Қазақтың әйгілі жырауы Сүгір Бегендікұлының бұл шығармасынан бүгінгі әңгімеміздің арқауы Есек батырға қатысты бір парағын көргендей болдық.
«Шығысқа қарай жөңкілген қалмақтар Жем мен Іле арасындағы қазақтардың шапқыншылығына ұшырап, қатты қырылды, кері көшкен 30 909 үйдің Жоңғарияға аман жеткені шамалы. Жоңғарияға босқан қалмақтар 1771 жылы 18 қаңтарда Жайық өзенінен өтіп, Жем бойында Кіші жүз қазақтарының шапқыншылығына ұшырайды. Оған Еділ, Жем бойы қалмақтарының ақсүйектерінің арасындағы алауыздық себепші болады». (Әбіш Кекілбаев, «Ұйқыдағы арудың оянуы», Алматы, 1979 жыл).
Қазақ тарихын көз майын тауысып зерттеп, небір тамаша шығармаларды жазып кеткен Әбіш Кекілбаевтың бұл келтірген мәліметтері құнды дүние. Олай болса, Есек батырдың туған жерін жоңғарлардан азат етуде табан тіреп шайқасқаны ақиқат. ««Есекжал» жері Есек батырдың қарауыл қарап тұрған төбесі екен» деседі тарих көздері. Ол Құлсары кентінен шығысқа қарай 40-60 шақырым жерде. Соған қарағанда «Есекжал» деген шағын төбе не жал сол маңайда болуға тиіс. Тайлан хан өлген жер. «Тайлан» атты мола Ақтөбе облысының Байғанин ауданындағы Дияр ауылынан батыста 35-40 шақырым, Құлсарыдан шығыс-оңтүстік-шығыста 125-130 шақырым шамасында. Тайлан мен Сарықасқаның арасы шамамен 40-50 шақырымдай болса, Есекжал соры мен Тайланның арасы 60 шақырым жер. Міне, осы үш жер атауы орналасқан өңір, яғни Есек батырдың аңыздық-топонимиялық ареалының жалпы аумағы 40-60 шақырым кеңістікті алып жатыр.
Маңғыстау тарихы – бір дастан. Соның бірі бұл қонысқа жеті жұрт келіп, жеті жұрт кеткен бізден бұрын ноғай да, шүршіт те, қалмақ пен түрікмен де жайлаған деседі. Алпыс үй Адай жайлы қоныс, малына шүйгін өріс іздеп, Арқадан ауа көшіп, Жем өзеніне тақап келген шақта өзеннің күнбатыс беті қарақұрым қалмақ екен. Арып-ашып, шаршап-шалдығып, көп көшіп, көлік жайлап келген ел байырқалап, «Бой жазып, демалайық» деп өзеннің күншығыс бетіне аялдапты. «Көршілес, қоңсылас болайық», деп қалмаққа хабар салса, «Аман-есеніңде келген ізіңмен кері қайт», деп жауап қатыпты қалмақ.
Қалмақтан қауіптенген Есенқұлұлы Есек батыр бір биікке шығып, қарауыл қарайды екен. Бір күні атын тұсап, өзі қисая жатса, көзі ілініп кетіпті. Қанша ұйықтағанын кім білсін, ояна келсе, аты жоқ. Ізге түсіп келе жатса, Сарықасқа айғыр бір бұлақтан су ішіп, жусап тұр екен. Сол сапарда Есек батыр қалмақтың Домбауыл деген батырымен шайқасып, оны мерт қылыпты.
Адайдың азулы биі Мәтжан би: «Елде елеусіз өткен екі ер болды», деп айтып кетіпті: Сол екеудің біреуі таутайлақпен алысып, жезтырнақпен жұлысып, мейманасы тасып, ата қонысымызда алшаңдай басқан қалмақтың ханы Тайлан батырды жекпе-жекке шақырып, желкесін қиған Қосай батырдың ұрпағы – осы Есек мерген.
Тағы бір тарихи деректерге сүйенсек, Есек батырдың өмір тарихында мынадай жолдар бар: «Қосай-Байбол-Есенқұлұлы Есек мерген, би, баһадүр бабамыз 1640-1735 жылдар арасында өмір сүрген». «1735 жылы 95 жасында қазақтың жері Шу мен Талас маңдарын жоңғар басқыншылығынан қорғауда асқан ерлік көрсеткен Есек батыр ауыр жараланып, ақырғы аманат сөзін інісі Қоңыр биге айтыпты. Батырдың аманатын орындаған інісі баһадүрдің қаны тамған жерге тобылғы, қамыс, томардан 9 тұрпат жасатып, оны 9 түйеге артып, 9 жаққа жіберген. «Ағасының сүйегін 16 тәулік жүріп, Оғыланды қорымына таяу жатқан Үш шоңқал жеріне 1735 жылы жерлепті», деседі көнеден жеткен әңгімеде.
«Сүйінші! Руы Қосай Байболұлы Есек атаның жатқан жері табылды. Ата ұрпақтары ұзақ жыл бойы іздеп, зерттеп, осы жылдың жазында Оғыландыдан 33 шақырым жердегі «Үш шоңқал» деген жерден тауып, басына құлпытас-белгі қойылды» деп дүйім жұртқа жар салған «Қазақстан – Маңғыстау» телеарнасынан 2022 жылдың шілде айында тараған ақпарат көпшіліктің көңілін елең еткізген. Тарихтың тереңінен сыр тартқан батыр бабамыздың өмір тарихы сол күнгі ақпаратта былай өріліп еді: «Есек мерген Кіші жүз тайпаларының Жетісудан Түркістанға, Сауран маңынан батысқа, Маңғыстауға көшін бастап келген батыр. Әбілқайыр ханның кеңесшісі, қолбасшысы болған тұлға». Сондай-ақ осы мазмұндас ақпарат Маңғыстау облыстық «Маңғыстау» газетінде 2021 жылғы 29 қараша күнгі санында жарияланды. (Оразбай Қосай, «Есек мергеннің бейіті табылды», «Маңғыстау» газеті, №115. 29.11.2022 жыл).
Есек мергеннің бейіті табылғаны туралы «Қазақстан –Ақтау» телеарнасына берген сұхбатында Кемал Мейірұлы: «Атаның жатқан жеріне барып көріп, бейіттің алдын да, артын да қарадық. Алдында екі тастың астында жазған жазу және артында аяқ жағында бір тастың астында жазған жазуды таптық. Екеуінде де арап әрпімен «Есек» деп жазу жазылған. Бұрын естігенімде шағатай әрпімен жазылған деп естіп едім, ол бекер сөз екен. Ешқандай қателігі жоқ. Оның атамыз екені рас»,-дейді. Ал атақты ақын Светқали Нұржан: «Халық Маңғыстауда «Үш шоңқалда» Есек мерген жерленген деп айтып жатыр. Мен бұған бірден сол еді деп айта алмаймын. Есек мергеннің Маңғыстауда жатуы әбден мүмкін. Ол кісінің туған құдасы Жаңайұлы Қожаназар, оның серіктері Шотан мен Қонай да Сисем ата пантеонында жатыр. Сол маңайда Есек атаның бейіті табылып жатыр десе, мен оны жоққа шығара алмаймын. Ол кісінің Маңғыстауда жерленуі заңды және әбден мүмкін», депті бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбатында.
Өз дәуірінің дүлдүлі, бүгінгі ұрпаққа мол мұра қалдырған Сәттіғұлдың ақынның:
«Әріде өтті ер Есек,
Таутайлақты мұны атқан.
Жезтырнақты құлатқан» деген сөздері халықтың жадынан шыға қойған жоқ.
Есек батыр Есенқұлұлының есімі қазақтар Сауран айналғанда Адайларды Маңғыстауға бастап келуші батырлардың бірегейі ретінде аталады. 1928 жылы Санкт-Петербургте Адай уезінің аумағындағы өсімдік-ботаникалық жұмыстары туралы кітап басылып шыққан. Бұл кітапқа енгізілген жұмыстардың дені КСРО Ғылым академиясының 1926 жылы жүргізген зерттеуші тобының есебі. Сол есептердің бірінде Маңғыстауға қазақтардың алғаш келіп қоныстануы баяндалады. «Бұдан, яғни 175 жыл бұрын мерген Есен Есенқұлов бастаған Байұлы балалары батыс Түркістанның Сауран деген жерінен шығып, батысқа қоныс іздеуге аттанған». (М.Ищенко, «Особенности сельского хозяйства Адаевского уезда» (М.–JL, 1928. 1006), «Материалы экспедиции Института истории, археологии и этнографии АН Каз ССР в 1957 г. на Мангышлаке»). Тағы да зерттеушілердің сөзіне жүгінсек, Есен деп отырғаны шындығында Есек мерген Есенқұлұлы екені дау туғызбайды. Себебі шежіре білетін қарттар «Есек мергеннің азан шақырып қойған аты Есенбет» екен деп те әңгімелейтін.
Орыс саяхатшылары кітабындағы деректердегі атақты батыр Тама Есет Көкіұлы қазақ халқын жоңғар басқыншыларынан қорғаған адам (1667-1749 жж.). Батырды орыстар «Есет Айрахтинский» деп атағанын Әбіш ағамыз айтып кетіпті. Бейнеу ауданының Тоқсанбай бағытына жүрген жердің атауы «Тама Есет батырдың тұмсығы» деп аталады. Сол сияқты «Есекжал деген төбенің де бір кездері Есек батырдың жүріп өткен жолдары» деген ескіден қалған әңгіме тарих шындығымен ұштасып жатқан тәрізді.
«Ел Саураннан қозғалып, қоныс іздеушілер біршама уақыт Арал теңізінің шығысында болған. Кейінірек Аралдың терістік-батыс жағалауымен ілгерілеп, барлау жүргізген. Адай елінде айтылатын аңыздарда олар өздерін «Зеңгінің Алатауынан келгенбіз» дейді екен. Сөйтіп, Маңғыстау топырағына аяғын алғаш басып, барлау жүргізген осы мерген Есек Есенқұлұлы бастаған қоныс іздеушілер болған». («Адай шежіресінің» 1-кітабы).
Тарихи мәліметтерді сөйлетсек, Кіші жүз қазақтары Тәуке хан тұсында мемлекеттік деңгейдегі міндеттерді атқарған. Әскери басшылықтың да тізгінін ұстапты. Тағы бір құнды дерек – біздің елдің сол тұста Сарыарқада жүруі. Орыс патшасының елшілері Ф.Скибин мен М.Трошин Тәуке ханға жеткенше көп қорлық көріпті. Жергілікті қазақтар бұларды бірнеше жерден шауып, қуып, адамдарын өлтіреді. «Сол қазақтар шиті мылтықтарымызды, қылыштарымызды да түгелдей тартып алды, аттарына мінгестіріп, өз ұлыстары Табын, Алшынға алып келді» дейді.
Есек батырдың ғұмыры, өмір сүрген жылдары, елі үшін жанқиярлық айқастарда көрсеткен ерлік істері туралы тарихи деректердің әлі де табылуы мүмкін. Сондықтан осы бір игілікті мұратты шаруаға арнайы мемлекеттік бағдарлама жасалып, архивтің түп-төркіні жатқан Санкт-Петербург, Орынбор, Тобыл, Омбы қалаларының қорларын ақтарған жөн. «Сөйтіп, батыр атамыздың тарихи тұлғасын сомдап, оны тәуелсіз еліміздің мінберінен сөйлету бүгінгі тарихшылардың үлесінде. «Атырау жайлап, Жем көшіп жүрген Адайларға жер және су мәселелері өте маңызды болды» деген дерек айтылады. Адай тайпасының бір жолғы жер бөлісуі «Есекжал» деген жерде Түрікменадай тайпасының Байбол тармағынан шыққан білікті, беделді азамат Есек Есенқұлұлының басшылығымен жүзеге асқан» деген әңгіме де ескі дәуірдің бір естелігі.
Маңғыстауға Адайдың 60 үйін бастап, қоныс іздеп келген Есек батыр малына жайлы қоныс, шұрайлы өріс іздейді. Үстірт үстіндегі бір суы мол құдыққа келіп қоныстанады. Қоныс жайлы болғанымен, малға су тапшы. Дана батыр көп ойланбастан сол жерден төрт құдық қаздырады. «Сол жер Бесшымырау аталған екен» дейді көнекөз қариялар. Бұл құтты қоныс Бейнеуден 105 шақырым, Ақжігіт елді мекенінен 40 шақырым жер. Құдықтар әлі де халық қызметіне жарап отыр. Осы маңайда ескі бейіттер де бар.
Есек батырдың рухына бағышталып, жасалып жатқан игі шаралардың саны көптеп саналады. 2005 жылдың 22-23 шілдесінде Ақтөбе облысы, Байғанин ауданы, Шибұлақ елді мекенінде, яғни әйгілі Көкмешіт орналасқан жерде мерген, батыр, би Есек батырға ас берілді. Асқа Түрікменстаннан, Қарақалпақстаннан, Қазақстанның Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстарынан ата ұрпақтары келді. Баһадүр Есек мерген атамыздың атын дәріптеп, насихаттау мақсатында Сарға ауылының ардагерлерінің ұсынысы негізінде баһадүрдің атына көше берілді. Елін сүйген батырға елі құрмет көрсетіп, көшеге ескерткіш тақта орнатты. «Есек мерген Есенқұлұлы Қазақ елінің тәуелсіздігі үшін күрес тарихында айырықша орны бар батыр. XVІI ғасырда осы өңірді қалмақтардан азат етіп, Кіші жүз қазақтарын түбегейлі орнықтырған ірі тұлға, Қосай Есенқұлұлы Есек мерген батыр шамамен 1662-1758 жылдары өмір сүрген. Ескерткіш тақта орнатқан Салықбай Дүйсеновтер әулеті» деп жазылған жазу өткен дәуірдегі ұлы көшті бастаған батырдың даңқына көрсетілген құрмет.
««Ұлы бес шымырау», «Кіші бес шымырау» аталған құдықтарды 1697 жылдары «Есенқұлдың бес бөрісі» атанған Есек, Еміл, Өрезек, Нұрбай, Қоңыр ұрпақтары қаздырған»,- дейді халық. Жердің астынан шыққан суы мөлдір құдықтың қызығын халық әлі де көріп отыр.
Есек баһадүр сынды тұлғаның есімі тарих бетінде жазылып, қатталып қалғаны елге, ұрпаққа қажет. Тек осы игіліктің үміт-шырағын өшіріп алмай, ұрпақтан ұрпаққа жеткізе білсек, біздің еңбегіміздің еш кетпегені.
Өмірзақ ОЗҒАНБАЕВ,
профессор, тарих ғылымдарының докторы
«Егемен Қазақстан» газеті,
15 наурыз, 2023 жыл.