныс теуіп қалған сияқты. «Пәкістан, Ауғаныстан, Үндістан жақтарында да Есек батырдың ұрпақтары бар екен» деп естиміз. Кейбір аңыздарда «Есек мерген үлкейген кезінде әйелін, балаларын тастап, белгісіз бір жаққа кетіп, сол жақта үйленіпті. Сол әйелінен де үш балалы болыпты. Оның сол жақтағы балаларынан да ұрпақтары бар екен» деген ел арасында сөз қалыпты. Соның дәлеліндей, Бәли Дарханұлы Өришан деген белгілі бір кісі «Сібір жақтан түрмеден қашып келе жатып, бір ауылға тоқтап, біраз күн сол ауылда демалдым. Бұл ауылдың адамдары өздерін «Есек-Адаймыз», «Есек батырдың ұрпақтарымыз деді» деп, елге келгесін хабар айтыпты-мыс делінеді. Бірақ ол ауылдың қай жақта екендігі, олармен кейін байланыс болды ма, жоқ па, ол жағы бізге белгісіз.
Енді Есек батыр мен оның ұрпақтары туралы бұрынғы шежірешілер жазып қалдырған деректермен оқырмандарымызды таныстырып өтейін.
Меңдалыұлы Алшын қарттың шежіресінде «Есектен Өтебай, Барби, Сары, Темір, Болат, Баян (Баян – әйелдің аты, одан туғандарды осылай атаған Ж.Ж.). Барби мен Өтебайдан Әбіл, Тұман» деп таратады. Хисмет Табылдиевтің шежіресінде Есек батырды «Есен» деп көрсетеді. «Есеннен Бөрібай, Сары, Темір, Болат, Өтебай, Ізбасар» деп, олардан өрбіген ұрпақтарын таратпайды. Шамғұлұлы Оспан қарттың жазбасында «Есектен Өтебай, Ізбасар, Баян» дейді. Бірақ кейінгі ұрпақтар таратылып, көрсетілмейді. Сәрсенұлы Бүркітбай жазбасында «Есектен Өтебай, Темір, Болат, Өтебайдан Әбіл, Тұман, Барби, Сары. Темірден Байбатыр, Оңайбай» деп таратады. Қазақбаев Нұралының шежіре дерегінде «Есектен Өтебай, Ізбасар, Баян» деп көрсетеді, одан әрі жіктелмейді. Сариев Ізтұрғанның шежіресінде «Есек батыр Жем бойын қалмақтардан босатып, сол жерде қоныстанған. «Қазір Жемнің сол бетінде Құлсарыда, 30 шақырым шығысындағы бұлақ ағып жатқан жер «Есекжал» деп сол кісінің атымен аталады» деп жазады. Қарамбетұлы Тынымбай жазбасында «Есектен Өтебай, Ізбасар, Баянды» деп көрсетеді. Өмірзақ Қалбайұлының Есек батыр жөніндегі деректері жоғарыда баяндалып өтті. Ағамыздың жазуынша, «Көнекөз шалдарымыз көбірек айтып отыратын Абдолла хазірет Есектің Темір әулетінен шыққан» деп көрсетеді. Ыбырайым ахун Құлбайұлының шежіресінде Есек батыр туралы мынадай жолдар бар:
«...Бес баланың ішінде,
Есек, Нұрбай басы еді,
Дұшпандармен қас еді.
Еділ, Жайық – екі су,
Ен Шаған мен Қобылды,
Жаудан тартып алды» деседі.
Бақтығали Үбіғали шежіресінде Есек батырдан туған үш баласы былайша аталып өтіледі:
«...Есектің үшеу баласы,
Өтебай, Темір, Ер Болат,
Абдолла ғалым бұ да бар,
Тарқатқан шүлен Құранға-ай!».
«Маңғыстау» энциклопедиясындағы шежірелік деректерде «Есектен Өтебай, Темір, Болат. Өтебайдан Барби, Әбіл, Тұман, Сары, Темірден Байбатыр, Дуанбай» деп жазылыпты.
Есек батыр ұрпақтарының аталық шежіресі толық қолымызға түскен жоқ, сондықтан да олардың арасынан шыққан атақты адамдары жөніндегі деректеріміз де жетімсіз. Біздің қолымыздағы деректердің айғақтауынша, Есек мергеннің ұрпақтары арасынан Темірұлы Оңай би, Ізбасарұлы Жаналы хазірет, оның баласы, Жем бойынан мешіт салдырып, медресе ашып, жас ұрпақтарға ғылым жолын үйреткен Абдолла хазірет сияқты зиялылар шыққан.
Кеңес Үкіметі заманында ата-бабаларымыз құрметтеп өткен дінін жоқ қылып, мансұқтауға аз әрекеттер жасалған жоқ. Медресе, мешіт салдырып, халықтың ой-санасын, сауатын ашқан діни ғұлама адамдар жазықсыз қудалауға ұшыраған. Осындай жандардың бірі, Есек батырдың тікелей ұрпағы Жаналыұлы Абдолла хазірет болды. Ол Уфадағы «Ғалия» медресесін, Бұхарадағы жоғары мұсылман мектебінде үш жыл оқып, білімін жетілдірген кісі. Хорезмдегі Шикәбір хазіреттің баласы Зәкіржан хазіреттен бата алып, оны пір тұтқан. Хиуа, Бұқара, Самарқант қалаларын аралап, көптеген ғұлама адамдармен хабиб болған (хабиб араб сөзі мағынасында дос, тамыр дегенді білдіреді. Ж.Ж.). «Меккеге қажылық сапарға бара жатып, Зәкіржан хазіретке соққанда ұстазы әрі досы Абдоллаға ер-тұрман, асатаяқты сыйға тартыпты» деген әңгіме бар. Өз тұрғыластары қатарындағы діни сауатты адамдардың көбі Абдолланың терең білімін мойындап, оны «Хазірет» деп атаған көрінеді.
Абдолла хазірет – Есек батырдың Темірінің ұрпағы. Темірдің Ізбасарынан Жаналы, Нысаналы деген екі бала туған. Жаналы мешіт салып, бала оқытқан, өз тұрғыластары арасында би атанған адам болыпты. Жаналыдан Абдолла, Мәтжан, Хасен, Құсайын, тағы да екі баласы болған. Жаналы қазіргі Ақтөбе облысының Байғанин ауданы көлеміндегі Қопа түбегіндегі Айырық, Ақмола, Ноғайты, Жаулыкөл аумағын жайлаған. Соған қарағанда оның байлық, дәулеті ортадан жоғары деңгейде болған сияқты. Өзі би, беделді ақсақал болыпты. «Сөйлесе, сөзі жүйелі, айтса, ойын асып-саспай, айшықты тілмен жеткізе білетін кісі болыпты»,-дейді.
Жаналының қайын жұрты Оралдың Қаратөбесі жағында тұратын Байұлына кіретін Сұлтансиықтың Байбақтылары. Әйелінің есімі Қазина, атақты батыр әрі шешен, би Датұлы Сырымның апасы екен. Сол қайын жұрты ертеректе бір жұттан кейін Жаналыны өз маңына болуға шақырыпты. Олардың сөзін қыймаған Жаналы өзіне етене жақын ағайын-тумаларымен Жымпиты бойына үдере көшіпті. Бірақ Байбақтылар оны «кірме» деп, араларына сіңіре қоймаған көрінеді. Бірде Жаналы бір жаққа жолаушылап кетсе, балдыздары өз табынындағы жылқысына баруға ерініп, «Кейін әкеліп береміз» деп, Жаналының бір жылқысын сойып алып, пайдаланып кетіпті. Өзі сапардан келгеннен кейін айтпай, арада біраз уақыт өтіп кеткеннен кейін айтып, «Орнына бір жылқы әкеліп береміз» деп, кешірім сұрағандай болыпты. Бірақ балдыздарының бұл әрекетіне іренжіген Жаналы «Өзімнен рұқсат сұрағанда тегін-ақ бермейтін бе едім? Басынып, баса-көктей алғандарына шыдарым жоқ» деп, қайтадан өзінің ата-қонысына көшетін болыпты. Сонда Жаналы бидің айтқаны екен деп еске алады үлкендер:
«...Әй, азаматпен көп жүрдім,
Күндердің күні болғанда,
Садағасы кетсін туғанның.
Арғымақ атпен көп жорттым,
Күндердің күні болғанда,
Садағасы кетсін буынның».
Жылыой өңірінен Таз ұруынан шыққан Дәден деген би кісі Жаналымен құрдас, ілік-шатыс, әзілдері жарасқан адамдар болыпты. «Әй, Жәке, Құдайкеңе ештеңе айтпаймын, бірақ Келімберді жөнінде бірер сұрағым бар еді»,-депті. «Сұрай бер» деген Жаналыға: «Құнанорыс қашан дөнен болады, Ақбота қашан тайлақ шығады, Жарыларың қаша бүтін болады?»,-депті әзілдеп. Сонда Жаналы: «Шамалап әзілдесеңші, жеңіліп қалсаң, өзіңе сын емес пе?» десе, Дәден сөзге тоқтамай сұрағына жауап беруін қуаттай сөйлеп, «Жауабың болса, бере бер. Әзірге тіліміз мен жағымыз түгел» депті. Сонда Жаналы: «Ал Дәден би, ендеше тыңда. Жантайларың тікейгенше, Жастабандарың қатайғанша, Бессарыларың алтыға толғанша, Таздарыңның басына шаш шыққанша біздің балалар да жайлап жетпес пе екен?» депті. Сөзге қайтарар жауаптан тосылып қалған Дәден би жеңілгенін мойындапты.
Жаналы бидің шешен кісі болғанын оның тағы бір мынадай нақыл сөзі дәлелдей түсетіндей. Ол Қопа, Ноғайты, Ебейті өзендерінің маңына қайта оралғаннан кейін балаларын оқытуды мықтап қолға алыпты. Балаларын алғашында ауылда өзі оқытып, содан кейін Уфа қаласындағы «Ғалия» медресесіне оқуға беріп, дін жолына баулыпты. Балаларының ішінде Абдолласы мен Мәтжаны ерекше қабілетті, оқуға алғыр болыпты. «Әке балаға сыншы» дегендей, Жаналы өз балалары туралы бір алқалы жыйында пікірін сұраған бір замандасының сұрағына былай деп жауап беріпті. «Бір балам бар, ол – ахұн, екінші балам ахұнға жақын, қалған екеуі бұқарадан гөрі тақыл». Ахұны Абдолла, оған жақыны Мәтжан екен де Қасен мен Құсайыны да көп адамдардан ілгері, елге сыйлы адамдар болыпты.
Абдолла хазірет 1856 жылы туып, 1919 жылы Пайғамбар жасында бақилық болыпты. Осы жерде айтылар бір жайт, Сәттіғұл ақынның хазіреттерге арнау өлеңінде мынадай жолдар бар екеніне оқырмандар назарын аудара кеткенді жөн санадық.
«...Алты Алашқа белгілі,
Таңдайы шешен жаралған.
Ғафурын, Қожа, Жаналы,
Бірқатар жұртқа тұсында,
Шашылған екен хабары.
Болған екен халқына,
Асқар таудай паналы.
Арманы бар ма солардың,
Дұға етіп тұрған артынан,
Бұлардың перзент -баласы?...».
Бұл шығарма Абдолла, Әбді ахұндарға арналып шығарылған. Бұндағы Ғафурын Қожа деген Қырымқұл Әбді ахұнның әкесі екенін оқырмандар жадына бере кетеміз. Ал Жаналы хазірет Ізбасарұлы біз әңгімелеп отырған Жаналы хазірет. «Жаналы хазірет Ізбасарұлы 1824 жылдары туылып, 1902 жылы жылдары қайтыс болған» делінеді. Жаналының әуелгі алғаны Қазина туралы жоғарыда таныстырып өттік. Ал одан кейінгі алғаны Злиха деген әйелі Мұңалдың Әли ауылының қызы екен.
1998 жылы «Жазушы» баспасынан шыққан Тәжібай Жаңаевтың «Тобанияз қыстауы» деген деректі кітабында Абдолла хазірет туралы құнды деректер берілген. Сондай-ақ «Маңғыстау» газетінде хазіреттің немересі Қалиболла Ахметниязовтың «Өзегімді өртейді өткен-кеткен» деген деректі мақаласы жарық көрген. «Үш қиян» газетінің 2004 жылғы қаңтардың 4 санында Айнахан Есеттің «Ай қондырған көк мешіт» деген мақалалары біздің осы келтіріп отырған деректеріміздің бұлақтары екенін оқырмандар жадына береміз. Әуелі өз әкесі Жаналы хазіреттің медресесінде оқып, білім алған Абдолла Уфа қаласындағы атақты «Ғалия» медресесін үздік тәмамдап, шығады. 1913 жылға дейін осы медресені 50 адам бітірген екен. Солардың бірі осы Абдолла болған. Одан кейін Бұқарадағы жоғары діни мектепте үш жыл оқып, білімін толықтырып, елге оралады. Арабиядағы дін жаратылыстану ғылымдарының ғұламаларынан оқып, білімін жетілдіріп, сол кездегі мұсылман оқуының білгірі атанады. Орта Азия діни бірлестігінің ғұламалары оның діни білімін аса жоғары бағалап, хазірет атағын берген. Хазірет жоғары дәрежелі дін иелеріне берілетін атақ болған. «Шикәбір хазіреттің баласы, өзінің ұстаз-пірі Зәкіржан Абдолланы хазірет атағын алуымен құттықтап, басына ақ сәлде орапты» деп әңгімелейді үлкендер. Абдолла хазіретпен бірге оқып, дін жолын ұстанғандардан Тәжі ата, Жанұзақ Қожа, Ақпан Алдияр ишан, Кете Ылаумағанбет, Қаратау деген кісілер де мешіт ұстап, ел балаларын оқытқан көрінеді.
Абдолла хазірет Қопа өңіріндегі Айырық, Ақмола деген жерде әкесі Жаналының үңгір мешітінде ауыл балаларына дәріс беріп, ағартушылық қызметін бастайды. Бұл кезең 1875-1888 жылдарға тұспа-тұс келеді. Қопа жайлауында отырғанда Абдолла Әлімнің Кетесі Бәйгелдіқызы Майлыбайға үйленеді. Ол әйелі еңбекқор, көп үндемейтін момын кісі болыпты. Майлыбайдан Әбдіуәли (Уәли), Әбдіғали, Ағишан деген үш ұл, Қошетер, Сәлима деген қос қыз сүйеді. Әкесі Жаналының жәй мешітінен гөрі кірпіштен қаланып, салынған еңселі мешіт тұрғызып, балаларды сонда оқыту Абдолланың ендігі арманы болады. Елдің ақсақал, абыройлы азаматтарымен келісіп, Маңғыстау, Орынбор аралығында көшіп-қонып жүрген Кіші жүздің балаларын оқытудың қолайлы орын іретінде болашақ тұрғызылмақ мешітке керуен жолы бойындағы Шибұлақты (қазіргі Ақтөбе облысы, Байғанин ауданы, Қопа әкімшілігіне қарасты жер) таңдайды. Орынбор губернаторынан ұрықсат алып, мешітті бастайды. Құрылысқа қажетті материалдар Орынбордан, Уфадан арбамен тасылады. Мешіт құрылысын Қазан қаласынан арнайы алдырған сәулетшілер жүргізеді. Бұл құрылыс 5-6 жылға созылып, 1914 жылы салынып бітеді. Жаңа мешіттің салынуына Тіней Жұбан, Майлан Жары Саламаттың Сарбасы, Түрікпенадай Есек Күсепұлы Қауымбай, Олжашы Өтегеннің бай ұлдары, Тіней Ізбасар сияқты сақи байлар қаржылай, малдай көмек берген. Халық болып қолдаған мешіттің мұнарасына айды қондырарда татар шеберлері 2-3 күн әуреге түсіпті. Қанша әуреленгенімен әйкел орнына түспей қойған көрінеді. Сонда Абдолла хазірет айтыпты дейді: «Күншығыс жақтан бір адам көрінер, сол кезде ай да орнына қонар» депті. Айтса айтқандай, аңтарылып, тосып отырған адамдардың көзіне алыстан қарауытқан бір қара көрінгенде ай да орнына қоныпты. Сол сәт намаз оқитын уақытқа дәл келіп, жамағат мешітке кіріпті. Намаз аяқтала бергенде әлгі аттылы да жетіпті. Бұл Күсепұлы Қауымбай екен. Ол бай болғанымен намазға жығылмай жүрген, діни сауаты жоқ адам болыпты. Мешітке саптама етігін шешпей кіріпті. Мұнысына ескерту жасаған адамға мешіттің еденіне төселген қалы кілемді басып тұрып: «Немене, өз қойымның балақ жүнін өзім баспаймын ба?» деген екен. Сонда Абдолла хазірет: «Бұл кісі намаз оқымаса да сауап жасап жүрген кісі. Кіре берсін» деп рұқсат беріпті. Қауымбай сол жерде мешіттің байғазысына 100 бойдақ тарту еткен екен. Күмбезіне ай орнатқан Көкмешіт осылай бой көтеріп, оның ашылу салтанатына Орынбор өлкесінің губернаторы да келіпті. Ой мен қырдан жыйналған жақсы мен жайсаң, үлкенді-кішілі ел адамдары келген мәртебелі ұлықтың алдынан шығып, қоғадай жапырылып, тағзым етіп жатқанда Абдолла хазірет орнынан қозғала қоймапты. Соны байқап қалған мәртебелі ұлық: «Бұл кісі біздің келгенімізге қарсы ма? Неге орнынан тұрып, қарсы алып, амандаспайды?» дегенде Абдолла: «Күллі ислам, дін-мұсылман әлемінің қағидасына да, менің халқымның салтына да сырттан келген қонақ жергілікті қауымға өзі бірінші болып ізет көрсетіп, амандасуы керек. Сол жарғыға сүйеніп, сізді күтіп отырмын» деп жауап беріпті. Содан кейін губернатор іренішін жуып-шайып, мешіттің ашылуына деп, күміс ақша сыйға тартыпты. Осы ірәсімге Уфадағы мешіттер бірлестігінің арнайы өкілі келіп, оны есепке алған. Елдегі атақты бай, сақи мырзалар, ғұлама дін иелері келіп, сойысқа мал, мешітке ұстауға қалы кілем, ыдыс-аяқ, тағы басқа да керек-жарақ жиһаздарын сыйлапты. Маңғыстаудың ойынан атақты би Мәтжан інілері сахи-мырза Саламаттың Сарбасы мен дүлдүл ақын Жаңғабылдың Сәттіғұлын ертіп келіп, мешіттің ашылуына жыйналған халық Сәттіғұлға жыр жырлатқан. Мешіттің бас имамы етіп, халық Абдолла хазіретті сайлапты. Мешіт жанынан медресе ашылып, әр ауылдың балалары оқуға қабылданыпты. Оларға дәріс беретін ұстаздар іріктелініп алыныпты. Алыстан көз тартатын күмбезі көк болғандықтан маңдағы ел бұл мешітті «Көкмешіт» деп атапты. Медресеге осы өңірдің маңындағы ауыл балаларымен бірге башқұрт, татар, балалары қабылданыпты. Көкмешіттен алғаш дәріс алып, сауаттанғандар қатарында кейіннен елге белгілі болған сыйлы азаматтар Сыражан, Азангүл, Қалнияз, Тобанияз, Аймұрат, Нұраш, Көшімдер аталады.
Біз жоғарыда Абдолла хазірет Меккеге барып, хажы атанып келгенін айттық. Сол сапарында ол Тәзіке Сүтемірұлы Мәкібаймен бірге сапарлас болыпты. Ұзақ жолда өздері атқсоқты болып шаршап, аттары да болдырған көрінеді. Бір уақытта бір бүйірден шаң көрінеді. Жыра-жықпылды жапан түзде аң жортпаса, жол торыған қарақшы болмаса, көп бейсауат адам жүрмейтін, сондықтан бұлар қараңғы түспей бір қараға жетіп, жығылуды ойлап келе жатқан адамдар ғой. Әлгі шаң бұларға тура салып қоя береді. Аттары болдырып, өздері шаршап келе жатқан бұлар амалсыз аттарына қамшы басқанымен болдырған аттардың жүрісі мандымайды. Әлгілер болса, еңменіп жақындап қалады. Сонда Мәкібай: «Уа, тақсыр, жаратылыс құпиясын білетін қасиетіңді осы жолы көрсетпесең жағдай қыйындады ғой» дейді. Абдолла хазірет күбірлеп, дұға оқып, бәтиха жасап, бетін сыйпайды. Әлгінде таянып қалған қуғыншылар бірте-бірте кейіндеп қала береді. Шаң сағыммен араласып, сейіле береді. Бұны көрген Мәкібай өз-өзінен аң-таң болады. Абдоллаға қараса, ол сабырлы қалпын бұзбайды. Қорқынышы сейіліп, не де болса, хазірет оқыған дұғаның кереметіне сенген Мәкібай мұның сырын сұрамайды. Елге аман оралғасын хазіреттің қасиетін өз көзімен көріп, көңілін сендірген Мәкібай қажы өзінің ілтипатын білдіріп, 15 жасқа толған, айдай толықсып отырған ару қызы Рахияны Абдоллаға қосады. Бұған хазіреттің бәйбішесі Майлыбай да қарсылық білдірмейді. Хазіреттің екінші әйелі Рахия табиғатынан пысық кісі болады. Бүкіл шаруаның билігі соның қолында болыпты. Қаршығадай қағілез, жайдары мінезді Рахиядан Ахметнияз бен Мәрзия дүниеге келеді. Абдолланың ұл-қыздарының бәрі де әке жолын қуып, мешіт-медресе оқып, білімді, білікті азаматтар болып өседі. Абдолла әулеті ел ішінде негізінен тақуа, зиялы адамдар болып құрметтелген.
Абдолла хазірет көріпкелдік қасиеттен құр болмаған. Ол өзінің отбасын, ұл-қыздарын, жақын-жуық ағайындарын түгел шақыртып алып, былай депті: «Заманның сыйқы сұйылып барады. «Ел-жұртыма пайдалы қызмет етемін» деп мешіт салдырып, медресе ашқаным, хазірет болғаным сендерді біраз әуреге түсіретін түрі бар. Ақыры жақсы болар, Алланың ақ жолынан таймаңдар. Пайғамбар жасына келдім, Алланың берген аманат жанын тапсырамын. Маған күмбездеп там салмаңдар, кіндік қаным тамған жердің қара тасынан керегелеп, қоршау жасасаңдар болар» деп өсиет жасапты. Көп ұзамай 63 жасында фәниден бақиға аттанған. Ағайын-туғандары, артында қалған қалың елі ақ жуып, арулап, мүрдесін жер-ананың қойнына тапсырады. Оның бейіті сол Шибұлақта. Діттеген ел-жұрты Көкмешітті ол дүниеден өтерінде Абдола хазіреттің діни сауаты терең, өзі ерекше қадір тұтқан шәкірті Бәйімбет Жанақ Тілегенұлы Әшір ахұнның басқарғанын қалайтынын айтыпты. Бірақ хазіреттің бұл пәнидегі еткен игі істерін, бақилық болған әруағын құрметтеген ел-жұрты мешіттті оның баласы Уәлиге басқартуды жөн көріпті. Уәли де Уфадағы «Ғалия» медресесін тәмамдаған білімдар адам көрінеді. Көп ұзамай-ақ Абдолла хазірет қауіп еткен заманның сұрқиялылығы айнымай келеді.
1929 жылдан 1937 жылға дейінгі аралықта хазіреттің балалары мен туысқандары, құда-жекжаттары, шәкірттері тікелей қуғын-қудалауға ұшырайды. Ой мен қырға белгілі ғұлама ғалым Абдолла хазіреттің Көкмешітін 1931-1932 жылдары сол кездегі жүгенсіз кеткен шолақ белсенділер өртеп, құлатып, жоқ қылып жібереді. Қазақстандағы «Кіші қазан төңкерісі» деп аталған науқан бай-құлақ деп, малдылардың мал-мүліктерін тәркілеп, «халық жауы» деп, олардың көбін түрмеге тоғытып қамап, аты шулы «үштіктің» қаулысымен атып, асып, қалғанын ұзақ жылға жер аударып, жан-жаққа тентіретіп, жер аударғаннан кейін елдегі көкірегі ояу, көзі ашық, білімді азаматтар мен дін зиялыларына ауыз салып, қырғидай тиеді. Оларды малша ұстап, түрмеге қамап, темір торға топырлатады. Сол нәубетке ұшыраған Абдолла хазіреттің баласы Уәли, інілері Қасен мен Құсайындар «халық жауы» деген атпен жаламен жазықсыз сотталып, түрмеге қамалады. Қасен түрмеден қашып, шығып келе жатқан жолда Жайық өзеніне суға кетіп өлген. Құсайын, Уәли, Сәмеш, сондай-ақ Аймұрат деген күйеу баласы Ақтөбе түрмесінде отырып, саяси «үштіктің» қаулысымен атылған. Абдолланың Ағишан деген баласы 10 жыл түрмеде отырып келеді. Ахметнияз түрмеде отырғанда екі көзінің жанары семіп, соның зардабынан өмір бойы зағип болып, ақыры 42 жасында бақиға аттанады. Абдолла хазірет әулетінен ұзын-ырғасы 40 адамның өмірі қыйылып, зұлмат саясаттың құрбаны болды. «Тірі қалғандарының көрген күндерін тірі пенденің басына бермесін» дейтіндей күйге түсірген көр азабына бергісіз қорлау, азаптаудың неше түрлерін бастарынан өткізген.
Уәлидің Айша, Әдемі, Мұхаметнияз, Әдина, Сұлушаш деген ұл-қыздары болды. Мұхаметнияз Ұлы Отан соғысы кезінде айыптылар батальоны сапында Ленинградты жаудан азат ету майданында болады. 1944 жылы ерлікпен қаза табады. Уәлидің өзі «Ғалия» медресесін тәмамдаған кісі екен. 1918-1919 жылдары Шибұлақтағы әкесінің Көкмешітін басқарған еді. 1935 жылы жергілікті кеңестің шешімімен Көкмешітті бұздырып, мұнай айдау құбырының бекетін салуға пайдаланған. Абдолланың үй-ішін, ағайын-туысқандары мен шәкірттерін «Қоғамға қауіпті адам» ретінде үстерінен іс қозғап, түрмеге жабады. Олардың көбі өмірінің жас шақтарын түрмеде өткізеді. Хазіреттің отбасы түгелдей дерлік жер аударылады.
Бүгіндері Абдолла хазіреттің әулеті оқу, білім соңына түсіп, ғалым, басшы қызметтеріне көтерілген. Абдуллин Нұрмахамбет ауылшаруашылығы ғылымдарының кандидаты, 1995 жылы қайтыс болды. «Халелжаншаның лақап аты Халиболла екен» деген дерек береді Тәжібай Жаңаев аталған кітабында. Тәжібай Жаңаевтың осы кітабында мынадай да дерек айтылады: «Абдолла хазіреттің әкесі Жаналының жәй мешітінде кезінде Бәйімбет Жанақ Тілегенұлы Әшір, Тіней Тәжі, Жанұзақ сияқты зиялылар оқыған. Әшір өте зерек, оқуға қабілетті, мүрит болыпты. Басқа шәкірттерге үлгі әрі жетекші болған деседі. Кейін Абдолла хазіреттің мешітінде де оқиды. Абдолла хазірет оны өте жақсы көрген. Өзінің кітапханасынан кітап алып, оқуға рұқсат етіпті. Бұл кез келген адамға көрсетіле бермейтін құрмет болса керек. Тек қана «Сұлухия-Шәмсия» деген кітабын бермепті. Бірде Әшір сол кітапты оқуға бере тұруға тілек етіпті. Оны тек хазіреттің өзі ғана оқи алады екен. Хазірет әуелі ыңғайын білдірмеген көрінеді. Бірақ Әшір кітапты белгілі уақытқа ғана бере тұруын сұрап қоймапты. Хазірет оның өтінішін жерге тастай алмай кітапты оқуға беріпті. Келіскен мерзімді күні кітапты хазіретке қайтарып тұрып Әшір: «Осы кітап үшін сізге қандай жақсылық жасауды білмей тұрғаным. Өзегімді жарып шыққан ең сүйікті қызым бар, сізде ұл бар. Құда болуға мен дайынмын» деп шын пейілін танытыпты. Абдолла хазіреттің ауылынан құдалар келіп, Әшірдің қызы Әдисті Абдолланың баласы Әбдіғалиға айттырады. Кейін құйрық-бауыр жесіп, құдаласқан құда болады. Әбдіғали Әдиспен екі жыл ғана отасқан. Уфадағы «Ғалия» медресесінде оқып жүріп, екі жылдан кейін Әбдіғали қайтыс болады. Әбдіғалидан Ізтай деген қызды болып, кейін әмеңгерлік жолымен Әдис қайын ағасы Уәлиге атастырылады» деп жазады.
Біз Жаналыұлы Абдолла хазіретке байланысты деректерімізді аяқтай келе Көкмешітінің салынып біту салтанатына қатынасып, Абдолла хазіретке өлең арнаған Сәттіғұл Жанғабылұлының толғауынан үзінді бере кетеміз.
«...Мәдинә, Мекке, Шам, Мысыр,
Шәһәрләрде болмаса.
«Сахарада артық жоқ»,- дейді.
Абдолладай ахұннан,
Тәрбиелеп мүритін,
Байқаған халін мақұлдан.
Зейнеттеп, мешіт салдырған.
Шариғат шамын жандырып,
Жер-жерден мүрит шақырған,
Сәжде етіп, тағат-намазға,
Жамағаттарын жапырған».
Абдолла хазіретттің туған інісі Мәтжан да жасына зерделі, зерек болып өседі. Бірақ ғұмыры келте болған сияқты. Бірде Ойылдағы Көкжар жәрмеңкесіне барып, үй адамдарына киім-кешек алып, өзіне костюм-шалбар тіктіруге тігіншіге келіпті. Сонда шешініп, тігілетін киімнің үлгісін өлшетіп жүргенде тігінші ноғай әйелі: «Япырым-ай, қазақта да мынадай сұлу адамдар болады екен ғой» деп таңданыпты. «Содан тіл-көзге ұшырап, ауылға барғанннан кейін Мәтжан қатты ауырып, дүние салған» деп айтылады.
Есек батыр ұрпақтары арасында «Жоғарғы Адай» елінде кезінде елге сыйлы ақсақал, аузы дуалы би іретінде танылған Нұржан деген кісі өтіпті. Шежіреден ол кісінің арғы аталарын таба алмағандықтан әкесінің есімін тап басып, айта алмай отырмыз. Әруағы кешірер. Үлкендерден жеткен әңгімелердің бірінде үш ананың бас қосқан жыйынына сол Нұржан би Адай елінің атынан жоғары жақтағы ауылдардан Шегем Түрікпенбай палуанды, Бегей Боқыш деген Сейістің жаратқанақ атын алып, бірнеше кісісін бастап, сол жыйынға барғаны, Түрікпенбай палуан үлкейіп қалғанына қарамастан күресте бас бәйгені жеңіп алып, байраққа бір тайтұяқ алтын, бір атан алғаны, ал Боқыштың ақ аты аламан бәйгеде қара үздіріп келіп, байраққа 32 сыйыр, бір тайтұяқ алтын алғаны, сол сапарда жасы 60-қа жақындап қалған Түрікпенбай Әлім ауылының басы бос қызына үйленгені баяндалады.
Түрікпенбайдың сол әйелі палуан 60 жасқа шыққанда ұл туып, атын Балшықбай қойған екен. Нұржан Түрікпенбаймен тату-тәтті араласқан адам болған. Түрікпенбайдың баласы Балшықбай 10 жасқа шығып тұрғанда бір үлкен жыйынға барып, күреске шығаратын басқа жас жігіт табыла қоймай Нұржанның айтуымен алқаға шығады. Сол жыйынға әкесімен барған Балшықбай күресті қызықтап тұрған көпшілікке: «Әй, алқаны кеңнен салыңдар» деп айқайлапты дейді. Сонда баланың қылығын жақтырмаған Нұржан: «Әй, атаңа нәлет көргенсіз, немене тұңғыш балаңды күрестіріп жатырсың ба?» деп, Балшықбайды қақ жауырынан тартып жіберген екен» деген сөз бар. Жалпы Нұржан «Жоғарғы Адайлар» арасында елдің бірлігі мен ар-намысы үшін сөз ұстаған белгілі ақсақал іретінде айтылады.
Әңгіменің ұзын-ырғасы мынадай: Құдайбергенннің әкесі Сәрсембай мен анасы Сапаргүлдің дәм-тұзы жараспай Құдайберген туғаннан кейін екеуі ажырасады да әкесі соғыс кезінде атақты Шайдақовтың атты дивизиясының әскер басы болып кетеді, ал анасы Сапаргүл сол кезде елдегі әйел теңдігі жолында ел арасында үгіт жүргізіп жүрген қыз-келіншектермен бірге кетіп, әлі жас, есін білмейтін Құдайберген екеуінен де тірі айырылады. Нағашыларының тәрбиесінде болып, солардың фамилиясын иемденіп, ұлтын қарақалпақ етіп жаздырады. Әрине бұның барлығы жас баланың еркінен тыс нағашысының айтуы бойынша жазылады. Сонымен Құдайберген өзін «Қарақалпақ нәсілімін» деп ойлайды. 1958 жылы үлкейіп қалған әкесі Сәрсембай баласын іздеп келіп, тауып алады да жалғыз ұлынан кешірім сұрайды. Құдайберген сол әкесін берігеректе келіп, өлгенде ақ жуып, арулап өз қолынан жөнелтеді. Бірақ «Өзін қазақпын» деуге бата алмай жүреді. Кейін анасы Сапаргүлді де өз қолынан аттандырады. Сол Құдайберген ағамыз ірілі-ұсақты 300-ге тарта сазды шығармаларды өмірге келтірген үлкен өнер адамы. Оның «Гүлстан үлкәм», «Дәураным гәззәл» атты шығарма жыйнақтары басылып шыққан. Қарақалпақ музыка мәдениетінің өркендеуіне мол үлес қосқан өнер қайраткері, «Қарақалпақстанның еңбегі сіңген әртісі», Бердак атындағы сыйлықтың иегері. Бірнеше медальдермен, Мақтау қағаздарымен марапатталған. Ал оның әйелі Мәмбетова Сұлухан «Өзбекстанның Халық әртісі», «Қарақалпақстанның Халық әртісі», жезтаңдай әнші. Олар ұлы Болаттан туған немерелері Дәурен, Нұрлан, Айнұрын қызықтап, тұрып жатыр» деп жазады М.Ұлықпанов өз мақаласында. Біз қолымыздағы деректер негізінде Есенғұлдан туған Есек батырдың ұрпақтары турасындағы әңгімемізді осымен тәмамдаймыз.
Жетібай ЖЫЛҚЫШИЕВ,
шежіреші