Түрікпенадай Есек батыр

(«Қамал бұзар» циклынан)

«...Қазір Түрікпенадайдан тін тартатын Есек руының басы – осы батыр...Ол өмірде болған адам. Орыс саяхатшыларының күнделіктерінде Адай ұрпақтарын Маңғыстауға бастап келген жолбасшы батыр тұрғысында тұжырымдалады».
(Д.Саймағанбетов пен Т.Отаралиев.
(«Елдіктің сара жолына соқпақ тартқан»).

Маң тіл қатып маңайға,
Туыстасқан түзбенен.
Аласұрған Адайға,
Атамекен іздеген.

Келіп батыл шешімге,
Алыс сапар жол кешкен.
Ақша таудың төсінде,
Айдаһармен белдескен.

Жаратқанға жалынып,
Жан ұшырған жай тастан.
Жезтырнаққа жолығып,
Таутайлақпен шайқасқан.

Ақыл-ойын арнапты,
Ардақ тұтып халықты.
Қарақұрым қалмақты,
Қақыратып, сөгіпті.

Буырқанып ақырды,
Бура бұлттай түнерген.
Желкелеп көп кәпірді,
Жем асырып жіберген.

Маң мінез, кең ақылды,
Маңдайына жазғасын.
Домбауылдай батырдың,
Допша ұшырған әз басын.

Ашық еткен ел көгін,
Алатаудай болып паң.
Ерсарыдай ерлердің,
Есі шығып қорыққан.

Сан құбылып, сағым бұлт,
Сайгез оқты сарнатқан.
Сарықасқасын сабын қып,
Сары даланы шаңдатқан.

Тайлан ханның жасағын,
Талқан қылған тау тұлға.
Жасап кеткен жасарын,
Аңыз қалған артында.

Есек батыр бабамыз,
Ерлік іске бой ұрды.
Ұран отын жағамыз,
Ұрпақтары кейінгі.

Рахат ҚОСБАРМАҚ, ақын, журналист,
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты.
19 қараша, 1992 жыл. Алматы шаһары.
Ә.Ж. жеке парақшасынан алынды.