Алты арыс Қосайға арнау
Әлеумет-халық құралып,
Ортаңда талай қамадың.
Жан сауында сөйлелік,
Білген соң фәни-жалғанның
Бір күні кейін қаларын.
Ардақтаған бұл жанға
Себебі тимейді сол күнде
Ағайын, қатын-баланың.
Тәмамдаған бес парыз,
Қабыл болса, қабірді,
Реушен жарық панарың.
Нешелер батыр өткен жоқ,
Патшаның бұзған қамалын.
Нешелер мырза өткен жоқ
Қайырдан басқа халқына,
Тигізбей кеткен залалын.
Желденгені зейінім,
Мадиықтап, сөзбен мақтауға
Жұрт асылын қарадым.
Құдайкенің баласы,
Алты арыс Қосай болғаннан.
Дүреген екен ішінен
Әруаққа талай толған жан.
Атағозы, Бердібек,
«Есек – мерген, ер»,- дейді.
Дұшпанға күшті құлданған,
Ашуы келіп, кәрленсе,
Өткізген оғын қорғаннан.
Адырнасын ақыртып,
«Алаш» деп ұран шақырған
Жау үшін талай жолданған.
Аумаған екен маңдайы
Аттанған ауыр қолдардан.
Атағозы, Есек пен
Бердібектің барында,
Маңғыстауды бұл Адай
Түрікпеннен тартып, сонда алған.
Тіней менен Байболдан,
Толыққан талай бай болған.
Жүйріктері болыпты,
Жарыста озып, бәйгі алған.
Ішінен болған ерлер көп,
Қырандай түскен аңсырап,
Қаруын қанға малшылап,
Би Бекболат, Тоқанмен
Алқа болса, сөйлепті,
Таңдайдан балы тамшылап.
Мін таппапты сөзінен
Бұқара түгіл хан сынап,
Қараған екен аузына
Адай түгіл Алшын-ақ.
Күйкібайда Жолдасбай,
Сол өтіпті дұшпанға
Найзадай тілін шаншылап.
Соларыңның барында
Алты арыс – Қосай әркімді
Басып жүрсің жаншылап.
Тұсында шешен өтіпті,
Қалдыбай, Шенен, Мұңаттай
Кем емес құрыш болаттан.
Тереңнен кеңес сөйлесе,
Кетпеген сөзі құлақтан.
Әріде өтті ер Есек,
Таутайлақты мұны атқан,
Жезтырнақты құлатқан.
Атағозы, Бердібек,
Тәңірберген батыр бар
Адырнасын тартқанда
Дұшпаны жоқ-ты шыдатқан.
Қайсыбірін айтайын,
Толып жатқан ерлерің
Қайратын жауға сынатқан.
Байұлынан сұрасаң,
Мәмбетқұл екен бес арыс
Атадан туып, өскен жан
Бұдан да дұшпан сескенген.
Әліге дейін Шалбарды
Алаш айтып келеді
Шетінен білгір дескеннен.
Қабындап өскен ел еді,
Ауданды аймақ төл еді,
Арыстан, Балтай, Тоқпамбет,
Елғондысы және бар,
Қамалға шауып, топ бұзған.
Тоқтамысы ер еді,
Тоқтамыстың ішінде
Сауғабайдан Әтембек
Қазақтан озған төре еді.
Бегәлі мен Мақаштай,
Ішкі орданың ішінде
Күндеген жандар көп еді.
Ордасына жапқаны
Ақ ұштап пенен зер еді.
Сан жеткізсіз жинаған
Ақ ала шен мен медалі.
Тіршілікте бұлардың
Болып кетті дегені.
Бес Шалбардың тұқымы
Шетінен асыл бек еді.
Айзақ деген қартының
Айтқан сөзін алқада
Байұлы бөтен демеді.
Шалбар деген ауылдан
Болған екен ішінен
Әруаққа талай ауыр жан,
Әкірекке Адай көнгенде
Ең әуелі тосыннан.
Қазақ ақыл сұрапты
Мырзабайұлы Қосымнан.
Байырқатып, тоқтатты,
Жауыздан жұртын шошынған.
Одан соң болған білгірі
Дауыл менен Дастандай,
Нұрмағанбет, Асқардай,
Бұл қазақтың баласын
Өз қолымен басқарды-ай.
Бұлбұлдай сайрап, сөз айтты,
Нәшәндік, ояз, жандарал,
Әкімдерден жасқанбай.
Жөн сұрады бұлардан
Әркімдер келіп, сасқанда-ай.
Бес арыс Шалбар болғалы
Шетінен басы хан еді,
Халқы үшін қайыр, дұға еткен
Уәлилері де бар еді.
Әлжекедей хазірет
Дүниеден көшкенде
Аспанның айы тұлданған
Шариғат-діннің шамы еді.
Шайқы еді шарғы аударған
Шәһәрден мешіт құлданған.
Жиырма тоғыз жасында
Ұлуғы пірден бата алған –
Патшадай басы бұлданған.
Секілді діннің тіреуі
Қосайдың екі пірі еді –
Қопадағы Абдолла,
Әлжеке еді біреуі.
Қол көтеріп, бұлардың
Жұрты үшін еді тілегі.
Тіршілікте үстінен,
Мүриті кетпей түнеді.
Біразырақ айтайын,
Әлжекедей ишаннан
Құдай үшін үй салған.
Бар еді нышан-иманы,
Хан көтеріп, қадірлеп,
Адай халқы сыйлады.
Дүние-фәни дәрілден
Керуені көшкенде
Естіген жандар қимады.
Уәлилер еді тең біткен –
Арғы атасы Өгізден
Қалмақтың шебі қирады.
Қағбаға тәубе-хаж қылып,
Дін үшін жанын қинады.
Артында қалған Салтанат
Ақ мешітін бұл да ұстап,
Болып тұр жұрттың имамы.
Не демейді дұшпаны,
Атаның жолын тұтқанда
Сыпайы мақшам ибалы.
Салтанат мақсым бұл күнде,
Халықтың болып ұстазы,
Учитель болып школға
Патшадан орын ұстады.
Әр жерден орын көзеніп,
Көрсетті жұртқа нұсқаны.
Тағылым беріп наданға
Ұзартты сөйтіп қысқаны.
Тоқтамыстан бері қарай,
Тұқым екен, сұрасаң,
Алтындай қымбат мысқалы.
Әлжекедей тақсырдың
Ақмешіт мекен-жәйінің,
Айта алмас ешкім айыбын.
Дүние салды ішінде
Оразаның айында.
Ай тұтылып, сол күні
Көрсетті көпке зайырын.
Шығармады жадынан
Алланың махшар-қайымын.
Мадиықтадым азырақ
Болған соң ата-қайыным.
Оздым деп жүрмін осы күн
Айтатын сөзге аралап,
Сегіз арыс Адай мен
Он екі ата Байұлын...
Сәттіғұл ЖАНҒАБЫЛҰЛЫ, Халық ақыны.
«Аманат» кітабы, Алматы. «Ер Дәулет»-1996.