Ер есімі ел есінде

Құрметтеу, ардақтау, қадірлеу дегенде халық батыры Бауыржан Момышұлының ғибратты мына сөзі есімізге түседі: «Біздің тарихымыз батырға бай тарих, халқымыз батырлықты биік дәріптеп, азаматтық пен кісіліктің символы, үлгісі санаған. Батырлық, ерлік деген ұрпақтан ұрпаққа ата дәстүр болып қала бермек. Өткенін білмеген, тәлім-тәрбие, ғибрат алмаған халықтың ұрпағы – тұл, келешегі тұрлаусыз. Біздің қазақ халқы – батыр халық».
2023 жылдың қазан, қараша айларында Маңғыстау облысының 50 жылдығы, Ақтау қаласының 60 жылдығы аясында халық батыры Есек Есенқұлұлының тарихи тұлғасын айшықтаған іс-шаралар ұйымдастырылып, өтіп жатыр. Ел басына күн туған ауыр жылдарда халқының қорғаны болған Есек бабамыздың ерлігі мен өнегелі істерінің өміршең екендігін осыдан көреміз. Батырдың есімін құрметтеген жыр мүшәйрасы, спорттан еркін күрес – бәрі елімізде өсіп келе жатқан талант иелерін көпшілікке танытып, жан-жақты насихаттау.
Жаңаөзен қаласында ұйымдастырылған жыр мүшәйрасына қатысқан ақындарға жас жағынан шектеу қойылған жоқ. Қолына қалам ұстап, жыр әлеміне ұмтылған үлкен мен кіші мүшәйраға қатысып, ерліктің ақ туын көтерген Есек батырдың биік рухын жырлады. «Алуан –алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады» дегендей, жыр бәйгесінде бақ сынағандардың қатарында жыр әлеміне енді танылып келе жатқан жастардың қатары көп. Ендеше батыр бабаның атын ардақтап, ерлігін құрметтеген жастардың өлең, жырларын сөйлетейік.
Маңғыстау өңіріне танымал жыршы Арғын Бисеннің:
«Әбілхайыр Кіші жүзгехан болғанда Билерімен кеңесіп, бір басқарды. Атағозы, Бердібек, Лабақ, Шабай, Дұшпанды сескендіріп, сесіменен, Жарқылдатып өтулі алдаспанды.
Есек мерген бірінші барлау жасап, Жын-пері, айдаһармен арбасқанды.
Өлтіріп жезтырнақ пен таутайлақты,
Келуге Маңғыстауға жолды ашқанды» деген жыр шашуы даңқы биік ерлік иесінің есімін тәуелсіз еліміздің аспанында тағы бір қалықтатты.
Айдос Жұмабаев:
«Үстіне мініп алып Сарықасқаның,
Қолынан тастамаған алдаспанын.
Мерт қылып, Есек– мерген, батыр өткен,
Жұртының жағасынан жармасқанның.
...Жеңеді бойда күші тасығанннан,
Артында алпыс үйлік асыл арман.
Батыры былай тұрсын, Есек мерген,
Қалмақтың ханының да басын алған.
Бабаның көкірегінде көп арманы,
Сол арман өлгенінше жоғалмады.
Жеті жұрт келіп, кеткен Маңғыстауға,
Есектен кейін ешкім келе алмады»,-деп жырлайды. («Есек – мерген, баһадүр»).
Батыр бабасының ерлігін асқақтатқан Ләззат Ерубаева:
«Жазылар әлі мың тарих,
Мың қырғын тосқан маңайын.
Мың қыстауға сол жолы,
Отауын тікті Адайым.
Қоныс теуіп жан-жақтан,
Басын қосты ағайын,
Жаратқаннан құт тілеп,
Жас ақты жуып, самайын.
Тыныштығыңды туған ел,
Қайткенде енді табайын.
Мен – Есек мерген, батырың,
Жеңілісім мен жеңісім,
Болған-ды бәрі ел үшін.
Болған-ды бәрі жер үшін.
Ұрпағым және сен үшін,-дейді. («Баба үні»).
«Есек мергендей дүр бабам өткен,
Халқының жамап жыртығын.
Сан жылдар бойы сауытын шешпей,
Қорғаны болар ұлтының.
Бейітін іздеп сенделіп еді,
Ұрпағы таппай бір тыным,
Қара жерде жатыр ма десем,
Жүрегінде екен жұртының» деген ақын Тілеген Әлидің өлеңі Есек батыр бабасы халқының бір бөлшегі екенін аңғартқандай.(«Баба бейітін іздеу»).
Бұл Адайға не түрлі кез өтпеген,
Аштық өтті, жау шапты кезекпенен.
Адай, Қосай, Байболдан Есен туып,
Есенқұлдан тарады Есек мерген.
Маңғыстаудай жарты арал жер болмаған,
Бұл қазақтың бақыты кем болмаған.
Жезтырнақтың тырнағын қару қылып,
Төнген қауіп-қатерден ел қорғаған.
Ал аждаһа сөз беріп, қол алғалы,
Бәрі өзгерді керуендер тоналмады.
Есек мерген әлі де тірі білем,
Айдаһарлар сол күйі оралмады.,-дейді ақын Алтын Бек Әли. («Есек мерген Есенқұлұлы»).
Батырдың құрметіне арналып өткізілген спорттық сайыстың бірі түрі –күрес. Жасөспірімдер арасында күрестен болған сайыс мазмұны рухы биік батырдың күш-қайраты мен қайтпас жігерінің мұқалмас бір бейнесін танытқандай. Елдік пен ерліктің бас қосқан мерекелік тағылымы ел мүддесі үшін, ұрпақ ынтымақтастығы үшін жасалып жатқан игіліктің бір көрінісі.
«Батысқа елді шақырды,
Жанына жинап жақынды.
Еске алатын күн бүгін,
Есек мерген батырды»,-деп қалық жұртшылықты шақырған спорттық сайыс – ашық турнир Мұнайлы ауданы, Басқұдық ауылы, Тұрар Жолдыбаев атындағы дзюдо орталығында ұйымдастырылды. Жасөспірімдер күш сынасқан сайыс жас талант иелерінің спорт өнеріне деген құштарлығын көрсетіп, олар көрсеткен сантүрлі айла, тәсілі жұртшылық көңілінен шықты.
Көпшілік қызықтаған бұл ойын түріне денесі шиыршық атқан, бұлшық еттері қатайған, төзімділікке, батылдыққа, ептілікке, тіпті тез ойланып, әдіс таба білуге машықтанған спортшылардың ойыны ортаға түсті. Тарихи тұлға Есек Есенқұлұлы ұлықталған күні тәуелсіз қазақ елі жастарының жасампаз істері биікке қанат қақты.
Қаламқас САТЫБАЛДЫ