Өмірге келген бір тарих

Тарихтың тағы бір жаңа парағы ашылды. Қазақ халқын жоңғар басқынышылығынан қорғап, елге азаттықтың ақ туын желбіретіп әкелген баһадүр Есек Есенқұлұлының сурет-бейнесі өмірге келді. Батырдың өмір-тарихын баспасөз бетінен оқып, біліп жүрген оқырман енді бейнесін кітап бетінен көретін болады. Баһадүрдің суретін салған суретші Сауыт Құсайынов.
Қолыңда суреті жоқ, өмір-тарихын танып, білмейтін адам туралы қалай пікір қалыптастырып, қалай сурет салуға болады? Қиын, тіпті өте қиын жұмыс. Дегенмен суретшінің ойы мен қиялы қатар жұмыс жасап, портретті жасауға болады екен.
Сурет, бұл – өнер. Күшті болсаң, өмірде көрмеген адамыңды қыл қаламмен сөйлетіп көр. Батыр бейнесін кестелейтін бояудың түсін таңданғанда шеберлік керек. Оның өмір сүрген заманы, елі үшін жасаған ерліктері, ұлан-ғайыр істері, үзеңгілес болған замандастары, туып-өскен жері, су ішкен құдығы, жұтқан ауасы, әуелетіп ән салған жері, сүйсініп, тамашалаған көлі – бәрі батырдың бойында үндесіп, сөйлеп жатуы керек. Бойына асынып жүретін бес қаруы, өміріне серік болған жүйрік тұлпары мен қызықтап ұстаған қыраны да суретшінің назарынан тыс қалмаған.
Ақын-жыраулардың шығармаларына арқау болған батырды тау тұлғалы толағай, жауды көрсе, шабынған, өжет мінез-өр тұлға, қайтпас жігер иесі, дара туған дарабоз, тайсалмаған ер шандоз, дүлей күшті қайраттым, ақ сауыт киген беренім, т.б. көптеген теңеулермен дәріптегенімен бейнесін баяндауға келгенде тосылып қалатынымыз рас.
Есек батыр Есенқұлұлының портреті қалай бейнеленді, суретші баһадүрдің бейнесін қалай дүниеге әкелді?
Cуретшінің ұсынысы бойынша Есек мергеннің 50 шақты ұрпағының суреті таңдалып алынды. Осы 50 бейненің ортақ ұқсастықтары бір нүктеге түйістіріліп, баһадүрдің бейнесі жасалды.
Туған елін Маңғыстау жеріне бастап әкелген Есек батыр Айрақты тауының тұсынан кең далаға көз тастап, ойға шомып отыр. Суретшінің ой-қиялында батырдың «Елімнің ертеңі үшін қандай қараекет жасаймын?» деген толғаныс бар. Үстінде тау тұлғасына жарасымды киген темір сауыты мен басына таққан ақ орамалы бар батыр алыс сапардан енді ғана аялдаған сәті болса керек, бойындағы бес қаруын, басындағы дулығасын шешіп, алдына қойыпты. Қорғасын қалқаны мен алмас қылыш қанжары да қасынан орын алған.
Портрет демекші...Халық батыры Аманкелді Имановтың портретін жасап шығарған әйгілі қыл қалам шебері Әбілхан Қастеев. Қаршадайынан «Көзінің айнасы бара бала» атанған ұлы суретші батырдың сом тұлғасын жасау үшін көптеген қиындықтарға кездескен. «...Батырға ұқсастығы бар деген 30 адамның портретін салып, 40-қа жуық этюд, деталь жасаған. Зор қиналыс, үлкен еңбекпен Әбілхан Қастеев 1937 жылы бастаған жұмысын 1939 жылы аяқтады» деп жазылды БАҚ бетінде. Дегенмен суретші өзінің салған туындысына көңілі толмай «Қазақ халқының типтік бейнесі шықпады» деп батырдың бейнесін қайта жасауға кіріскен. Бес рет өзгертіп, 13 жыл ізденген портреті 1950 жылы сәтті шығып, кейін Мәскеудегі Бүкілодақтық көрмеде жоғары бағаға ие болды. Бір қызығы халық батырының портретін жасап шығаруға 14 суретші қатысқан.
Сурет – бекзат өнер. Оның терең иірімдері мен күрделі құбылыстарына, мықты шыдам, мықты төзім, мықты жігер керек. Талабың таудай болса да кейде бақтың шаппай қалатын кездері болады.
Қызметі ауыр, жауапкершілігі күшті, аса күрделі шығармашылық өнердің иесі Сауыт Құсайыновқа алғысымыз шексіз. Талабың тасып, еңбегің жансын!
Қаламқас САТЫБАЛДЫ