Игіліктің істің жаршысы

Қазақ тарихында қалған ардақты есімдердің бірі – Адай-Құдайке-Қосай атаның ұрпағы Есек мерген Есенқұлұлы. Елінің қамын, халқының бағын күні бұрын ойлап, жарғақ құлағы жастыққа тимей, бүкіл өмірі ат жалында өткен ержүрек бабамызға құрметтің қандайы болса да лайықты. Батырдың жүріп өткен жолдары мен жасаған ерлігінде бүгінгі ұрпаққа үлгі болар өсиет пен өнеге жатыр. Ел басына күн туған алмағайып заманда рухы биік азаматтың елі үшін жасаған жасампаз істері күні бүгінге дейін тарих бетінен өз орнын алып келеді. Ұлы тарихи тұлғаны дәріптеген елі Есек мерген атын өшірмеу мақсатында бүгінгі ұрпаққа үлгі болатындай игілікті істерді атқару үстінде.
Кеңестік идеология біздің ұлттық тарихымызды, ұлттық мұраларымызды тереңірек зерттеп, кеңірек қанат жаюына мүмкіндік бермеді. «Тіл, құлағымыз жоқ» күйді кешсек те шындықтың бұғауда жатқанын ойлап, іштей шыңғыратын ерлеріміз болды. Ұлтжанды азаматтар сыбырлап, сөйлеп, күбірлеп үн тастап, тарихымыздың құнды жәдігерлерін көзінің қарашығындай сақтап, күн кешті. Тіпті айтуға болмайды деген ақиқаттың өзі туған топырағымыздың астында құрым киізге оралып, «тіл қатпай» бірнеше жылдар бойы жатқаны рас. Көкірегі алтын сандық қаншама қария бабаларымыз тарихтың қасіретті беттерін ұрпағының санасына сіңдіріп, айтып кетті. Құйма құлақтың зерделі ойында сақталып қалған рухани дүниелердің бірқатары бүгін кітапқа жазылып, көпшіліктің кәдесіне жарап отыр. Ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен ел қорғаған батырларымыздың бағының жанып, атағының аспандап шыққаны тек еліміз тәуелсіздік алған тұстан басталады деп айтуға әбден негіз бар.
Ата-бабаларымыз өмір бойы армандап өткен елдің азаттығы қазақ тіліндегі басылымдардың жарыққа шығып, кеңірек қанат жаюына мүмкіндік туғызды. Баспасөз бетінде ана тілімізде жазылған ата тарихымыздың насихатталуы біздің көптен бері ойланып, толғанып жүрген бір арманымыздың шырағын жақты. Ол арман ата тарихымызды төрткүл дүниеге таныстырып, қазақ халқының әлем жұрты әлі болса да танып, білмеген жақсы қасиеттерін жан-жақты көрсету болатын. Бұл мұратты мақсатымыздың бірнеше мыңдаған парақтарының бетін тәуелсіздік алған отыз екі жыл ішінде қал-қадіріміз жеткенше таныстырып, насихаттауға жұмыстандық. Қазақ тарихынан терең сыр толғаған небір мықты ақын, жазушыларымыздың мазмұнды шығармаларының әлем тілдеріне аударылып, кеңінен өріс алуы біз айтып отырған жауапты игіліктердің жүзеге асырылуы.
Қазақ тарихында ұлы тарихи тұлға болып қалыптасқан Есек Есенқұлұлының өмір-дерегін анықтап, оны баспасөзге жариялау жұмыстары батырдың ұрпақтары тарапынан 2010 жылдан бастап жүзеге асырылды. Қазақ тарихының парағындағы мына деректерді еске салайық. «Есекей Есенқұлұлы Есек-Есет – (туған, өлген жылы белгісіз) Кіші жүз батыры. Руы Адай. XVIII ғасырда Адай Байұлы руларын бастап, Сауран маңынан Арал теңізінің солтүстік батысына қоныс аударады. Ембі, Темір, Ойыл өзендерінің бойын жайлаған қалмақтарға қарсы халық күресін басқарушылардың бірі болды. Есекей халық күресін басқарған шақ жоңғар шапқыншылығынан туған XVIII ғасырдың бірінші жартысындағы «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаның» кезі еді. Қалмақтардың қысымынан қазақтар Орта Азия хандықтарын айналып, Ембі, Елек бойына бет түзеген болатын. Есекей бастаған рулар Жем өзені бойына қоныстанды. Ел қамын ойлаған батырдың ісі кейінгі ұрпаққа аңызға айналған. Солтүстік Үстіртте Есекей атында топонимдер мен гидронимдер («Есекжал», «Есет құдығы», «Жемнің құяр саласындағы арал», т.б.көп) сақталған».
Көнекөздерден жеткен әңгімелер мазмұнында «Есек әкесі Есенқұлға, ағасы Мәмбетқұлға тартқан. Жау десе, жанын сала ұмтылған нағыз ердің өзі ғой» деп баға берген. Есек батыр – қазақ елі қалмақтардан үркіп, Сыр бойынан ауа көшкенде елін Маңғыстауға бастап қайтқан төрт арыстың бірі. Ақын Мэлс Қосымбайдың тілімен айтсақ,, «Жөргегінде жатып ту ұстаған батыр».

Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген соң төл тарихымыздың тамырына үңіліп, «Қайдан нәр алып жатыр, қалай өсті?» деген бағытта ізденіске түстік. Теңізге құйылған тамшыдай бұл ізденіске қуанып, «Арты жалғаса түссе екен» деген тілек бой көтерді. Кеңес Одағы ыдырап, біздің еліміз өз алдына шаңырақ құрған тұста бай қазынамыздың мол қоры Ресейдің мұрағатында қалды. Сүйініші мен күйініші мол ата тарихымыздың зобалаң жылдарда қанатының қайрырылып, бедерінің күйіп қалғанына кеңестің идеологияның, солақай саясаттың да әсер еткені шындық.
Төл тарихымызда еңселі ер, ержүрек батыр, тарихи тұлға болып қалыптасқан Есек батыр Есенқұлұлының өмірі мен ел болашағы үшін жасаған ерлікке толы зор еңбегі айтсақ, тіл жетпейтін, ғажайып оқиғаларға толы екені күллі қазақ жұртына мәлім. Еліміз егемендік алғанға дейін ел аузында аңыз-әңгіме ретінде айтылып келе жатқан күрделі тұлғаның өмір-дерегі ауызекі айтылғанымен жазба түрінде кеңірек насихатталып, халықтық трибуна – баспасөз бетінде жиі насихатталған жоқ. Әрине батыр тұлғасының көмескіленіп, тасада қалуының бірнеше себептерін жоғарыда айтып өттік.
Атам қазақ «Жақсыдан шарапат» деп жатады. Осы бір терең мағыналы ойлы нақылдың түбінде адам баласының бір-біріне деген ыстық ықыласы мен құрметі, сыйластығы мен татулығы жатыр. Адамзат баласының бір-біріне жақсылық жасауының өзі ішкі ниеттегі адал сезім, терең ақылдан туса керек. Менің айтайын дегенім – Ер Қосайдан тараған Есек батырдан өсіп, өнген ұрпақтардың кешеден бастап, бүгінге жалғастырып жатқан игі істері мен шарапатты шаруалары.
Қазақ тарихында елін жаудан, жерін даудан қорғаған батырлардың саны жетіп, артылады. Бірнеше ғасырдың жүгін бүгінгі ұрпаққа жеткізу ұлан-ғайыр жоспарлы істердің жиынтығы. Ел мүддесіне бағытталған игілікті істердің мазмұнында ел тарихы мен жер тарихынан басқа сол елдің бақытты болашағына қызмет жасап кеткен ата-бабаларымыздың өмір-тарихын тиянақты зерттеп, тайға таңба басқандай етіп қалдыру ойы озық, парасат-пайымы жоғары, білімді азаматтардың қолынан келетін іс-шара екендігі рас.
БАҚ бетінде арагідік жарияланып келе жатқан мақалалар болмаса, Есек ата туралы көңіл тұщытатындай тартымды дүниелер жарық көрмеген болатын. Тек 2014 жылы Есек батырдың ұрпағы, Бейнеу селосының тұрғыны, Рысбай Дүйсеновтің «Ел қорғаған Есек батыр» (Атырау, «Ағатай»-2014.) атты кітабы жарық көріп, көңіліміздің қуанышқа бөледі. Аталмыш шығарманың алғы сөзін жазған елге белгілі азамат, есімі алты алашқа әйгілі Бекет атаның ұрпағы Ислам Мырзабекұлы былай дейді: «...Небір тар жол тайғақ кешулерді басынан өткізген ерлеріміздің бірі, өзі өмір сүрген XVII ғасырдың аяғы мен XVIII ғасырдың басында (1692-1768 жж.) ел басына, ер басына қара бұлт үйіріліп, күн туған аламағайып кезеңде сын тезінен өткен халық батыры, адамзатқа қауіпті өте сирек кездесетін түз тағылары жезтырнақ пен таутайлақ, т.б. қыбын тауып, жер жастандырған, құралайды көзінен атқан мерген, халқын Маңғыстау түбегіне түпкілікті қоныстандыруда көш бастаған, ел іші болған соң болмай тұрмайтын түрлі дау-дамайларды шешуде сөз бастаған, атасын айтқанынан артық болмайтыныдығына жүгінер болсақ, Адайдың Түрікменадай Қосай тақтасынан тін алатын Есенқұлұлы Ер Есек мерген болатын».
Әлеуметтік желіде Есек ата туралы жарияланған аңыз-әңгімелерде бірін-бірі қайталау, мазмұны ұқсас дүниелер көп. «Адай-Қосай-Тоқпамбет» атты кітапта (авторы Әліп Кенжеғұлұлы, «Атырау»-2006.) Есек Есенқұлұлы туралы аңыз-әңгімелермен қатар батырдың шыққан тегі туралы шежіре-тарихтан мәліметтер бар.
Батырлықтың, ақындықтың, ерліктің, елдіктің үлгісін көрсететін ұлағатты тәрбиенің бірі елі үшін орасан зор қызмет жасап, халқының есінде қалған тарихи тұлғаларды еске алып, ас беру. Қазақта «Өлі жебемей, тірі байымайды» деген мақал осыдан қалса керек.
«Өткен шілде айының 22-23 жұлдыздарында (2005 жылы) Ақтөбе облысы, Байғанин ауданы, Шибұлақ елді мекені, қасиетті Абдолла хазірет және Көкмешіт орналасқан мекенде ел қорғаған ер бабамыз батырға арналып ас берілді. Ата асына алыс және жақын жерлерден Түрікменстан, Қарақалпақстан,Жамбыл, Шымкент, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау облысынан арнаулы шақырумен барған Жақсылық жыршы шәкіртімен және Асанәлі Көшеровтер екі күн қатарынан ата рухына арнап, өздерінің жыры мен ән шашуын шашып, көпшілік көңілін көтеріп отырды.
23- шілде күні Есек мерген ата асына арналған салтанатты жиынды Байғанин ауданының әкімі Кемешов Бердіхан ашты. Сондай-ақ ата ұрпақтарынан сөз алғандар Ақтөбе қаласының тұрғыны, тарихшы Абдуллаев Нұртаза, Бейнеу ауданынан барған Көшеров Дүйсенғали және осы мақала авторы сөз сөйлеп, болашақта атаға кесене салу мүмкіндігі болса, Ақтөбе, Маңғыстау облыстарының бірінен орнату керектігі жөнінде ұсыныс айттық. Бұл ұсыныстардың дұрыстығын және оны өзінің қолдайтындығын айтқан біздің ауданның әкімі Басшы Айжанақұлы Бейнеу селосынан Есек мерген атаның атаның есімі көшеге берілетіндігін жария етті» деп жазды баспасөз бетінде Рысбай Дүйсенов.
Бейнеуден басталған үлкен іс осы ауданның бұрынғы әкімі, Басшы Әзірхановтың қолдауымен бірталай игіліктерге қол жеткізді. Аудан орталығынан Есек батырдың атына көше беріліп, Бекет ата мешіті жанындағы «Батырлар аллеясында» биіктігі 6 метр, көзге көрнекті ескерткіш-тақта орнатылды. Бұл тақтада «Есек мерген Есенқұлұлы Қазақ елінің тәуелсіздігі үшін күрес тарихында айрықша орны бар батыр. XVI ғасырдың бел ортасында осы өңірді қалмақтардан азат етіп, Кіші жүз қазақтарын түбегейлі орнықтырған ірі тұлға. Қосай Есенқұлұлы Есек –мерген, батыр шамамен 1662-1758 жылдары өмір сүрген. Осы көшеге Есенқұлұлы Есек – мерген, батыр атамыздың аты берілді. Ескерткіш тақта орнатқан Салықбай Дүйсеновтер әулеті» деп жазылған. Тарихтың ең бір қастерлі беттерінің бірін әйгілеген бұл ескерткіштің жанынан өткен әр адам ел қорғаған батыр бабамыздың есімін ұмытпай, құрметтеп жүрері анық.
Есек мергеннің есімін ұлықтау масқатында ағайын-жұрт болып ұйымдастырылған жиынның бірі 2022 жылдың қазан айында «Үш шоңқал» жерінде батырдың рухына Құран оқылып, ас берілуі. Тарихта «Жарының үш Шоңқалы» деп аталатын бұл мекен Оғыландыдан 33 шақырым жерде орналасқан. Көпшілік бас құраған бұл жиында Есек батырдың қазақ елін жоңғар шапқыншылығынан қорғауы, Сауран айналуы, Маңғыстауға қоныс іздеп келуі мазмұндағы тарихи әңгімелерден сыр шертілді. Абай атамыз «Дүние – үлкен көл, заман – соққан жел. Алдыңғы толқын ағалар, кейінгі толқын інілер, кезектене бөлінер, баяғыдай көрінер» деген екен. Осы тұжырыммен үндескен бұл бас қосу тағылымды тарихтың бір бетін құрады деуге әбден негіз бар.
Есек батыр атына қор құрылып, «Бүгінгі ұйымдастырылып жатқан жиынды өткіземіз» деп шешім қабылдағанымыздың өзіне бір жылға жуық уақыт болды. Бірнеше мәрте алқа отырыстарын өткізіп, батырдың өмір-тарихы, жүріп, өткен жолдары, ел қорғаған ерлік істері туралы деректерді жинап, республикалық, облыстық баспасөз беттерінде жариялаттық. «Айқайлаған дауысымыз алысқа жетпес, баспасөз арқылы насихаттасақ, алыс, жақындағы ағайындар құлақтанар, қалың жамағат үнімізді естісе, бізге қосылар» деп үміттендік. Басты принципіміз «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, Есек батыр тарихын үлкен сахнадан сөйлету болды. Біздің ұзақ жылдар бойы ойланып, толғанып, жеткен жеңісіміз батырдың есімін бар мүмкіндігіміз жеткенше халықтың есіне қайта салып, жете таныстырып, тапқан тың деректерімізді жинап, көпшілікке ой тастайтындай мақала жариялап, көміліп қалған тарихты қайта қозғадық.
Шахмардан Есенов атындағы Каспий мемлекетік технологиялар мен инжинирнг университетінен Есек Есенқұлұлының аудиториясын ашып, көпшілікке таныстыру ағалар бастап, інілер қостап, атқарылған үлкен іс-шараның бірі. Білімнің қайнар бұлағынан су ішіп, жаңа технологиямен қаруланып жатқан жас ұрпақтың ата тарихымызды есінде мәңгі сақтап, өздері де осы бағытта талап жасайтынына бек сенімдімін. Батырдың өмір-тарихы, ерен еңбегі, ел қорғаған ерлігі 22 мамандық бойынша 4 мыңнан астам студент оқитын жоғарғы оқу орнының оқыту бағдарламасына енгізілетін болса, нұр үстіне нұр болар еді.
2023 жылдың 3 қарашасында Ақтау қаласындағы жоғарғы оқу орны ғимаратында ұйымдастырылғалы отырған халықаралық деңгейдегі «Халық батыры Есек мерген Есенқұлұлы өмірі және ерлік жолы» атты ғылыми-тәжірибелік конференцияға көршілес Қарақалпақ елінен, Қазақстанның Астана, Алматы, Орал, Атырау қалаларынан көрнекті ғалымдар мен тарихшылар шақырылды. Көңілді күпті еткен он орамды, мың толғамды бұл жиынға, білімділер мен біліктілер, төл тарихымыз бен әдебиетіміздің жілігін шағып, майын ішкен небір дарабоздар мен талантты азаматтар келеді деп күтілуде. Сондықтан Есек мерген Есенқұлұлының тарих бетіндегі ең таңдаулы, ең талғамды, ең өрісті сәттері ғұмырлы болып, одан әрі қарай жалғасын табады деп үміттенемін әрі сенемін.
«Жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас» деп халқымыз бекер айтпаған. Осы тарихи мерекеге күш-қайратын жинап, моралдық, материалдық тұрғыдан көмектесіп, ақыл-кеңесін берген төменде аты көрсетілген азаматтардың есімін құрметпен, сүйіспеншілікпен атап, қалың жамағаттың есіне салғаным артық болмас. Олардың қатарында Кемал Мейіров, Тобышбай Ауданбаев, Мақсат Мұңалбаев, Омар Оңдасынов, Дүзелбай Бисенқұлов,Тілек Құбайдоллаев, Лұқпан Боқышев, Тойлы Мейіров, Дауылбай Ауданбаев, Хасан Мұңалбаев, Қырланбай Қонысбаев, Мерғали Айтуаров, Жалғасбай Отаров, Дүйсенбек Балқасымов, Базарбай Шарапиев, Айдарбек Еркебаев, Нұрғазы Оңдасынов, Берікбай Сатиев, Асқар Шадманов, Бақытжан Боранов, Қанат Әбдашев, Жолдыбай Қалдыбаев, Сүгір Шамұханов, Қайрат Өтеғұлов, Медина Әбдіғалиев, Әлижан Жомартұлы сынды азаматтар бар. Бұдан басқа аты аталмаған, біздің ісіміздің құптап, ізгі ниетін жолдаған ағайындарға алғыстан басқа айтарым жоқ.
«Аңыз түбі – ақиқат» дегендей, Есек ата туралы аңыз-әңгімелердің түп нұсқасы шындыққа айналып, деректі рухани дүние болып жарыққа шығып жатқаны көңіл қуантарлық іс. Атадан балаға ауызба-ауыз жеткен дүниелердің бірі жыршылар жырлаған жыр болса, оның негізі болған тарихқа құрылған. Батырдың есімін айшықты жырларымен қазақ поэзиясына арқау еткен ақын-жыраулар қатарында Қалнияз Шопықұлы, Қашаған Күржіманұлы, Мұрат Мөңкеұлы, Сәттіғұл Жанғабылұлы,Түмен Балтабасұлы, Ыбырайым ахун Құлбайұлы, Сүгір Бегендікұлы, ж.т.б. бар.
Есек ата туралы дерек жинау барысында көмектескен Сердалы Құлжанұлы Қақабай, Құдайберген Жары Таңатар зайыбы Ескелді Наушабайқызы Үзім сынды ата-әжелеріміздің айтқан әңгімелеріне сүйеніп, көмескі жатқан тарихтың бетін қайта ашқандай болдық. Өмірден өздері озса да артында қалған ұрпақтары әке-шешелерінің адамгершілік тұрғыдан баға жетпейтін шарапатты істерін біліп жүрсін деп еске салдым.
Ел өмірін қорғауда, болашақтың бақыт кілтін мықтап ұстап қалуда, қазақ шаңырағының өзгенің боданы болып кетпеуде жанкешті еңбек еткен даңқы биік батырдың өмір-мектебіне қалам тартқан жазушы, әдебиетші, тарихшы, журналист, мұғалім, т.б. кәсіп иелерінің де есімдерін атап, алғыс-ризашылығымызды білдіру азаматтық парызым деп білемін. Төменде аты аталатын олардың қай-қайсысы да елін сүйген, жерін сүйген, ұлтын сүйген нағыз патриот жандар. Қазақ әдебиетінде есімдері алтын әріппен жазылып, небір тамаша рухани дүниелерді қалдырған Әбіш Кекілбаев, Әнес Сарай Есек Есенқұлұлының тарихи тұлға, ержүрек батыр, жауынгер қолбасшы екендігін құнды деректермен дәлелдеп кетсе, Алшын Меңдалыұлы атамыз көнекөз шежіреші қарттардан естіген тарихи нұсқалар мен аңыз әңгімелерді қатар өріп, баһадүрдің сом тұлғасын елдің санасына сіңдіре түскені ғибраттың істің бір үлгісі. Ізбасар Шыртанов, Өмірзақ Қалбайұлы, Жетібай Жылқышиев, Андрей Қартбаев ағаларымыз да көзі тірісінде төл тарихымызға жаны ашып, Есек баһадүрдің сом тұлғасын аша түсетін тәуір тарихи дүниелерді іріктеп, жазып кеткенінен қалың оқырман хабардар. Бүгінгі баспасөз бетінде батыр бабамыз туралы мақала жазып, материал жинап, еңбектеніп жүрген Өмірзақ Озғанбаев, Серік Негимов, Есентүгел Әзи, Светқали Нұржан, Бектұр Төлеуғалиев, Алқажан Еділханов, Рысбай Дүйсенов, Сұлтан Қадыр, Қаржаубай Рейімбайұлы, Рахат Қосбармақ, Арғын Бисен, Ысқақ Нұриханов, Қаламқас Сатыбалды, Сара Көшерова, Нұржамал Меңдібайқызы сынды қалам иелеріне айтар алғысым шексіз. Есек ата тарихына қатысты игілікті шаралардан, кітапқа материал жинаудан осы жолдардың авторы да тысқары қалған жоқ.
Бас бірігіп, құшақ айқасып, ниет түйіскен соң ғана осы мазмұндас іс-шаралар жүзеге асып, бүгінгідей мереке өмірге келді. Бұл көптің бірі болып аталып өтетін жәй мереке емес, бұл бізді, қазақ халқын көптен бері толғандырып жүрген, ойландырып жүрген, тіпті қиналдырып жүрген тарихи мереке.
Есек мерген атамыздың үлкен тарихи сахнадан сөйлету бізге оңай болған жоқ. Осыдан бес ғасыр бұрын өмір сүрген, табиғи болмысы өзгеше, дүние танымы ерекше, өмір сүру реңіне әсіреңкі бояу түспеген, жалғандықтың ауылынан алыс жүрген, аярлықтың көшін көшіріп жіберген, қиянаттың басынан қамшы айырмаған, өтіріктің өмірін құрдымға жіберген, ана сүтінде, ата қанында қайсарлықтың нәрі бар, түптеп келгенде түп-тамыры батырлықпен ауызданған, тау тұлғалы, өр мінезді, бір сөзді нар азаматтың бейнесін бүгінгі мінберден сөйлету өте күрделі сынақ. Бұл бас қосуды сындарлы, сынамалы сын-сағатта топ жарған, маңызды, мағыналы, ғұмырлы жиын деп ұғынғанымыз абзал. Бұл жиын ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен сынасып, мыңғырған әскерді соңынан ерітетін жорық емес, бұл жиын біліммен, біліктілікпен, тәжірибемен сынасатын конференция болғандықтан батырдың атақ-даңқы мүйізі қарағайдай білімді азаматтардың көңіл-көкірегінде пісіп, жетіліп, дайын болған ғана тарих сахнасында сөйлегелі отыр. Өткен тарихтың жебе-сабағы тағы бір тартылып, межелі жеріне жетіп, діттеген мақсатты мұраттың туын көтеретін болса, біздің күткен жеңісіміз осы болмақ.
Біз тарихты құнттап, қастерлі беттерін қадірлеп, құрметтеп ұстайтын халықпыз. Көзімізді тырнап ашып, жарық дүниенің терезесінен қараған сәттен бастап, әке-шешеміз Есек батыр бабамыздың есімін атап, ерлігін дәріптеп, рухына бас иіп, жиі еске алып отыратын. Көнеден жеткен аңыз-әңгіменің түбі ақиқаттың шырағы болып жанатынын да олар айтып, ескерткен. Бала шағымызда ержүрек атамыздың бейнесін ертегілер әлемінен көрсек, ержеткен соң кітап бетінен оқыдық. Етек-жеңіміз жиылған соң батырдың өмір-тарихына, жорық жолдарына жіті назар аударып, қолымызға түскен деректерді тірнектеп, жинап бастадық. Көпшілік бас құраған жиын-тойларда әңгімеміздің арқауы етіп, тау тұлғалы келбетін ай мен күннің төсіне қондырып, мақтанып қайтатынбыз. Есек мерген десе, құлағымыз елең етіп, естіген әңгімемізді елжіреп тыңдайтынбыз.
Қазақтың басына төнген зобалаң жылдарда халқына қорған болып, жаудың қамалын бұзған ғажайып тұлғаның ерлік-істерін естіген адам таң-тамаша күй кешетіні рас. Ғибратты мектептің берген сабағы бүгін шындықтың айнасы болып, тарихи тұлғаны ел болып, жұрт болып, өзіміздің сөйлетіп отырғанымыз бір ғанибет.
Бүтіндігі мен бірлігі тұтасқан ел ғана бас біріктіріп, өткенін іздеп, кеткенін жоқтап, барын бағалай алады. Осы орайда мақсат мен мұраттың жолындағы қазақ елінің тарихының түгенделіп, өз тұғырына орнығатынына сенемін. Олардың іздеушісі, зерттеушісі, оқушысы – сіздер мен біздер. Қара орман қазаққа қорған болған халық қайраткерінің асыл да бекзат бейнесі биіктеген сайын оның ерлікке толы ұланғайыр істерінің де жарқын беттері ашыла түспек.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін тарих ғылымдарының докторы, профессор Өмірзақ аға Озғанбаевтың мына бір пікірімен аяқтағанды жөн көрдім: «Есек баһадүр сынды тұлғаның есімі тарих бетінде жазылып, қатталып қалғаны елге, ұрпаққа қажет. Тек осы игіліктің үміт-шырағын өшіріп алмай, ұрпақтан ұрпаққа жеткізе білсек, біздің еңбегіміздің еш кетпегені».
Оразбай ТАБЫНБАЕВ,
Есек батыр қорының төрағасы