Қазақ Сауран айналғанда
тарихи дастан
Білсіміллә, бастайыншы сөзді бастан,
Бұл сөзім болмаса да ұзақ дастан.
«Күшімен құдіреттің болған»,-дейді,
Жаралып әуелінде жер мен аспан.
Сапырып сан мұхит, тау менен тас,
Үстінен күннің нұры сәуле шашқан.
Таралып жан мақұлық жер бетіне,
Өнердің адам екен кілтін ашқан.
...Майқы би, Жиренше мен Асанқайғы,
Халқына қиын жерде ақыл тапқан.
Кезінде қара Қыпшақ Қобыландының,
Жау келмей ел шетіне тыныш жатқан.
Тұсында Тәуекел мен Тәуке ханның,
Дұшпанның жері жоқ еді кесек атқан.
Бақ тайып, Болат ханның заманында,
Қазақты қалмақ шауып, қансыратқан.
Қонысы ұлы жүздің жауда қалып,
Орта жүз Арқа жаққа көшін тартқан.
Сауранды сырт айналып, Кіші жүзің,
Іздепті жаңа қоныс батыс жақтан.
Айрылып, ата-қоныс, туған жерден,
«Елім-ай» әні екен ғой сонда айтқан...
Бөлініп, қара қазақ қалың елің,
Ауылы жауда қалып, Төле бидің.
Орта жүз Қаракесек Қазыбекпен,
Бөлінді жұрты сонда Әйтекенің.
Ен жайлау жауда қалып, Жетісуы,
Ерлерден бақыт тайып, белі сынды.
Жәнібек, Қасымханнан қалған белгі.
Жығылды-ау қазағымның сонда туы.
«Басынан Қаратаудың көш келеді»,
Қазақтың сонда айтқан зар мен мұңы.
Қазақ боп құралғалы қазақ елі,
Сынбаған дұшпанынан мұндай белі.
Қоныстас шығыстағы қырғыз, өзбек,
Аз емес олардың да бүлінгені.
Түркістан атақоныс жерін тастап,
Қазақтан қарақалпақ бөлінгені.
Ілесіп, Кіші жүзбен бірге көшіп,
Төменгі Әмудәрия келген жері.
Аңыз ғып осылардың мәні-жәйін,
Шалдардың әлі айтады білгендері.
Қазақ пен Қарақалпақ бір атасы,
Қол беріп, бір-біріне қарасады.
Көңілі бір-бірімен жарасады.
Ар жағы Еділ, Жайық, Түркістаннан,
Тарихым айта берсем жалғасады.
Ел едік қатар көшіп, қоныстанған,
Қосылып, құралданып, ту ұстаған.
Төскейде мал, төсекте бас қосылып,
Қарттарым құдандалы ат ұстаған.
Кешегі жоңғар, қалмақ шапқынында,
Амалсыз атақоныс жерден кетіп,
Бүлініп қазақ Созақ ығыстанған.
Сондағы «Ақтабан жыл шұбырынды»,
Аңызын әлі шалдар ұмытпаған.
Өтіпті үш ғасырдай онан бері,
Баянсыз тылсым дүние көп өзгерді.
Дегендей елу жылда ел жаңарып,
Түрленді нелер ғажап жер бедері.
Соңғылық құтты қоныс мекен болды,
Шалдарым Сауран асып, келген жері.
Бірақ та Сауран асу мәністерін,
Жас балдар қайдан білсін бұл күндегі?
Аңызын айтып берер ортамызда,
Көрген шал, сірә жоқ қой ол күндегі.
Сондықтан көне тарих сүрлеуінен,
Азырақ баяндайын әңгімені.
...Торғауыт қара қалмақ төмендегі,
Жем, Сағыз, Елек, Қобда мекендері.
Шығыста құба қалмақ, ойрат дүрбең,
Қоныстас жоңғар қақпа, Алтай өрі.
Білсеңіз батыс пенен шығыста да
Қоршаған қалмақ екен қазақ жері.
Тарих санасымен дәлдеп айтсам,
Мың жеті жүз жиырма үшінші жыл, жазғытұрым,
Шабуға қазақ елін жоңғар, қалмақ,
Ту байлап, жеті жерден шеру құрды.
Қалмақтың қоңтайшысы Сыбан Раптан,
Әскердің жеті түмен басын құрап,
Қауіпсіз қыстауында жатқан елді.
Жасанған жасағымен алды орап,
Қалмақты қайтаруға күш бірікпей,
Шұбырып көшкен екен сонда қазақ.
Қазақта хан болмады ұрандаған,
Бақ тайды батырлардан құралданған.
Жылаумен қатын-бала үрке көшіп,
Қаратау қалды кейін мұнарланған.
Байлардың босап қалды қоралары,
Келмеді қайтаруға шамалары.
Жүре алмай кемпір-шалдар жолда қалып,
Бетпақтың күңіренді далалары.
Қамы үшін қатын-бала ұрыс қылып,
Ерлердің жолда қалды молалары.
Түркістан, Созақ, Сауран, Ташкентпен,
Қазақтың қолдан кетті қалалары.
Үш жүзім үш бағытқа көшін тартып,
Айырылды-ау әр тарапқа аралары...
Айтамын жатқа сөздің түскендерін,
Қалмақтан қазақ үркіп, көшкендерін,
Үш жүздің ұрпақтары жылап тұрып,
«Хош болып, көріскенше!» дескендерін.
Бұл сөзді әлі айтады үлкендерім,
Аңыз ғып соңғыларға білгендерін.
Сондағы «Ақтабан жыл шұбырынды»,
Айналып Сауран қала келгендерін.
Ауысып Арқа жаққа орта жүзім,
Батысқа бағыт алған Кіші жүзім.
Қалмақтың қысымына шыдам беріп,
Қоныстан көп кеткен жоқ Ұлы жүзім.
Жас балдар бұл күндегі біле ме екен?
Тарих жаттағанға осы сөзім.
Келеді ұмытылмай сондағы сөз,
Шөп шығып, шаң басса да көптің ізін.
Бақ қонып, Әбілқайыр хан болғасын,
Жетісіп жас Абылай ту алғасын,
Күн туды құба қалмақ бастарына,
Ерлерім бас бірігіп, құралғасын.
Білгесін қалмақ қашты өз жеріне,
Қазақтың қонысында тұра алмасын.
Шамасы мың жеті жүз жиырма сегіз,
Тарихтың оқысаңдар жылнамасын.
Қазақтың құралданып батырлары,
Бес қару, сойыл, шоқпар сатырлады.
Абылай, Әбілқайыр ортасында,
Ерлерге ұран тастап, жапырғаны.
Халқының кегін алып, жау қалмақтан,
Тізесін дұшпанына батырғаны.
Ұлы жүз ұран тастап, бұхарлады,
Кіші жүз Алшын елі тұлпарлары.
Табысып құндыз ұран Орта жүзің,
Төрелер өз алдына арқарлады.
...Айтқанда ерлерімнің сондағы ісін,
Көрсеткен дұшпанына қалай күшін.
Бұрынғы шалдарымның айтқан сөзі,
Жазылған кітап емес, соны түсін.
Белгілі ерлерімді еске алайын,
Жас балдар соңғылыққа мұны білсін.
Қабанбай Қаракерей танымалы,
Ұлы жүз Саурық, Жомарт, Жоламаны.
Қалмақты Алакөлден әрі асырып,
Бөрідей қойға тиген қуалады.
Бөгенбай Қанжығалы елдің бағы,
Сырымбет, Малайсары Арғындағы.
Шетінен Орта жүздің бәрі батыр,
Бабасы Қобылан еді Қыпшақтағы.
Үш жүзде онан өткен батыр бар ма?
Жәнібек сауыт киген Шақшақтағы.
Жау көрсе, алақайлап шабатұғын,
Қас батыр Баян еді Уақтағы.
Бөрідей түнде жүріп, шаршамаған,
Байғазы батыр ұлың Тарақтағы.
Жиналып, өңшең батыр жауды қуып,
Қалмақты енді қайтып қаратпады.
Кіші жүз Тама Есет Алшындағы,
Шектінің Тайбурасы қасындағы.
Батыры шұбыртпалы ер Ағыбай,
Жалтылдап дулығасы басындағы.
Үстінде «Мұңалсауыт Адайлаған»,
Ер Жанақ бала жігіт жасындағы.
Атасы ер Есектен бата алып,
Оның да топқа келіп, қосылғаны.
Қастасқан қас дұшпаннан кегін алмай,
Құмары ерлерімнің басылмады.
Қазақтың кегін алып, жау қалмақтан,
Үш жүздің аузын бірлеп, басын қосқан.
Соңғыға аңыз болып аты қалды,
Кешегі Әбілқайыр, Абылайхан.
Олар да өз әлінше етті қайрат,
Қайыпхан, Әбілмәмбет, Барақ сұлтан.
Абылай таққа отырып, Орта жүзде,
Халқына қара қазақ болды қорған.
Шақырып игі қазақ жақсыларын,
Басында Жасылтөбе кеңес құрған.
Баласы Абдолланың Әбілқайыр,
Алшындап Кіші жүзде ұрандаған.
Баянсыз байқасаңыз пәни жалған,
Олар да бұл пәниде тұра алмаған.
Қазақтан нелер жақсы ұл туыпты,
Білдіңіз көп екен ғой батыр, палуан.
Бұл күнде ұмыт болып бара жатыр,
Өзгерді онан кейін талай заман.
Соңғы ұрпақ ата-баба орнын басып,
Туылып дүниеге жаңарды адам.
Бұрынғы көне шалдар айтып кеткен,
Азырақ әңгіме еді есте қалған.
Жаңғыртып солар айтқан әңгімені,
Жыршыңыз – мен Өмірзақ еске салған.
Ертеден Елек, Қобда, Жемнің бойы,
Торғауыт қалмақ екен қоныс қылған.
Саураннан көшіп келіп, Кіші жүзің,
Қалмақпен қоныс үшін ұрыс қылған.
Сондағы айқас қылған ерлерімнің,
Жалғасып соңғыларға аты қалған.
Отырып хан тағына Әбілқайыр,
Қол бастап Кіші жүздің туын алған.
Көтеріп, Әбілқайыр бірлік туын,
Ойлапты Кіші жүздің елдің қамын.
Ішінде әруақты ерлері бар,
Соңына ерген екен қалың Алшын.
Сондағы ерлерімнен аз да болса,
Айтайын ұмытылмай аты қалсын.
Жетіру желкедегі Тама, Табын,
Ер шықты ойлап өткен елдің қамын.
Орғытып, Ордың бойын Елекпенен,
Сілтеген жауға қарсы сұр болатын.
Қалмаққа қарсы шауып, жазым болды,
Есеттің жалғыз ұлы ер Абатым.
Тағдырдың талқысына шара бар ма?
Қайырды-ау қартайғанда қолқанатын.
Бөгенбай Қаражонның қас батыры,
Жау көрсе, қорқу түгіл қуанатын.
Белгілі Барақ шықты Асауменен,
Қастасқан қас дұшпаннан кек алатын.
Барақтың нағашысы Серке батыр,
Аузына айдаһардың қол салатын.
Досы би, тілге шешен іштерінде,
Ойланбай орамында сөз табатын.
Ішінде Жағалбайлы, Кердерінің,
Қосаман, Қошы менен Қанағатым.
Тілеудің Күнбесі мен Күнбергені,
Керейтте Қалауқожа, Шапағатым.
Ішінде Рамазан, Ілес батыр,
Сөкпеңдер, аз айтты деп жамағатым.
Ұрандап Қаракесек, Әлім, Шекті,
Жігіті Тілеу, Қабақ, өңшең мықты.
Ар жағы Есенәлі, Кішкенеден,
Жанқожа жастайынан жауға шықты.
Берденқұл, Жақайым да ердің ері,
Белгілі Өтен, Сартай, Тәңірберді.
Төртқара, Қарасақал, Кетесінен,
Байтұма, Шаншар менен Әжібайы.
Қалмақты Қобда, Електен әрі асырып,
Кең қоныс жайылымға бастады елді.
Әйгілі Әйтекенің ұрпақтары,
Жау десе, мұның жоқ қой қорқақтары.
Айтқанда жақындатып бұрынғыны,
Жалаңтөс – Самарқанттың баһадүрі.
Айбары ата жауын сескендірген,
Айтулы Арыстан мен Көтібары.
Баласы Көтібардың Есет батыр,
Оның да соңғыларға аты қалды.
Ішінде Шөмекейдің Қошқар, Достан,
Және Жарас пенен Жатағаны.
Әңгіме ретімен келе жатыр,
Демеңдер, бізді неге атамады?
Байұлы он екі ата өскен ауыл,
«Аттан?» деп азаматқа еткен дабыл.
Қалмақтың қақпасына қарсы шапқан,
Белгілі Байұлы да Тілеу, Қабыл.
Қаптаған Адай, Таздың жігіттері,
«Шапсам» деп ата жауы тілектері,
Ішінде атан нардай Айтқұл палуан,
Арбаның арысындай білектері.
Маңында Қонжар қала болған айқас,
Қалмақтың бір шайылды-ау жүректері.
Бес арыс Сұлтансиық Жаппасымен,
Іргелес Ысық пенен Шеркештері.
Сәуірдің бұлт ойнаған жалтылындай,
Жарқылдап күн астында ақ семсері.
Келе жатқан дабылынан қалмақ үркіп,
Жөнелген жүгін артып, күн ілгері.
Жамағат, жаңсақ айтсам кешіре гөр,
Өтті ғой талай заман онан бері.
Сондағы батырлардың жалғасы еді,
Ысықтың ұран қылған Бәйтерегі.
Асығыста аузыма түспей отыр,
Ерлерім өтіп кеткен ертедегі.
Айтулы Алашада Есей батыр,
Масқардың білесіңдер Төлебайы.
Ішінде Есентемір көзге түскен,
Белгілі Солтанкелді, Көктеубайы.
Кем емес ертегінің ерлерінен,
Шеркештен Асау, Тұрлан, Шағырайы.
Кешегі Байбақтының Сырым биі,
Алашта артық еді абыройы.
Қызылқұрт, күй атасы – Құрманғазы,
Танада тілге жүйрік Малайсары.
Ішінде Қаратаздың қайнап шыққан,
Өтен мен Төремұрат, Нарымбайы.
Баймұрат мақтаныпты Жаппас ауыл,
Оның да осал емес ер Матайы.
Ерлігі естігенге аңыз болған,
Беріштің Есболай мен Ағатайы –
Солардың сонда қалған ұрпағы еді,
Қас батыр Махамбет пен Исатайы.
Білсеңіз бір дәуірдің адамы емес,
Келгесін айтып өттім сөз ыңғайы.
Айтқанда әңгімені ыңғайымен,
Асырмай шындық мөлшер жағдайымен.
Әруақты ерлер шыққан Алты шекті,
Жетіру Барақ ата саяғымен.
Халқына қара қазақ көп танылған,
Байұлы Бекет Пірлі Адайымен.
Дүниеге бінә болып біз келгенбіз.
Қосылып, Елтай атам Анайымен.
Бабамнан қалған мирас ерлік жолы,
Сынасып, күш көрсеткен талайымен.
Көрінген қара қалмақ айқасында,
Ер Есет, Тәңірберген, Қонайымен.
Тоқпанбет, Жанақ, Шотан, Атақозы,
Және де Қармыс, Лабақ, Шабайымен.
Табынай, Айбас пенен Әмір, Темір,
Біздің ел мақтан болған сондайымен.
Сауранды көшкен кезде сырт айналып,
Адайлап өз алдына ту байланып.
Арасы алты атадан асқан екен,
Шалдарым есептеген мұны ойланып.
«Еліме ер Қосайдың жолын бер?»,- деп,
Жөнеліп, жол бастапты Есекмерген.
Ол күнде бір кісінің баласындай,
Құдайке, Келімберді соңына ерген.
Бұрынғы үлкендердің айтқан сөзі,
Адам жоқ, мұны, сірә көзі көрген.
Ер Есек көшкен елдің жолын бастап,
Қозыбақ Адай ұран туын ұстап.
Шотан мен Тәңірберген сөзін қостап.
Жағалап, Сырдың бойын ығыстайды,
Туылған атақоныс жерін тастап.
Ер Есек әруақты батыр еді,
Түнеген түзде жүріп, ерін жастап.
Алысып айдалада таутайлақпен,
Шошытқан жезтырнақтың қолын жасқап.
Есектің елді бастап келген жері,
Ол кезде қалмақ екен Жемнің өрі.
Айқасып сол арада көп қалмақпен,
Қос арыс Жұлдыз, Нұрбай өлген жері.
Ер Есек ызаланып, жерді теуіп,
Есекжал атаныпты содан бері.
Егесте көрінеді ердің ері,
Еңселі ел болмайды жұрттың бәрі.
Қалмақты Жем бойынан ығыстырып,
Ерлердің шеру тартып жүрген жері.
Оймауыт, Қызылқұдық, Жемнің бойы,
Төрт түлік мал көбейіп, өрген жері.
Көкорай көл басына үйін тігіп,
Қызықты қыз-келіншек көрген жері.
Мырзалар төсін керіп, сары далаға,
Іргесін ақ отаудың түрген жері.
Танылып жебе таңба Адай болып,
Ұран ғып ер Бекетті берген жері.
Соңғылық атақоныс мекен болды,
Шалдарым Сауран асып, келген жері.
Ағайын, айып етпе, аса кетсем,
Осылай жыршыңыздың білген жері.
Сөз етіп, ата даңқын соңғыларға,
Өмірзақ жыршыңыздың білген жері.
Бірақ та ақын-жырау атамадым,
Болғасын батыр жайлы сөздің түрі.
Болмаса Әбубәкір, Қашағандай,
Табылар айтуыма сөз шебері.
Және де Шернияз бен Балқы Базар,
Бала Ораз, Мұрат пенен Мұхит сері.
Айтылмай талай жақсы қалып жатыр,
Халқының қамқор болған көсемдері.
Соңына сөз қалдырған өсиет, үлгі,
Және де тілге жүйрік шешендері.
Солардан қалып Алшын қастерлеген,
Адайдың аты шыққан Бәймембеті.
Ішінде Жетірудың Мөңке бимен,
Әлімнің Қарасқал Ерімбеті.
Аттарын аз да болса шалдарымның,
Келгесін айтып өттім сөз реті.
Өмірзақ ҚАЛБАЙҰЛЫ, Халық ақыны.
«Қосай ата» кітабы, Алматы. «Қазақпарат» -2003.