Есек батыр

«Арға тартпай арман тұл, намыс қумай мақсат тұл». Бұл – Әбіш аға Кекілбайұлының сөзі. Қазақ халқының ардақты ұлы, құрметті азаматы, абыз ақсақалы болған дарынды Әбіштен сөз қалған ба? Дүние есігін ашқанда ұлы құдірет иесі жұдырықтай жұмырығына ырзық-несібесі қаламын ұстатып жіберсе керк, сөз зергері өле-өлгенше өз принципінен айнымай, қазақтың тарихын тамашалаумен, таңданумен, таңдайын қағумен өтті. Оның бір себебі қазақ тарихы тамырының тым тереңдігінде. Төл тарихымыз тереңдеген сайын ол нәр алып жатқан кәусар бұлақтың дәмін татып көріп, шырынын таңдайына жаққан жаннан бақытты адам бар ма екен, сірә. Сол кәусар бұлақтың дәмін мейірленіп ішіп, шөлі қанған екі адам болса, соның біреуі, бір адам болса, соның нақ өзі осы Әбіш аға.
Неге біз әңгімеміздің басын Әбіш ағадан бастадық. Күллі қазақ тарихын, соның ішінде Маңғыстау тарихын Әбіш Кекілбайұлынан артық зерттеп, зерделеген кім бар?
«...Ендеше қазіргі Адай тайпасындағы рулардың бүгінгі қоныстарымен байланысы тым әріден басталады. Олардың кейбіреуі Маңғыстау түбегіне моңғол шапқыншылығынан да бұрын, кейбіреуі Алтын орда заманында келіп орналасуы ғажап емес. Махмұд Қашқари картасында Атырау теңізінің шығыс жағалауында қыпшақтар мекендейтіні бейнеленген. Сабит ибн аль Джуази XI ғасырда түбекте қыпшақтар мекендеп, 1065 жылы олардың оңтүстік жағындағы көршілері жазырлармен бірге селжүктер шапқыншылығына қарсы шыққанын жазады. Ибн әл Әсір бұл қыпшақтардың өз ханы бар екенін, ол 1096 жылы Хорезмді шауып алуға барғанда Хорезм шах пен Санжар сұлтан екеулеп жүріп, зорға тойтарыс бергендерін мәлімдейді. Нәдір шахтың тұсында да, тіпті XIX ғасырдың басында да Маңғыстаудың оңтүстік бетіндегі ұланғайыр жазық дала Дешти Қыпшақ атаныпты. (Материалы по истории туркмен в Туркмении. М-Л, 1979.,Т.467, М-Л.,Т.2.1938.,117, 130-132,161- беттер).
Ендеше Алтын орда заманында Түйе қожа оғылан, Тоқтамыс, Балташық басқарған, кейін оған Батыстан қосылған Ноғай ордасы ұлыстарының құрамында жүрген бертінде кіші жүзге кірген түпкілікті рулардың арасында олар да бар болса керек. Өйткені сол замандағы «Қырымның қыры батыры» сынды ноғайлы жырлары циклының тек Маңғыстауда түгел сақталуы кездейсоқ құбылыс емес сияқты. Атақты ақтабан жылдарында Сауранды астана еткен, содан «Сауран айналдық» дейтін Кіші жүз рулары да бір кезде Қаратау бойына қай өлкеден келсе де сол өлкеге оралғаны, оларды өздерінен кейін қоныстанып қалған өзге жұрттардан қайта босатып алғандары белгілі. Адайлар да сөйтіп Маңғыстауды қайта иемденсе керек».( Әбіш Кекілбаев, «Түркістан тағылымы» мақаласы, «Тарихы терең Түркістан», Алматы, «Білім»- 2000).
Атақты ғұламаның тайға таңба басқандай етіп жазған осы тұжырымдасы «Маңғыстауға кімдер бірінші келді, қашан уақыт мекендеді?» деген үлкен сұраққа тиянақты бір жауап табылды деп ойлаймын. Ұлы жазушы айтқандай, әйгілі жоңғар шапқыншылығынан соң қоныстанған Адайлардың тағдыр-тарихы өзі алдына бір әңгіме.
Қазақтың сөз көмбесіне мол рухани мұрасын қалдырған атақты Мәтжан би: «Адайда ескерусіз кеткен екі ер болса, соның бірі – Есек батыр» деумен кетіпті. Біздің әңгіме еткелі отырған басты кейіпкеріміз осы Есекмерген батыр. Шыққан тегі Адайдың Құдайке тармағынан өрген Байболдың ұрпағы Есенқұлұлы Есек батыр елі үшін еңіреп туған ер, құралайды көзінен атқан мерген, тарихта аты қалған баһадүр батыр. Қазақтың алтын қорына мұхитқа құйған тамшыдай болып құйылған, қай заманда да өмір тарихын, дөңгеленген дүние тарихын сөз өнерімен өрген тума таланттарымыздың шығармаларының бойына үңілсек, зерленген мөр сияқты бабаларымыздың өмір дерегін оқығандай боламыз. Сол інжу маржан жырдың бір үзігі Қосай Байболұлы Есенқұл ұрпақтары туралы былай дейді:
«Есенқұлда бес ұл-ды,
Өрезек, Есек, Еміл-ді,
Нұрбай мен Қоңыр-ды.
Бес баланың ішінде,
Есек, Нұрбай басы еді,
Дұшпанымен қас еді.
Еділ, Жайық екі су,
Ен Шаған мен Қобылды,
Даудан тартып алды деседі.
Рыскелді, Кенжалы,
Қара сөздің шешені.
Бекжан төре Нұрбайдың,
Тілі жұмсақ, сөзі майда.
Алтынбек хан, Киікбай,
Ажары күнмен тең айға.
Жұбантұр мен Тілеуудің
Ақылы жарық шарайна.
Аманша мен Санақай,
Енді олардай ер қайда?
Құрағы өсіп, гүлденген
Көкорайлы көл қайда?
Мақпалдай шөбі түрленген
Көделі құмайт жер қайда?».
Ыбырайым ахун Құлбайұлы.
Есек мерген Есенқұлұлының орасан зор ерліктері мен ел мүддесі үшін жасаған игілікті істері туралы атадан балаға аңыз болып келе жатқан рухани дүниелер өте көп. Аңыз деп айтайын десең, түбінде ақиқаттың шырағы жанып тұр. Шырақты үрлеп, әдемі етіп жағайын десең, телегей-теңіз білім керек. Білімсіздің сүйексіз тілінің бір жері жазатайым тиіп кетсе, қасқалдақтың қанындай болған там-тарихтың бір жерін жарақаттап, тіпті жоғалтып аламын ба деп уәйім кешесің. Тарихтың босағасына тірек болатындай пайымды дерегің мен асқан білімдарлардан қалған тағылымды тұжырымың болмаса, халықтың трибунасына шығып алып дені таза, адал әңгіме айту тағы қиын. Қилы заманның талайлы тағдырын кешкен қазақ тарихы, қазақ тарихына алтын арқау болған Есек батыр сынды бірнеше жүздеген батырларымыз бен азуын айға білеген Мәтжан би сынды бірнеше жүздеген билеріміздің өмір-дерегі бас болған патшасымен, ханымен бірге қытай, моңғол, неміс елдерінің тарих-көмбесінде жатыр. Қашаннан іргелес отырған орыстың сандығында том-том болып жиналып тұрған қазақ тарихының мұрасы телегей-теңіз дүние. Қалай айтсақ та өзімізге тиісті мол мұрамызға әлі күнге дейін қол жеткізе алмай отырғанымыз өкініштің бір күйі десем, артық айтпағаным. Атам қазақтың ұрпағына қалдырып кеткен «Кісідегінің кілті аспанда» деген сөзі осы пікірімізге дөп келіп тұр.
«Тарих қиянатты кешірмейді» деген тәмсілге сүйеніп, Есек мергеннің өмір жолдарынан тағы бір деректі көрсетейік. «1694 жылы Томскіден Тәуке ханға елші боп бірге келген Федор Скибин маусымның екінші жұлдызында Есек мергеннің 300 аттылы жасақпен Түркістаннан шығып жортуылға атанғанынан хабар береді. («Истроия Казахстана в русских источниках XVI-XX вв, Алматы, 2005 жыл, 1-том». Әнес Сарай «Көнеліктер» кітабы, 273 бет. «Санат»-2008).
«Оның жол көрсетушісі Тобыл губерниясының Вагай ауылының Чекек деген адамы екені айтылады. Шамасы ол орыс шекрасына жорыққа аттанған. «Әлгі жоғарыда атаған Есек мерген мен барда Түркістанға қайтып оралған жоқ. Қайда кеткендерін мен білмеймін» деп жазады Скибин. (Әнес Сарай, «Көнеліктер», 273 –бет).
«Біздің Мәртөбеде, Күлтөбеде, Қарақұмда мәслихат құрған бабаларымыз да бұндай мәселеге ерекше мән берген. Бір өңкей төрежақ, бір өңкей қожажақ, не қаражақ болып кептеген. Үлкен тарихи сын түскен кезеңдерде халықтық бұқараның саяси ықпалы артып отырған. Ел басына қандай кезеңнің кез келуіне байланысты біресе абыздық, біресе нояндық қауымның ықпалы басым түсіп отырған. Тәуке заманының бастапқы кезінде билердің, аяқ кезінде батырлардың үстем түсуі де сондықтан. Тарихшы Н.Г.Аполованың 1711 жылғы Қарақұм құрылтайы ел басына түскен жағдайға байланысты батырлардың басым түскен жиыны болды деп бағалауының әбден жаны бар. (Н.Г.Аполова, «Присоединение Казахстана к России» Алматы, 1948 жыл, 169- бет). (Әбіш Кекілбаев, 12 томдық шығармалар жинағы, 8-том, «Әйтеке би» шығармасы, 65-бет). Заңғар жазушының осы сөзін ескерсек, Әз Тәукенің бас сардары Есек мерген Есенқұлұлы болды деуге әбден негіз бар. Сөзімізді нақты дерекпен жалғайық. «Осы шағын дерек Қосай ұрпағының қазақ хандығына қайтып оралғанынан, Есек мергеннің Тәуке ханның астыртын жеке тапсырмаларын қолбасыларының бірі болғанынан хабар береді». (Әнес Сарай, «Көнеліктер», 273-бет).
«Есек мерген Есенқұлұлы XVII ғасырда, Атағозы берігеректе XVIII ғасырда өмір сүрген адам. Мен ұзақ жылдар бойы Кіші жүзден шыққан Алтай батырды зерттегенімде көптеген жайттардың куәсі болдым. Деректер көне түркі, шағатай тілінде, көне қазақ тілінде араб қарпімен түскен. Бұған дейін жарияланған деректерде ғалымдар түпнұсқа хаттардың көне славян немесе орыс тіліндегі аудармасына иек артқан. Түп нұсқамен салыстырып қарамайды. Араб қарпінен түскен түпнұсқа хаттар тарихы басқаша көрсетіп жатыр»,-дейді тарих ғылымдарының кандидаты Жәнібек Исмұрзин.
Жоңғар мемлекетінің тізгінін Сыбан Раптан ұстанған кезде жоңғарлар қазақ жеріне 7 рет (1698,1711,1712,1714,1718,1723 жылдары) жойқын шабуыл жасап, басып кірген. Осы соғыстың 4-і Тәуке ханның тұсында болған. Осы қанды шайқастарға Есек мерген Есенқұлұлының бірнеше рет қатысқанын растайтын деректер айғақ-куә. «Ақтабан шұбырынды Алқакөл сұлама», «Бұланты», «Аңырақай шайқасы», «Кіші жүздің Сауран айналуы», «Шаңды жорық» соғыстарына қатысып, қазақ жерін жаудан қорғаған баһадүрдің ерлік істері уақыт тілі ілгері жылжыған сайын әр қырынан көрініп келеді.
Халық аузында жүрген мына бір әңгімеге назар аударсақ. «Қазақ тарихында естен кетпес ауыр азапты жылдар көп болды. Қақаған қыс, дүлей жұт, осының салдарынан туған ашаршылық пен жоқшылықтан еңсесі түсіп, аш-жалаңаш жаяу-жалпы шұбырған халық Шу өзінінің Балқаш көліне құйған жерінің батыс жағындағы Саумал көл дейтін көлдің бойына келіп айнала сұлап жатыр. Сонда ақылгөй қарияның бірі тұрып: «Жарандар, адам бастан кешкен жақсылықты қалай ұмытпаса, жамандықты да солай еске сақтауы керек. Біздің бұл тартқан азабымыздың аты «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама болсын» дейді. Күні бүгінге дейін еңбектеген бала мен еңкейген кәріге дейін білетін «Елім-ай» әні осы қасіретті жылдардың бір көрінісі».
«Қазақтар мен қарақалпақтардың 40 мың қолы қалмақ хандығымен соғысуға келе жатқанын хабарлайды. Қазақтар бірігіп, Сәмеке, Әбілқайыр хан (Кіші жүз) және Барақ пен Есім сұлтандар бастаған 10 мың қазақ жасағы 1726 жылы Церен Дундук хан мен Доржи Назаров иеліктеріне басып кірді. Онда Кіші жүз Адай батырларының ішінде Атақозы, Өмір, Темір, Есек, Есен, Табынай, Шотан, Бергей, Сабытайлар болды» . (В.А.Моисеев, «Джунгарское ханство и казахи ХVІІ-ХVІІІ в.в.»).
Қазақ халқы азаттықтың ақ таңы мен бостандықтың бақытын аңсап, қаншама уақыт ат жалында өмір кешті. Елім деп туған ерлеріміз ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен ел басына күн туған сын сағаттарда көзсіз ерлік көрсетіп, атамекен жері үшін кеудесін оққа тосқан жоқ па? Олар салып кеткен ұлы жолда айтсақ тіл жетпейтін сан ғасырлық тарихтың жал-жал болған көмбесі жатыр. Біздің мақсатымыз – сол жұмбақ көмбенің құпияға толы беттерін ашып, әлемге әйгілеу.
Алтайдан Атырауға дейінгі ұлан-ғайыр аймақты алып жатқан жерімізді жауға бермей, кейінгі ұрпаққа аманаттап кеткен рухы биік батыр бабаларымыздың қай-қайсысы да ой-өрісі биік, бітімі кесек, бір-бір бөлек тұлға. Олардың еміреніп елін сүйген шексіз махаббатының өзі айтса, тіл жетпейтін, көрсек, көз жеткізбейтін аспан мен жердей шексіз жатқан бір әлем. Елін қорғауда күндіз отырмай, түнде ұйықтамай, табанын тас тіліп, маңдайын күн тесіп, төсегі қара жер, жамылғысы көк аспан болып, ат жалында өткізген ондаған, жүздеген жылдарының өтеуіне қандай баға берсек те артық болмас.
Тарихтың тағы бір парағына енген жаңа дерекке көз салайық. «Көп ұзамай қазақтар күзде қалмақтарға шабуыл жасауды ойлауда деген әңгіме тараған (РИССА,122-қ., 122/1-т.,1738, 1-іс, 80 п). Әдеттегідей өзен бетін мұз басқан соң 1739 жылы қаңтарда қазақтар Еділге келіп, Черный ярдан төмен тұстан таулы бетке өткен. Царицын коменданты П.Кольцов алғашында
10 000 қазақ келді дегенмен кейін 4000 адамға қысқартқан. Олар таулы бетте ешкімге ұрынбай Еділдің шабындық бетіне өтіп, өз қоныстарына кері қайтқан. Дондук Омбоның қалмақтарына келген Есек батыр бастаған кіші жүздің қазақтары еді. Есек батыр 1500 қолмен теңіз қостары арқылы Кум өзеніне дейін барғанымен қалмақ ханын таба алмаған. Жолда қолға түскен қалмақ тұтқынынан Дондук Омбоның сақадай сай дайындықпен қазақтардың күтіп отырғанын естіген соң ешқандай олжасыз кері қайтуды шешкен. Қардың түсуі әрі қатты аязға байланысты жолда біраз адаммен көптеген жылқы жоғалған. Кері қайтқанда қазақтар орыс батағаларынан 30 адамды алып кеткен. Мұны көрген Есек батыр оларды босатып, ұстауға қатысқандарды қамшымен дүрелеген. (РМКАА.248-қ.,1183-іс, 241 п.е.ж.493п,е.ж). Бұған қарағанда қазақ қолбасшылары арасында орыстарға тиіспеу жөнінде өзара келісім болған сыңайлы. Осындағы Есек батырды И.Ф.Ерофеева Есет батыр дегенімен архив қорындағы құжаттың екі жерінде «Ишик батыр» деп жазылған. (РМКАА;248-қ., 1183-іс, 493 п,е.ж.Ерофеева, 2003.с.227). (Бір ескеретін жайт, тарихи деректерде, көне әңгімелерде Есек батырдың есімі Есет, Ешек, Ишак, Есен, Есекей, Есенбет, Есенберген деп аталады. Есімінің қасына әкесінің аты Есенқұл тіркелгенде ғана оның Есек батыр екендігіне көз жеткіземіз).
Сол тұста қазақтар құба қалмақтармен қатар қара қалмаққа да соққы берген. 1739 жылдың қысында 30 000 қазақ қосыны жоңғарға жойқын шабуыл жасап, 300 шаңырақты талқандап, 3 қалмақ тайшысының көзін жойған. Ол туралы 19 ақпанда Өскемен бекінісінен поручик Е.Беков Жәміш кеңсесіне хабарлаған. Мұны қаңтар айында Қалдан Серен иелігіне барған бұқаралық Юсупбай Бабай Зайсаннан естіген. Осыдан соң ойрат басшысы қазақтарға қарсы дайындалған. (Жәнібек Исмұрзин, «Алтай батыр және оның заманы», «Қалмаққа қарсы күрес» бөлімі,182-183 бет. Ақтөбе- 2023. «Хабар-Сервис» ЖШС).
Ерен тұлға Есек батыр Есенқұлұлының елі үшін жасаған ұланғайыр ерліктерінің алды-арты бұл емес. Ол жүріп өткен жолдардың асқар шыңды құзында, қиясы мен белінде өр тұлға, қайтпас қайрат иесі, шарболаттай нар тұлғаның адам айтса сенгісіз ерліктері жатыр.
Маңғыстаудың шежіре-тарихын түгендеуде зор еңбек жасап кеткен, аты айтулы тұлға Алшын Меңдалыұлы атамыздың рухани дүниесінде мынадай дерек бар: «Жем өзенінің құбыла жағында Жемнен 50 шақырымдай жерде Адайдар жиналып, Есек батырдың ауылында кеңеседі. Адай ақсақалдары Маңғыстау мен Үстірттің түрікпендер тастап кеткен қонысы мен су көздерін меншіктеуге көпшілік болып сөз байласады. Бұл кеңеске әр рудың әр атасынан өкілдер қатысады. Жарыдан Шотан батыр мен Үсен, Бәйімбеттен Төлеп, Арғынбай батырлар, Ескелдіден Жанұзақ, Жеменейден Бегеш батыр мен Сейіт би, Зорбайдан таған, Бабықтан Әжібай, Шоңайдан Бекбауыл мен Құнан, тағы да басқа белгілі адамдар бар» дейді. Осы жиын өткен жер кейіннен Есекжал деп аталған. Маңғыстау тарихын зерттеушілер бұл уақыт шамамен 1768 жылдар деп пайымдап, Адайдарлың Маңғыстауға орнығуы 1770 жылдар деп есептейді.
«Көне Түрік қағандығы біздің түп тамыр әуелгі ұлы мемлекетіміз. Алтын орда одан соңғы бабаларымыз орнатқан даңқты ұлысымыз. Көк Орда қазақ жұртының этникалық бірлігіне жол ашып, мемлекеттік жүйесін қалыптастырған туған әкеміз десек, Қазақ ордасы біздің өз есімімізбен көрінген халқымызды этнос ретінде біржола орнықтырған құрылым болды». (Мұхтар Мағауин, «Қазақстан тарихының әліппесі». «Алматы» -1995).
Француздың ағартушы философы Ш.Монтескьенің: «Әлемде бірде-бір халық даңқы жағынан да, ұлылығымен де татарлардан (татарлар-түркілер ) асып түспеді...Осындай жеңімпаз халыққа өз тарихын дәріптейтін тарихшылар ғана жетіспейді. Қаншама таңғажайып тарихи оқиғалар жазылмай қалды. Олар қаншама империя құрды, олардың шығу тегі бізге беймәлім. Мәңгілік жеңістеріне сенімді бұл жауынгер халық өткен даңқты тарихын болашаққа мұра қылып қалдыруды ойламады», -деген пікірімен келіспеске болмас деп ойлаймын.
«Қазақ деген ел едік,
Қайырлы халық атанған.
Үш қожаның тұқымы,
Өсіп-өнген қатардан.
Үйсін, Арғын, Алшын деп
Үш жүз болып атанған»,-деп жырлаған Ер Қосайдың бір ұрпағы Қашаған ақын. Сол айтқандай, үш жүздің баласы бас қосып, татулықтың туын бірге көтерейік. Сонда ғана елім деп туған ерлердің рухы шат болары ақиқат.
XX ғасырдың алғашқы жартысында (1899—1951жж.) Шығыс Түркістанның тәуелсіздігі үшін күрескен ұлт азаттық қозғалысының көсемі, Алтай қазағы Оспан Исламұлының соңғы өсиет сөзі елім деген ерлерге аманат болмақ.
Жерімді жат қолына берме, Құдай,
Елімді аман-есен сақта, Құдай!
Ұлың құл, қызың күң боп өтпесе екен,
Басынан бақыт құсы кетпесе екен.
Қор болып бордай тозған сорлы қазақ,
Көл қылып көздің жасын төкпесе екен.
Тәңірден бармақтай-ақ бақ сұрадым,
Қу соғыс жалмап кетті жақсыларын.
Жерімді елім саған аманаттап,
Елімді ерім саған тапсырамын.
Қаламқас САТЫБАЛДЫ,
Оразбай ТАБЫНБАЕВ