Ер Қосайдың тамырын іздеген адам

Адай-Құдайке-Қосай тарихын, олардың ұрпақтарының тарихын терең зерттеп, зор үлес қосқан, «Қосай ата», «Алаңқай батыр», т.б. кітаптардың авторы, халық ақыны Өмірзақ Қалбайұлы туралы естелік.

«Мен бақ-дәулетті жасаған жоқпын. Менің арманым-ата-баба тарихын қағазға түсіру. Шығармаларымды жазып, халқыма мұра етіп ұсыну – басты мақсатым». Арманға толы бұл әңгімесін маған халық ақыны Өмірзақ Қалбаев 2004 жылдың 17 қарашасында Теңгедегі өз шаңырағында отырып айтқан еді.
«...Алаңқайдың өзіндей,
Қарасам көзі мөлдіреп.
Өз бойымнан шыққасын,
Қимай тұрмын елжіреп.
Тым болмаса шешеке-ау,
Тойдырып, өзің өлтірші,
Уыз сүтін бір беріп.
Аз да болса, алдыма
Отырайын бір көріп,
Тірі болып жүргенде
Әкесінің қасына
Болар еді-ау бір серік.
Жазығы жоқ жас сәби
Не қыласыз өлтіріп?
Онан да қайта шешеке-ау,
Шындықты айтып, білдіріп,
Көтеріп жүрсең болмай ма,
Қолыңа алып күлдіріп»,-деп жырлаған халық ақыны Өмірзақ Қалбайұлы осы жылдың тамыз айында 80 жасқа толады. Ағамызға шын ниетпен айтар ақ тілегіміз: «Мерейлі күнге аман-есен бірге жетейік!».
Туған ұлтының асыл мұраларын ғұмыр бойы зерттеп, зердесіне тоқыған рухани дүниелерді ойы зерек оқырманына ұсынған талантты ұлының мерей тойын өз қазағы патша көңілімен шашу шашып, дүрілдетіп тойлар деген үміттеміз.
Қазақтың ұлы ғұламасы Әлкей Марғұланнан құрметті сөз-сыйлығын алған, батыр бабамыз Ер Қосайды қайта тірілткен Өмірзақ Қалбайұлының азаматтық ажарына қасиетті сөздің қай асылын арнасақ та артық емес!
Сөз зергерінің ой-танымымен жасалған халықтық рухани мұралардың тарих бетінде гауһар тастай мәңгілік жарқырап, жанып тұрары ақиқат. Асқар таудың биігінен сөйлеп тұрған ағасына, ата жолымен інісі ілтипат танытып, құрмет көрсетіп жатса, біз қуанбағанда кім қуанады?!». («Өмірзақ Қалбаев 80 жаста», Қаламқас Сатыбалды, «Алтын ғұмыр-ұлы Маңғыстау», №03, 5 мамыр, 2006 жыл).
Осы ұсыныс қамшы болды ма, әлде қала әкімі Жалғас Бабахановтың бұрыннан бері ойында жүрген, жоспарлап қойған шарасы ма еді, білмедім, «Өмірзақ Қалбайұлының 80 жылдық мерекесі Жаңаөзен қаласында өте жақсы деңгейде тойланды» деп естідім. Тойға арнайы шақырылсам да бара алмадым. Өйткені газеттің жаңа бастап шыға бастаған уақыты еді, сеніп тапсырып кететін адамның реті болмады. Той өткесін өзендік бір ағамыз телефон арқылы: «Қаламқас, Өмірзақ ағаңның тойы жақсы өтті. Ағаң қолына қалам ұстаған әріптестерінің бәріне «Тойдан таралғы» деп, сыйлық үлестірді. Саған шапан атаған, барып ал. Ғалым ағаң Өмірзақ Озғанбаев сенің газетіңді елге таныстырып, ағаңның тойын қозғағаның туралы жақсы пікір айтты»,-деді.
Өткенге көз жіберіп, ой таразысына салсам, халық ақыны Өмірзақ Қалбайұлымен танысуымының өзі бір тарихи оқиға. Бұл күн 2004 жылдың 17 қарашасы болатын. «Жақсы адам, шежіреші» деп атын естіген соң Теңге поселкесіндегі Қазақстан көшесінің 80- үйінде тұратын Өмірзақ Қалбайұлына арнайы іздеп барып, таныстым. Амандасып болған соң келген шаруамды айттым. Ол кісі менің бетіме қарап: «Қанша уақытқа келдің?»,-деп сұрады. Мен абыржып: «Бүгінге, 1-2 сағатқа»,- дедім. «Сен менің әңгімемді тыңдау үшін менің қасымда 20 күн жатуың керек»,-деді.
Мен ол кісінің айтқан әңгімесіне шошынып қараған жоқпын. Маған өзінің шығармашылық өмірі туралы бастан-аяқ тәптіштеп айтып беруге ықыластанғанын түсіндім. Аға тағы да менің бетіме қадала қарап: «Сен журналист болсаң, қандай шығармаларың бар, жарық көрген?»,-деді. Мен осы уақытқа радио, телеарна, газетте жұмыс істегенімді айтып, «Әзірге кітабым жарыққа шыға қойған жоқ, жазған дүниелерімді жинақтап жүрмін»,-дедім.
Бастапқыда менің байқағаным, екеуміздің жанарымыз түйісіп қалды. Әдетте мен журналистік кәсібімде әңгімелесетін адамыма «Өмірбаяныңызды айтыңызшы, осы салаға қалай келіп едіңіз?» деген сұрақтар қоймаймын. Өйткені бұл сұрақтарға жауап алдыңда отырған адамның саған төгілтіп айтқан әңгімесінің ортасында айтылып қалады. Сұңғыла журналист әңгіме арасынан ол кісінің өмірбаянын өзі-ақ тауып алады.
Өмірзақ Қалбайұлына алғашқы қойған сұрағым – «Шығармашылық өнеріңізге өкпеңіз бар ма?». Ол кісі «Әрине бар. Біз – Маңғыстаудың Адайлары тарихтан кейін қалғанбыз. Басқа өлке өз батырлары Қабанбай, Бөгенбай, Жәнібек туралы жазып кетті. Мысалы, біздің Бабақ, Шабай, Бердібек, Ер Шотан, Жанұзақ, Сүйінқара, Дауымшар, Құдабай, Мыңбай деген батырларымыз болған. Осы батырллар туралы ауыз тұщытатын шығармалар жоқ. Қалнияз Шопықұлы туралы толық жазылған жоқ. Осындай жайларға назырқап қараймын, өзіме өзім өкпелімін»,- деді.
Ағамен екі күн қатар отырып әңгімелесіп, айтқандарын қағаз бетіне түсіріп алдым. Өзіне арнайы ескерткішке деп алып барған су ішетін құтыны қолына ұстатып, қасындағы ашық хатқа (открытка) ол кісінің шығармалары туралы пікірімді жазып кеттім.
Бір сөзінде аға маған: «Светқали мен Сабыр компьютер әкеліп берді. Енді шығармаларымды сонымен жазамын»,- деді. Неге екенін білмеймін, есіме «Атамекен» телеарнасында жұмыс істеп жүргенімде бір дені дұрыс микрофонға жарымаған кезім түсіп кетті.
Оқырманға түсінікті болу үшін Өмірзақ Қалбайұлымен екі күн бірге болған әңгімнің қысқаша нұсқасын ұсынғалы отырмын. Өзінің жазу өнеріне қалай келгені туралы Өмірзақ аға былай деп әңгімелеген еді. «Әкем марқұм сауатты да, ұқыпты да кісі еді. Қисса, жыр, дастандарды көбірек жинаған адам. Әкем қайтыс болған кезде мен жас болдым да оның әдеби мұрасына көңіл бөле алмай қалғанмын. Бір жақсысы әкемнен кейінірек өмірден өткен болған Сабыр деген немере ағамертекшіл, өлең, жыр білгіш адам болатын. Мен табиғатымнан әңгіме, ертек, жырға құмар болып өскендіктен болуым керек, ағам Сабыр айтқан ертегілер мен өлеңдерді құмарта тыңдап, жаттап алуға тырысатын едім.
Алаңқай батырдың ұлы жобасын дүниеге әкелдім. Бабам Қалнияз батыр жырлаған бұл жыр «Алаңқай батыр» деп аталады. 1993 жылы «Алаңқай батыр» атты кітабым жарық көрді. Академик Әлкей Марғұлан алғы сөзін жазды. Әлкей Марғұланмен балдызым Самат Өтениязов арқылы таныстым. Әлекең орыс тілінде жазатын. Оның арманы – ғұн патшасы Еділ туралы шығарма жазу еді.
«Жырдың бәрі айтыстан шыққан» дейтін Әлекең. Мен ол кісіге: «Шежіре жинақтап едім, енді керек емес-ау деп ойлаймын» деп едім, ол кісі маған: «Керек болатын кез болады»,- деді. Әлекең: «Қалбаевтың мұрасы – әдеби мұра» деді. Самат Өтениязовты қасыма қосып, екеуміз «Жазушы» баспасына келдік. Директоры Жұмабай деген азамат екен. Жұмабай менен: «Әлекең жерлесің бе?»,-деді. «Жоқ, екеумізді жақындастырған сөз»,-дедім. «Адай» деген елмін деген соң маған жатырқап қарады. Сонан соң тіл табыстық. Әлекең осы екі ортада қайтыс болып кетті...
Қыдырәлі Саттаров Ташкенттен келді. Бұл кісі жоғары оқу орында мұғалім болып істейді екен. Оған кітабымның жағдайын айттым. Ол кісі: «Әлекең алғы сөз жазса, кітабың шығады» деді. Сонымен кітап шықты.
Рахманқұл Бердібаев мені шығармаларым туралы портрет жазып жатыр. Бүкіл шығармаларымды жинап әкетті. «Алаңқай батырдың» екінші кітабы шығуы керек еді. Екіншісі – Адай елі туралы. Ол кезде Адай елі туралы айтуға болмайтын еді ғой. Екінші кітабы бастыруға дайын тұр. Рахманқұл Бердібаев 1927 жылы туған, филология ғылымдарының докторы, фольклор зерттеушісі.
«Қосай ата» кітабымның демеушісі Жұмаш Ізбасаров. Ақтөбелік Адай-Тіней жігіт. Жұмаш әуелі маған 1-2 жігіт жіберіп, кітабымның мазмұнын бейнетаспаға түсіріп алды. Сосын кітабымды шығарды. Бұл кітаптың таралымы аз болды да, оқырмандарға жетпей қалды. Сұраушылар өте көп.
–«Қосай ата» атты шығармаңызды жазуыңызға кім себепші болды? Атаның жерленген жерін қалай таптыңыздыр?
–Біз Маңғыстаудың перзенті болғанымызбен өміріміздің бірталайы Қарақалпақстанда өтті. Сол елде тұрып жатқанымызда 1947 жылы әкемнің қолына жара шықты. Әкем маған «Қосай төрткүл» деген жер бар. Сол жерде Қосай атаң жатыр. Басына барып, сәлем беріп, маған топырақ алып кел»,-деді. Шешем: «Жалғыз бала қайдан барсын, үш күндік жерге»,- деді. Ол күнде мен 21 жаста едім. Қосай атаның басына бара алмадым, әкем қайтыс болып кетті...
Пірназар Шомбаев деген тарихшы бір күні маған: «Қосай атаның басы құлап жатыр, барып көру керек»,-деді. Осы әңгімеден соң маған Қосай ата туралы шығарма жазу арман болды. Қалай болғанда да ол кісінің атын шығарғым келді.
«Шоңай Шайқағұл, Шегем Әжнияз бастама көтеріп, Қосай атаның басына ескерткіш кесене саламыз»,-деді. Бірақ Үкімет саясатынан қорықты...
Көлік жүргізушім Қаржау Елжанов екеуміз Қосай атаның басына бардық. Жолда көлігіне жантақ тиеп келе жатқан руы Әлім Шектібай деген ақсақалмен кездестік. Ол кісі: «Адай таңбасы бар құлпытасын экспедиция алып кетті. Жарықтық тұнып тұрған қасиет еді..»,- деді. Біз көргенде тас мола құлап тұр, бірақ қабырды сақтап қалыпты. Шырақшының жайы да құлап қалыпты. Бұл – 1989 жылдың мамыр айы еді.
Сол кезде Қосай атаның бейітінің жанында «Өрнек» деген Адайлар тұратын колхоз бар еді. «Батырдың басын анықтайын» деп Құнанорыс Қалмұратов, Табын Ұзақбай деген ақсақалдармен бірге барып, көріп қайттым.
1989 жылдың 13 тамызы қала күні еді. Құлпытасына «Құдайкеұлы Ер Қосай» деп жаздырып, бір мал сойып, батырдың рухына бағыштап, Құран оқыттық. Осы күні 21 адамнан тұратын комиссия құрылып, Қосай атаға ескерткіш кесене тұрғызылуы жайы әңгіме болды. Сол жиында Өтеген Жолаев, Құлмұрат Жолаев деген екі азамат Қосай атаның ескерткіш кесенесін тұрғызуды өз мойындарына алды. Мешітті Салибай Сатқанбаев салдыратын болды. Ұлы істің алдында Алматыдан филолог-ғалым Қабиболла Сыдиықов келіп, кеткен болатын. Қабиболла: «Күмбезді кесенені қазақы үлгіде салың» деп кетті.
Кесененің жұмысын 1990 жылдың наурызынан бастап қолға алдық. Хиуадан Атажанов деген шеберді алдырдық. Жазға салым күн ыссы болды. Хожеліден өзбек шебері Шамұратты алдырдық. Кесене тез салынды. Іші мрамор плитасымен қаптатылды, төбесі қазақы өрнекпен әсемдеп, безендірілді. Там байғазы сол жылдың 1, 2 қыркүйегінде берілді. Сол күні Қабиболла Сыдиықов, Жазықбай Аханов, Самат Өтениязовтан құттықтау жедел хаты келді. Бұлар – Қазақстанның ғылым жолында жүрген азаматтары.
-«Қосай ата» кітабын қанша уақытта жазып шықтыңыз? Оқырмандар қалай қабылдады?
-Тез жазып шықтым. Оқырмандар өте жақсы қабылдады. Алғашқы таралымы аз болып, оқырмандарға жетпей қалды.
Міне, құрметті оқырман! Халық ақыны Өмірзақ Қалбайұлымен бірге болған екі күндік сыр-сұхбатымыздың қысқаша мазмұны осындай.
Ағаның өз аузынан жазып алынған академик Әлкей Марғұланның Өмірзақ Қалбайұлының шығармалары туралы пікірі төмендегідей болатын. «Өмірзақ Қалбаев – белгілі қазақ ақыны. Оның көптеген жырлары Батыс Қазақстан мен Орта Азия жерінде кеңінен таралған. Ол тарихи тақырыпқа көптеген толғаулармен қатар тарихи мақалалар да жазды. Қазақ ақындары туралы көптеген тың материалдар берді. Мысал үшін айтсақ, «Қалнияз ақын» атты мақаласы («Қазақ әдебиеті» газеті, 9 шілде, 1982 жыл.) әдебиет зерттеушілерге құнды деректер берді. Өмірзақтың архивінде әлі де тың материалдар көп.
Өмірзақ Қалбаевтың «Алаңқай батыр» атты поэмасын баспаға дайындадық. «Алаңқай батыр» – Батыс Қазақстанда кең тараған ертегі. Сондай-ақ әртүрлі варианты бар. Қазақ фольклорының асыл мұрасының бірі. Алаңқай батырды кезінде қазақтың талай ақындары жырлаған болатын. Алайда әйгілі Сабыр, Құдайберген сынды ақын-жыраулардың Алаңқай батыр туралы жырлары біздің заманымызға жетпей қалды.
Өмірзақ Қалбаев қазақ халқының осы асыл мұрасын үлкен дастан етіп, қызыл тілмен жырлап шыққан. Бұл поэманың бір маңызды жері Еділ патша туралы жырланады. Ғұн патшасы Еділдің образында оның әділ басқарушысы болғаны айтылады. Поэманың жалпы мазмұны өзі аттас ертегінің бір вариантына жақын келеді.
Өмірзақ Қалбаевтың бұл еңбегін кітап етіп шығару игілікті іс. Академик Әлкей Марғұлан».
«Жақсыдан шарапат, жаманнан кесапат» дейді дана халқымыз қазақ. Кәсібі әдебиетші, тарихшы болмаса да жаратылысы әдебиетші, тарихшы болып туылған Өмірзақ Қалбаевтың жарыққа шықпай қалған дүниелері көп-ақ. Өмірінің соңғы кезінде зерттеп, жинап, жазып кеткен Қалнияз Шопықұлының шығармалары өз алдына бір төбе. Жақсының соңында ғибратты әңгіме қалатынын ескерер болсақ, көзі тірісінде елі құрметтеп, үлгі тұтқан халық ақынының екінші ғұмыры – оның өзі тірнектеп, жинап, жазып кеткен тарихи дүниелердің жарыққа шығып, жоғалып кетпей, ел аузында айтылып жүруі.
«Өмірзақ ағаның жақсы бір қасиеті бұрынғы өткен ақын, жыраулардың әдеби мұраларын қастерлеп, жинауды да назардан тыс қалдырмаған. Ол көнеден келе жатқан жыр-дастандарды кімнің қалай жырлайтынына дейін көңіл қойып, ол шығарманың орындалу мақамын қара домбырасымен сөйлетіп, жыраулардың жақсы қабылдағыш қасиеті мен тапқырлығын айтып отырады». Бұл – менің дәптер бетіне түсірген пікірім.
Жас арамыз алшақ болса да, рухани ой-өрісіміз тіл табысып, үш жыл достық байланыста болған қазақ ұлы, халық ақыны, сөз зергері Өмірзақ Қалбайұлы туралы естелігімді ақынның көзі тірісінде маған арнап жазған соңғы хатымен аяқтағанды жөн көрдім.
«Қаламқас қызым!
«Бабам Қалнияз ақынның әдеби мұраларын кітап етіп шығартамын ба?»,-деп жинақтап едім, бірақ денсаулығым болмай қалды ғой. Сондықтан да жинақтаған материалдарым өзімде тұрғаннан газет редакцияларында тұрсын, керек-ті деп ойласа, газеттеріне жіберер деп (газеттеріне басар деген сөз.Қ.С.) редакцияларға жіберіп жатырмын. Хабар сол, газетіңнің 6,7- сандарын алдым. Қалнияз сөздерін жіберген екенсің, оныңа риза болдым. Хат жазуға қолымның жарамсыздығы, сөйлеуге тілімнің мүкіс тартып қалғандығы қинап тұр. Сәлеммен, ағаң Өмірзақ Қалбаев. 7 мамыр, 2007 жыл».
Қаламқас САТЫАЛДЫ