Қазақтың қилы тағдыры

«Мен қазақпын мың өліп, мың тірілген».
Жұбан Молдағалиев.

Қазақ халқының басынан бағын тайдырып, бірнеше ондаған жылдар бойы зорлық-зомбылықта ұстап, алтын бесігі – туған жерінен айырған жоңғар шапқыншылығы өз алдына жатқан бір үлкен тарих. Туған халқымыздың төл құжатында қаратаңба болып қалған қайғылы тарих туралы айтылып та, жазылып та келеді. Қиянатшыл елдің дұшпандық ниетінен туған сұрқай соғыс саясатының әлі де болса ашылмай жатқан парақтары көп. Ол тарихты түп-тамырынан қопарып, оқып, зерттеп, жазу ел болашағы – жастардың еншісінде.
Қазақтың көне тарихы сөз болғанда аты қатар айтылатын үш қала бар. Бірі – Түркістан, екіншісі – Сауран. Үшіншісі – Сайрам. Үшеуі де қазақ халқының сан жылдардағы өмір-тарихының куәсі болған, көне тарихтан сыр шертетін қасиетті шаһар.
Түркістан – Қазақ хандығының астанасы болған тарихи, мәдени қала, Орта Азия мен Тұран даласындағы ең көне шаһар. Тарихи деректер бойынша, Түркістан атауы "түркілер елі, мекені" деген сөз. V-VІ ғасырларда іргетасы қаланған Түркістанның атауы бірнеше рет өзгерген. Алғашқы атауы – Шавғар. Қазақша мағынасы Қаратау. Арабтың тарихшы-географы әл-Истахри ибн Кордаубех ат-Танрази өз жазбаларында Шавғар жайлы "Көне Шавғар ХІ ғасырға дейін өмір сүріп, ХІ ғасырдан бастап қала орталығы Ясыға көшті",-депті.
Жоңғар қазаққа жау болып, туған жерімізге баса-көктеп кіргенде көп зардап шеккен шаһардың бірі – Түркістан. Түбі туыс түркі халықтарының алтын бесігі саналатын Түркістанның тағдыр-тарихында маңдайына күн сәулесі төгілген мерейлі күндер де, басына қара бұлт үйірілген қаһарлы күндер де бар. Бір кездері татулығы мен ынтымағы жарасқан түркі тілдес бауырлардыңбас қосқан небір салтанатты жиындарының сахнасын ашып, әңгімесін жүргізген осы шаһар. Ел қорғаған батырлар мен елдің сөзін айтқан билердің де айбынды сөзі осы топырақта жазылған. Ел тұтқасы болып сайланған талай хандардың жанған бағы мен жарқыраған жұлдызының сәулесі түскен де осы қала.
Тарихы тереңнен бастау алатын Түркістанның өткені мен кеткені туралы көне дерек көздерін не дейді, соны бағамдайық.
«Қазақ халқының тарихында маңызды орын алатын осы кезеңде Түркістан қаласы саяси, мәдени мәселелерді шешетін негізгі жұрты болып, Мәртөбеде (Саурам маңындағы тау) үш жүздің өкілі жиналып, мәслихат құрып, жайлау, қыстау, ел ішіндегі, сыртындағы жағдайдарды талқылап отырды. Осыған орай деректе кездесетін «...Главное июрдь этих хишников в то время было в нынешней Сырь-Дарьинской области, по среднему теченію реки Сыр-Дарые и в окрестностях города Туркестана, где жиль сопи «казацкий» или киргизский хань «Тавка» («Тавка», бұл – Тәуке хан). (ГАОО, Посланцы быль конца XVII столетия. Рассказы из забытого прошлого сибирских казаков» ф.366 ОП.I.д.341.) деген жолдар Түркістанның үлкен орталық рөлін атқаратынын тағы да растағандай». (Д.Мұстапаева, «Түркістан – Қазақ хандығының астанасы» шығармасы, «Тарихы терең Түркістан», Алматы, «Білім»-2000.).
Жоғарыда аталған деректерге өз көзқарасын енгізген мына мысалдарды айтып өтсек жеткілікті болар. «Орыс елшілерінің көшпенді шаруашылықты сипаттап беруіне назар аударсақ, оны тек ұрлық-қарлықпен байланыстыра көрсеткен. Осыған орай архив құжаттарына сүйене отырып, қазақ халқы айналысқан шаруашылыққа қазақтардың көзқарасын көрсетіп, олардың дұрыс пайымдау еместігін, XX ғасыр басында өз халқының өмір салтын обьективті ғылыми тұрғыдан дәлелдеп, түсіндірген қазақ зиялылары Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, т.б. пікірлерімен дәлелденген дұрыс. (М.Қойгелдиев, Т.Омарбеков, «Қазақстан тоғыз жол торабында», «Егемен Қазақстан», 28 қазан, 1992 жыл).
Түркі халқының басын қосып, тілек-ниетін біріктірген Түркістанның 25 жыл бойы жоңғардың қолында қалуы, қазақтың қорлануымен, зарлануымен өткен ел өміріндегі аса ауыр трагедиялардың бірі. Осы зарлы заманды шығармасына арқау еткен халық ақындары мен жыршыларының тарихи мұраларын оқыған қазақ зиялылары «Елдің талқыға түскен тағдыры» деп баға берген.
«...Ташкенттік Нұрмұхамед деген саудагер Уфаға барғанда Түркістан туралы мынадай мағлұмат бергенін орыс зерттеушілері атап өтеді. Әлгі саудагер Түркістан Ташкенттен атпен жүргенде бір жарым күндік жер екенін, Сыр бойында Аққорған, Сауран, Сунақата, Созақ, Қарнақ, Ихан, Отырар, Қарашық секілді қалалар болғанын, бірақ бұлардың көбі қалмақ шапқыншылығы кезінде қирағанын мәлімдеген» деп жазады Рахманқұл Бердібаев.
«Түркістан – екі дүние есігі ғой,
Түркістан – ер түріктің бесігі ғой.
Тамаша Түркістандай жерде туған,
Түріктің тәңір берген несібі ғой.
Ертеде Түркістанды Тұран дескен,
Тұранда ер түрігім туып, өскен.
Тұранның тағдыры бар толқымалы,
Басынан көп тамаша күндер кешкен.
Тұранның тарихы бар отты желдей,
Заулаған қалың өрттей аспанға өрлей»,-деп жырлаған қазақтың көрнекті ақыны Мағжан Жұмабаев та тарихтың бір шетінен хабар беріп өткен.
Тарихи деректерді әрі қарай тізбектесек, қазақ хандығы дәуіріндегі қай қаланың қандай болғанын, қандай күй кешкендігін аңғаруға болады.
«...А городы у них Тевкихана все сделаны изь сырого кирпичу, только стины один, а под владиніемь у него Тевки хана казачьихь городов двадцать пять, а до послидняго города доизжать оть него Тевкихана вь три дня ...и кругь городских стинь земленых валов и рвовь щить ...». (ГААО. Г.Е.Катанаев, «Очерки былого к вопросу об аборигенах степного края». Ф.336. оп.I.д.330).
«Тарихи деректер бойынша қазақ хандығындағы қалалар саны 25 деп көрсетілгенімен 1695 жылы 32 қала болған деп көрсетеді». (В.А.Моисеев, «Джунгарское ханство и казахи» XVII-XVIII вв.с.55).
Кешегі тарихты бүгінмен қиыстырып, сөйлеткен ақиық ақын Қадыр Мырза-Әлінің жырында өткен өмірдің өшпеген оты бар. Тарихты өлеңмен келістіріп өрген сөз зергерінің қызыл тілі. Таңданбасқа амал жоқ. Шерлі, мұңды, тағдыры талқыға түскен Түркістанның тарихы.
О,Түркістан, шежіренің бітпес сенде басы бар,
Кешегіңді айтып берсем, келешегің ашынар.
Жарақатты жауынгердің тамған сенде қаны бар,
Қарақаттай қара көздің тамған сенде жасы бар.
Бұл жалғанның құпиясын ұғып-біліп көргендер,
Білмегенін дүниеден дәруіш боп тергендер.
Келді саған, келді саған дорба асынған қайыршы,
Келді саған салтанатпен асыл тартқан керуендер.
...Белгілі еді, бірақ көктен бақыт бұлты тамбасы,
Иссауидың күмбезінен сезем заман таңбасын.
Сен көрмеген ғажап бар ма, азап бар ма, Түркістан,
Соның бәрін қала берген, қала берген шаң басып...
Ел басына қауіп төнген зобалаң жылдарда тағдыры таразыға түскен қаланың бірі – Сауран. Ол – ХІІ ғасырда ірі сауда орталығы ретінде іргетасы қаланған сән мен салтанттың қаласы. Түркістанның солтүстік-батыс жағындағы 30 шақырым жерде орналасқан ежелгі қала туралы араб тарихшысы әл-Мақдиси өзшығармасында «Сауран (Савран) – үлкен шаһар, ол бірінен соң бірі салынған жеті қабырғамен қоршалған. Рабаты бар, мешіті ішкі шаһарда орналасқан. Ол оғыздар мен қыпшақтардан қорғауға арналған шекаралық шаһар» деп жазған.
Сырдария өзеніне жақын Түркістан өлкесінде орналасқан Сауран қаласы гүлденген, сән-салтанаты асқан, сауда-саттық орнап, мәдениеттің алтын бесігі болған әсем қалалардың бірі.
ХІІІ ғасырда Сырдария арқылы өткен армян патшасы Гетум қаланы Савран деп, Сығанақ (Сгнах), Қарашық (Харачук), Иасы (Асон) қалаларымен бірге атап жазған. Ғалымдардың пайымдауынша, моңғол шапқыншылығынан кейін қала орнын ауыстырып, басқа жерден салынған. ХІІІ ғасырға дейінгі Сауранның орны қазіргі Қаратөбе қаласы.
XIII ғасырдың орта шенінде Ақ Орданың астанасы болған, XIV ғасырдың аяғында Әмір Темір әскери қамалға айналдырған Сауранның тарихы тереңде жатыр. Әсем шаһардың ортасынан көзге көрнекті үлкен мешіт салынып, ол ислам дінінің Қазақстанға тарауына ықпал етті. XVI ғасырда мұнаралы биік дуалдармен қоршалған Сауран XVII ғасырдың аяғы мен XVIII ғасырдың басында дәурені өтіп, XIX ғасырдың басында біржолата күйреген. «Қазақтар Сауран айналды» деген алып шаһардың тарих таразысындағы шынайы бейнесі осы.
Қазақ даласында ежелден аты шығып, ел есінде қалған шаһардың бірі – Сайрам қаласы. Испиджаб деген көне атауы бар бұл қала қазақтардың сауда және мәдени орталығы болды. Қазақстанның оңтүстік өңірінде бірінші рет ислам дінін қабылдаған Сайрам. Араб тарихшылары арасында: «Испиджабқа жұма қонған кірекеш басына сәлде орап шығады» деген мақалдың тараулы тегін емес. Оқу, білім, ғылымның шырағы саналатын небір ғұламалар мен данышпандар осы шаһарға басын тіреп, мәслихат құраған деседі. «Өз замандастарының арасында ең ірі ғалым, философ, шығыс аритотелизмінің ең ірі өкілі Әбу-Насыр Әл-Фараби білім қуып, мол тәжірибе жинап, Бағдаттан оралған соң Испиджабқа келіп, медресе ашпақ ниетте жанына шәкірттер жинайды. Мұны сезіп қалған қала датқасы жас ғалымды дереу тұтқындауға жарлық беріпті. Әбунасыр жедел қимылдап, қаладан жерасты жолымен Ясыға өтіпті» деген әңгіме де бар.
Араб тарихшыларының мәліметіне қарағанда VIII-ХІ ғасырларда басқа қалаларда болмаған жер асты жолы осы шаһарда болғандығы туралы араб ғалымы Яқут Хамавий жазған. Үш мың жыл бұрын «Авеста» киелі кітабында Иран, Туран, Хорезм мемлекеттерімен қатар Сайрам қаласын мадақтап жазған шығармалардың бар екендігі де айтылып жүр.
Басынан бағы тайып, жоңғардың тепкісінен көз ашпаған қазақтың бекзат қалаларының сұрқай замандағы суретін Әбіш Кекілбаев былай сөйлетеді: «Сайрамның басындағы дәурен сол кеткеннен мол кетті. Содан бері Сауран мен Мәртөбе қазақ көкірегіне баяғы заманның оралмас елесі, өшпес өкініші, жазылмас жарасы болып орнады. Қазақтың содан бергі жиыны Әңгірек бойындағы Ханабадта, Ханабадтағы Күлтөбеде өтетін болды.
Қазақтар жылма жыл екі дүркін әуелі мамыр туа, сосын сүмбіле туа тайлы-таяғы қалмай Күлтөбеде бас қосады. Өйткені мұнда салхар сахараның маңдайына біткен үш биік көрінбейді. Үш ұлыстың ұлан-асыр тарабын көк сағым жалмап, қайдағы бір көз көрмес тасада қалады. Жан-жақтары көсенің иегінде жылмың тегістік.
Жоңғар...Бір кезде күллі дүниені қалтыратқан жойқын сөз қазір қазақтың ғана жүйкесінде ойнар жұлынқұртқа айналды». («Әбіш Кекілбаев, «Үркер», 277-278-бет, Алматы. «Өлке»-1999»).
Қазақ хандықтарының басы бірікпей, итір-қылжыңға түскен аумалы-төкпелі бір кезең жоңғардың оңтайына келді. Әлемет шапқыншылықтың бірі– 1723 жылы жоңғарлардың 70 мың әскерімен қазақ жеріне басып кіруі. Алғашқы соққыны Жетісу мен Ертіс өңірінің қазақтары алды. Жоңғарлар бұл шайқаста қазақтарды жаппай қырып, мал-мүлкін тонып, бейбіт өңірдің тас-талқанын шығарды. Қаратау мен Арыс өңірінің халқы көп шығынға ұшырады. Алтай өңірі толығымен жоңғарлардың қолына өтті. Қазақтардың бірқатары Сырдарияның арғы бетіне өтіп, Ұлы жүз, Орта жүз қазақтары Ходжентке, Орта жүз қазақтарының біраз бөлігі Самарқанға, Кіші жүз қазақтары Хиуа мен Бұқараға өтті. Осы тарихи оқиға туралы «Жоңғардың әскері 5000 қазақ жанұясын тұтқындап, 1000 жанұяны тұтқынға айдады» дейді мәліметтерде.
«Ендігі жерде қазақ жері мен жоңғарлар ұлысының шекарасы Ұлытау, Балқаш көлі мен Шу, Талас өзендерінің арасымен өтті. Қазақ тарихында бұл кезең «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деп аталады. Қашып, пысқан қазақтардың паналаған жері Сырдарияның сыртындағы Алакөл көлі болды. Бұл оқиға қазақтың Кіші жүзі арасында «Сауран айналған» деп аталған екен. Осы заманнан бізге жеткен «Елім-ай» әні халық бұқарасының сол жылдардағы мұң-зарын бейнелейді». («Қазақстан тарихы», авторлық ұжым. Алматы, «Заң әдебиеті»-2009.).
Қаратаудың басынан көш келеді,
Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді.
Ел-жұртынан айырылған жаман екен,
Екі көзге мөлтілдеп жас келеді.

Мынау заман, қай заман, қысқан заман,
Басымыздан бақ құсы ұшқан заман.
Шұбырғанда ізіңнен қар борайды
Қаңтардағы қақаған қыстан жаман.

Мынау заман, қай заман – бағы заман,
Баяғыдай болар ма тағы заман?
Қарындас пен қара орман қалғаннан соң
Көздің жасын көл етіп ағызамын.

Мына заман қай заман, қай-қай заман,
Ұл айырылған атадан дай-дай заман.
Бауырыңнан айырылған жаман екен
Күн бар ма көрісетін есен-аман?
«Кейбір тарихшылардың есебі бойынша жоңғар әскері атының тұяғы жеткен жеріне дейін сол кезде екі миллиондай қазақ халқы тұрған екен. Жоңғар шапқыншылары соның бестен үшін өлтірген, яғни екі миллион адамның бір миллион екі жүз мыңдайын жоқ еткен. Жан түршігерлік апат!
Ел қонысынан, мал-мүлкінен айырылды. Ата-ана ұл-қызынан айырылды. Алып қазақ жерінің сонау күншығысы мен оңтүстігінен Сыр бойына қарай жаяу шұбырған жұрт жоңғарды қойып, ит пен құсқа жем болды. Жалғыз Әнет бабаң емес, қазақтың талай аяулы кемпір-шалы көшке ере алмай төбе-төбенің қасында қалды. Нелер ғибратты әйелдер, жас келіншектер нәрестесіне емшектен берер сүті болмай жау қолына өздері барып түсті. Кешегі ақ майды аяғымен тепкен ел енді құлазыған қу даладан жаужұмыр, алғыр, қозықұйрық секілді нәрі бар шөптермен қоректенді. Қайың ағаштың қабығын сыдырып, бетіндегі желімін жеп, «қайың сауған» деген атқа ие болды. Осылай қазақ тарихында «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деп аталған халықтың ұлы апаты басталды». (Ілияс Есенберлин, «Көшпенділер», екінші кітабы «Жанталас», 315-бет Алматы.«Көшпенділер-2007»).
Қазақ азаттығы басында, жайылымы қасында, кең жайлау, салхар далада таңдайынан бал тамған ырзығына риза болып, тума-туысын аралап, төрт түлігін қоралап, төбесінен күн төгіліп, мамыражай отырған момын ел еді. Қазақтың сәнді өмірінің, мәнді өмірінің алтын діңгегін құлатып, жер бетінен біржола құртып жіберуге бекінген жоңғардың жымысқы саясаты. Көркем әдебиетте, саяси тарихи романдарда жоңғар содырларының қазақ халқына көрсеткен зорлық-зомбылығынан жаның түршігеді. Оқиғаның желісіне енген сайын «Осындай қанды қырғыннан қазақ қалай аман қалған?» деп ой кешетінің рас.
«Шапқыншылық – шабылғандықтың қарымтасы. Жорық – жоғалмаудың айласы. Рас, тірліктің тірегі олар емес. Мал бағып, жан күйттеу, бейбіт тұрмыс қарекеттеу жақсы ғой. Бірақ оны бізге кім берген? Ел арманы, ел мен туған топырақ жоқталса, қайралған қылыш пен ұшталған найза қолдан түсер ме? ...Татулығы ыдыраған ел жаман, үш жүз боп бірікпей, үш жақ боп бөлініп, шетінеп, шытынап бара жатқан тұтас халқының туын көтеріс. Адасып, азапқа түскен еліңді талпынтып, азаттыққа бастаңдар. Жамандықта жасымаған жұртың жақсылыққа қуана білер. Құлдық, бұғауы жоқ көкірегі тазаның көзі де, өзі де таза болар». (Софы Сматаев, «Елім-ай», Алматы. «Алманар»-2009).
«Жоңғардың қазақ жеріне жасаған шапқынышылығы жеті рет болды» деген дерек бар. Соның ішінде тарихта жиі аталып айтылатыны Аңырақай, Бұланты шайқастары мен Шаңды жорық қырғыны. Тарихтың бедерінде жазылып қалған қастерлі беттердің бірі – атақты Бұланты шайқасы. Бүгінгі жер бедерімен қарасақ, бұл жер – Қарағанды облысындағы Бұланты мен Білеуті өзендерінің аралығы. «Ұлытауға бардың ба, ұлар етін жедің бе?» деген әйгілі сөздегі Ұлытау тауларының маңы
1726 жылы болған Бұланты соғысында «Қазақ әскері 30 000 адам, жоңғар әскері 40 000 адам болды» деп айтылады. Қазақтың әскерін бас қолбасшы Әбілқайыр хан, жоңғарларды жасақ қолбасшылары бастап келіпті. Бұл аламан шайқасқа қазақтың маңдайына бақ боп біткен, қылышы қан майданда қайралған Бөгенбай, Қабанбай, Саурық, Жәнібек, Малайсары, Шақшақ Жәнібек, Есет, Райымбек, Қарасай сынды жаужүрек батырлар қатысқан. Жеті күнге созылған қырғын соғыста қазақтар жоңғарларға бірнеше рет күйрете соққы беріп, жеңістің туын көтерді. Қазақ халқының басына зобалаң қамытын кигізіп, туған жер, туған елінен бездіріп жіберген әйгілі «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламадан» кейін әлі есін толық жия алмай есеңгіреп жатқан халық үшін бұл үлкен, тіпті күтпеген жеңіс еді.Бұланты шайқасы – қазақ жауынгерлеріне биік рух берген, күш-қайрат сыйлаған, көңілдеріне сенім ұялатқан шайқас. Қалмаққырылған – сол қасіреттің жылдарда жоңғардың сүйегінің шашылып, топырақ қапқан жері.
«Жоңғар қашып барады, жай қашып бара жатқан жоқ, екі көзі қанталап, тіл-құлақтан айрылып, меңіреу кейіпке түсіп, екі жарылып, өзен жағалап қашып барады. Жезді, Үшқағыл, Көкпекті, Қаракеңгір өзендерінің бойымен қашқан жоңғардың көз жасы көл болып, етегіне сүрініп, жығылып, қашып барады. Есеңгіреп, егіліп, есін жия алмай, ебіл-дебіл күйде тырқырап қашып барады. Қаһарына мінген қазақтың тепкісі маңдайдан тигенде жоңғардың жаны алқымға келіп,Қара сиыр тауының жарқабағына жарқанат секілді жарбиып жабысты да қалды. Қазақтың ақ найзасы мен қара қылышының екпіні қырық мың қанды қолды екі жаққа ұшырып жіберді. Оң қанатын да, сол қанатын да қазақтың қаһарына мінген дүлей күші қақ айырғанда жоңғардың жан дауысы шығып, топырақ қауып, үні өшті. Шұбартеңіз көлін пана еткен жоңғардың жарымы да, жартысы да қазақтың қарулы күшіне қамалып, біржола маталып тасталды. Қазақтың өткір қылыштай қолы достық пейілге жау тілеген озбыр жоңғардың тілерсегін қасиетті топырақ Ұлытауға жеткізбей осылай қиды». Бұл – сол соғыстың алақұйын, қым-қуыт қызған сәтін жеткізуші осы мақала авторының ойы.
«Қазақтардың Бұланты шайқасында үлкен жеңіске жетуінің екі себебі бар»,- дейді зерттеушілер. Біріншісі, қалмақ ханы Цебан Рабдан дүниеден өтіп, таққа талас кезінде мемлекет мүддесі ескерілмей қалды. Екіншісі, қазақтар бұрынғыдай емес ширап, ширығып, күшіне қайта мініп, стратегиялық әдісте сантүрлі айла-шарғы мен ақыл-кеңеске жүгініп, соғыстың тактикасын шебер меңгерген жетістігінің нәтижесі.
Жоңғарлармен 45 күнге созылған теке-тірестің бірі – атақты Аңырақай шайқасы. Аузынан от шашып, азуын айға білеген, от жүректі үш жүздің ең мықты деген батырлары ат жалында күн қатып, түн қатып, мігірсіз күрескен шайқас. Бұл шайқас қазақты елі мен жері үшін жанын беріп, өліспей беріспейтін рухы мықты халық екенін көрсетті. Мен деген тәжірибелі тарихшылардың тұжырымын оқысақ, «Аңырақай шайқасынан соң қазақ халқы жоңғарларды өз жерінен түпкілікті қуып шығатынына бек сенімді болды»,- дейді.
1730 жылы болған Аңырақай шайқасының өткен жері –Балқаштың оңтүстік-батысындағы Алакөл маңы. «Аңырақай деп аталуының себебі жоңғарлар қапы қалып, аңырай жеңілген» дейді зерттеушілер. Бұқар жыраудың «Қабанбай батыр» жырында «Мыңдық басында тұрған 29 батыр болды» деп айтылуы осы соғысқа берілген нақты сипаттама. Жоңғардың отыз мыңға жуық әскерін бастап келген әскери қолбасшы, атақты күрескер Шарыш батыр мен қазақ батыры Сабалақ (Әбілмансұр) жекпе-жекке шығыпты. Осы шайқаста Сабалақ батыр жеңіп, қазақтың жүздеген мың әскерінің рухын көтерген.Зерттеушілер «Аңырақайда қазақтардың жоңғарларға күйрете соққы беруі жеңістің ақ туын көтерген қазақ халқының абыройы»,- деп дәріптейді. «Бұқар, Ақтамберді, Үмбетай жыраулар өздері де бұл соғысқа қатысқан» деп айтылатын деректер бар.
Әбілқайыр хан мен Бөгенбай батыр басшылық еткен Аңырақай шайқасында көзсіз ерлік көрсеткен Қаракерей Қабанбай, Ошақты Саңырық, Тама Тайлақ, Шақшақ Жәнібек, Тама Есет, Малайсары, Тарақты Байғазы сынды батырлардың болғаны тарихтан мәлім.
«Бұл шайқастың болған орны М.Тынышпаевтың, А.Диваевтың зерттеулерінде нақты сипатталған. 1997 жылы Қазақстан Халық жазушысы Әбіш Кекілбаев пен тарихшы Манаш Қозыбаев бастаған ғылыми экспедиция шайқас болған жерді жан-жақты зерттеді. Экспедиция барысында археологиялық зерттеулер жүргізіліп, географиялық жер атауларына да үлкен мән берілді» деп жазылды баспасөз беттерінде.
Жоңғар-қазақ соғыстарының жойқын сұрапыл тұстарын сөзбен өрнектеген Жиембет жырау:
«Керегеге ілінген,
Шабылмаған семсер тұр.
Жаудан алмай кегіңді,
Есіл де өмір өткен құр»,-десе,
Бұқар жырау:
«Арту-арту бел келсе,
Атан тартар бүгіліп.
Алыстан қара көрінсе,
Арғымақ шабар тігіліп,
Алыстан жанжал сөз келсе,
Азулы сөйлер жүгініп»,-деп ағытылған екен.
«Әскери жеңіліске ұшыраумен қатар ұйықты ордасы ойсыраған жоңғар әлі де болса сыртқы жаудың ешқайсысына дес бермес асау еді, күшті, қуатты еді. Ең бастысы соншама ауыр сыннан соң кеудесі басылмаған, жүрегі шайлықпаған. Өлгендердің орнын толтырып, етек-жеңін тез жияды. Арада жыл өтпей жаңа соғысқа – Қазақ ордасына қарсы жорыққа әзір болады. Бұл кезде саялы Жетісудан мүлде күдер үзген қазақтың шығыс шекарасы Шу өзенінде тұрған. Қалмақ тас лақтырса, қазақтың қотанына түседі. Екі жүз жылдық ойрат-қазақ соғысының қазақтар үшін ең ауыр кезеңі әруақ қашқан, азып-тозып, қалт-құлт күн кешкен, масқара жеңілістерге ұшыраған елу жылдық қорлық дәуірі басталды» (Мұхтар Мағауин, «Қазақ тарихының әліппесі», Алматы. «Мектеп»-2008).
Сары Манжаның 30 мың қалмақ әскерімен қазақ жеріне шабуыл жасауы тарихтағы айтулы соғыстардың бірі. 1738 – 1741 жылдары болған жойқын ұрыс ойраттардың қазақ жеріне жасаған соңғы ірі шапқыншылығы. 1745 жылы Қалдан Серен өмірден өтіп, жоңғарлар арасында өзара таққа талас басталды. Ауыз бірліктің ыдырап, мемлекет мүддесін естен шығару жоңғарлардың саяси жағдайын әлсіретіп жіберді. Осы сәтті ұтымды әрі дұрыс деп шешкен Абылай хан бастаған қазақ әскерлері жоңғарларға қатты соққылар беріп, Жетісу мен Шығыс Қазақстанды қайтарып алды. 1755 – 1758 жылдары Қытай әскерлері жоңғарларды тас-талқан етіп жеңгеннен кейін жоңғар елі дербес ел ретінде өмір сүруін тоқтатты. Қазақтар өздерінің ежелгі ата мекені Жетісу, Тарбағатай, Алтай өңірлерін иеленіп, шығыстағы шекарасын бекітті.
Қазақ-жоңғар арасында болған алапат соғыстардың бірі – 1771 жылғы Шаңды жорық. Жоңғар басқыншылары жаулаған жерінен іргесін түргенімен соңғы аялдамасы аса ауыр, азапты, қайғылы болды. «Шаңды жорық» қырғыны – әл-қуаты әлсіреп, рухы күйреген қанішер жоңғарлардың қазақ жерінен біржола кетуі. «Жоңғарлар бұл соғыста қазақтың «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламадағы» кейпін киді»,-дейді тарихшылар.
Мойынты ұрысынан соң әбден әлсіреген қалмақтар өзінің туған Отанына оралуға мәжбүр болды. Бұл айқын-жойқын бетпе-бет шабуылдаған соғыс емес, бұл жорық жол үстінде жалғасқан ұзақ сүргін еді. «Көп асқанға мың тоқсан» дегендей, қаншама уақыт бейбіт жатқан қазақтың жерін жаулап алмақ ниетімен келген жоңғардың меселі қайтып, басынан бағы тайды. Кері қайтуға басқа жол жоқ, Отанына өтетін өткелі – қазақ жері. Байлық, дүниені көздеген қызыл көз жаудың арманы көзден бұлбұл ұшып, бар мақсаты – Балқаш көлі арқылы Ілені өрлеп, Жоңғар жеріне жетіп жығылу еді. Аягөз, Лепсі, Қаратал өзендерін кесіп өтіп, Ілеге жеткен жоңғарларды қазақтар аңдып тұрып, қырған. Суыққа тоңып, аштыққа ұшырап, құр сүлдері қалған өздері де жығылған жерінде төбе-төбе боп қалды. Қастек, Қаскелең, Кеген, Нарынқол арқылы шұбырған жоңғардың азғана тобы атамекеніне әрең ілігеді.
«1771 жылы қақаған қыста Еділден Жоңғарға жол тартқан 31 мың түтін, яғни 170-180 мың батыс қалмағы жермен-жексен болады. 15-20 мың адам ғана өз іргесіне жетті»,-дейді деректер.
Бұралаң жылдарда атамекеніне жете алмай ат төбеліндей қалмақтан қалған азғана халық бүгін орыстың жерінде өмір сүріп жатыр. Бір кезде қайратына мініп, Қытаймен жағаласқан, Шығыс Түркістанды жаулаған, Қазақ ордасының шаңырағын шайқалтан жау қалмақ өзінің ниетіне қарай тағдыр сыйын алып, тұқымы құрып кетудің алдында шақ тұр. «Қиянатшыл соғыстың азабы мен қастіреті» деген осы.
Тарихта «Шаңды жорық» деген атпен қалған бұл соғыс шаң бораған соғыс емес, қалмақтың қаны судай аққан, ең аяусыз, бірақ тағдыр таразысымен өлшегенде жаудың ниетіне қарай шешілген ең әділетті соғыс. Ақырғы майданның соңғы сапары да өте көп қиындықтарға толы сұрапылмен өтті.
Тарих бетіндегі мынадай деректер былай дейді: «Үш ғасырдай арғы жағындағы қытай мен бергі жағындағы қазақтардың әлсіз жақтарын бес саусағындай біліп алған қалмақ қонтайшылары қайта-қайта шүршітті тонап, жуыну дегенді білмейтін, қолаңса сасыған жұртына молынан азық-түлік әкеліп, сондай-ақ әлсін-әлсін момын қазаққа шабуылдап, шұрайлы жайлауы мен қыс қыстауын тартып алып, жерін үнемі кеңейтіп отырған».
Соған қарағанда теріс пиғылды қалмақтың қазақ жерін жаулап, өзіне бодан етуі басты мақсаттарының бірі болып, соғыс тәсілдерін сантүрлі айла-шарғамен ерте бастан жетілдіргенге ұқсайды.
Экспедиция жорықтарында жоңғардың қолына түсіп, біраз уақыт соларға қызмет еткен швед офицері Юхан Густав Ренат
«Джунгарская степь» атты жазбаларында: «Олардың түпкі ойы – Қазақ және Орталық Азия елдерін өздеріне бағындырып, сан жағынан молайып, күшейіп алған соң қалың қытайға тарпа бас салу. Бағындырған қол астындағы ел-жұрттан қосымша әскер жасақтап әрі өздерін үнемі азықпен қамтамасыз етуді ойластырады» дейді. Тағы бір сөзінде «Құба қалмақтар қатаң тәртіпке бағынған, қонтайшыларының бұйрығын қалайда орындауға күш салатын әскери ел. Олар Шыңғыс хан империясының қалай және қандай жолмен орасан күш-қуатқа ие болғанын жатқа білетін еді» дегенді айтқан.
Жоңғар шапқыншылығы қазақ халқының тек экономикалық деңгейін құлдыратып, туған жерінің топырағын тескілеп, бүлдіріп кеткен жоқ, миллиондаған адамын қырып, мал-мүлкін тартып алып, тыныш жатқан елге ойран салды. Оның зобалаңы қазақтың ел болып көшке еріп, ұлт ретінде жойылып кету қауіпін туғызды. Қазақ елінің тағдыры талқыға түсті, тарихта аты аталған 25 қала ғана бүлініп, қирап қалған жоқ, қазақтың бүкіл ғұмыры қирады. Қазақ бүгінгі ұрпаққа азық болатын жүздеген, мыңдаған жылдарға жететін рухани азығынан айырылды. Түркістан, Сайрам, Сауран, ж.т.б.көптеген қалаларда салтанат құрған қымбат қазыналы мұражайлар, бай кітапханалар өртеліп, жоғалып кетті. Бүкіл тарихымыз, әдебиетіміз, мәдениетіміз, тіліміз, дініміз ұрланып, тоналды. Тек өлмеген біздің биік рухымыз. Сол рухымыз бізді-Қазақты сақтап қалды.
Шәкәрім Құдайбердіұлының жазған деректерде 1723-1730 жылдардағы «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» жылдарында қазақ халқының саны үштен екіге кемісе, демограф М.Тәтімовтің санағы бойынша 1723 жылғы 3 млн. 330 мың қазақтан 1725 жылы 2 млн. 222 мың адам қалған.
«Егер Бұланты мен Аңырақайдағы жеңістер болмаса, Қазақ Ордасы осыдан 300 жыл бұрын мүлде тозып, құрып біткен Ноғай Ордасының кебін киері анық-ты. Тоқтау көрмеген Жоңғар қалмағы енді бірер серпіннен соң Еділ қалмағымен тоғысар еді»,-деп жазды қазақтың көрнекті жазушысы Мұхтар Мағауин.
Жоңғар басқыншыларынан туған ел – атамекенді қорғауда орасан зор ерлік көрсеткен қазақ батырларының бірі – Адай-Құдайке-Қосай-Байбол-Есенқұл ұрпағы Есек батыр. Таңғажайып тау тұлғалы, ақыл-парасаты тең келген, құралайды көзінен атқан мерген, көш бастаған батырдың шыққан тегі де жөргегінде ерліктің жырымен тәрбиеленген батырдың тұқымы деседі. Бар ғұмырын қазақ үшін, өзінің туған қазағы үшін, ел мүддесіне арнап, өмірін ат жалында өткізген Есек мергеннің жүріп өткен жолдарын барлап, бағамдайық.
«Біздің Мәртөбеде, Күлтөбеде, Қарақұмда мәслихат құрған бабаларымыз да бұндай мәселеге ерекше мән берген. Бір өңкей төрежақ, бір өңкей қожажақ, не қаражақ болып кептеген. Үлкен тарихи сын түскен кезеңдерде халықтық бұқараның саяси ықпалы артып отырған. Ел басына қандай кезеңнің кез келуіне байланысты біресе абыздық, біресе нояндық қауымның ықпалы басым түсіп отырған. Тәуке заманының бастапқы кезінде билердің, аяқ кезінде батырлардың үстем түсуі де сондықтан. Тарихшы Н.Г.Аполованың «1711 жылғы Қарақұм құрылтайы ел басына түскен жағдайға байланысты батырлардың басым түскен жиыны болды» деп бағалауының әбден жаны бар. (Н.Г.Аполова, «Присоединение Казахстана к России» Алматы, 1948 жыл, 169- бет). (Әбіш Кекілбаев, 12 томдық шығармалар жинағы, 8-том, «Әйтеке би» шығармасы, 65-бет). Заңғар жазушының осы сөзін ескерсек, Әз- Тәукенің бас сардары Есекмерген Есенқұлұлы болды деуге әбден негіз бар. Сөзімізді нақты дерекпен жалғайық. «Осы шағын дерек Қосай ұрпағының қазақ хандығына қайтып оралғанынан, Есек
мергеннің Тәуке ханның астыртын жеке тапсырмаларын қолбасыларының бірі болғанынан хабар береді». (Әнес Сарай, «Көнеліктер», 273-бет).
Халық батыры Есек мерген Есенқұлының өмір-тарихын зерттеп, зерделеп жүрген тарихшылардың сөзіне сүйенсек, «Есек мерген батырдың айбыны асып, даңқы биіктеп, дәуірлеген шағы Әз-Тәукенің тұсында» деп айтылады. Табиғи болмысы ерекше жаратылған, кесек мінезді, тау тұлғалы, ержүрек баһадүр жоңғар шапқыншылығынан қазақ жерін азат етуде жан аямай ерлік көрсетіп, Ә-Тәуке ханның марапатына бірнеше рет ие болған. Еділ мен Жайыққа ауыз салып, халқын тұншықтырып, тұмшалап ұстағысы келген жау қалмақтың қитұрқы соғыстарына бір емес, бірнеше рет аяусыз соққы берген. Бір ғасырға жуық ғұмыр сүрген аламан батыр бойына бес қаруын асынып, ат жалында жүрген.
Елін сүйген ержүрек баһадүрді құрметтеп, сый көрсеткен Әз-Тәуке өз заманында қандай адам болған?
«Тәукенің атын атасақ, бар қазақтың жүрегін алғыс кернеп, мақтаныш билейді. Қазақ ордасының Ликургы, Драконты сол адам. Тәуке алауыз болып, қырғынға бөккен елді сабаға түсіріп, ру мен рудың арасындағы талай жылғы қантөгісті тоқтатып, ақылы мен әділдігінің арқасында жұрттың бәрін өзіне мойын ұсындыра білді, әлсіз рулардың басын қосып, әулетті дұшпанға қарсы қоя алды, күштілерді тізеге салып, тәубесіне келтірді, баршаға ортақ заң жасап, сол бойынша билік айтты». (А.И.Левшин, «Описание киргиз-казачьих или киргиз-кайсацких орд и степей»).
«...Тәуке хан өзі билік еткен жылдары ішкі және сыртқы саясатты сәтті жүргізді. Ол XVII ғасырдың аяғы мен XVIII ғасырдың басында Қазақ хандығындағы саяси жағдайды реттей алды. Бұл кезде Қазақ хандығы біртұтас мемлекет болды. Қазақ хандығында тәртіп сақтау және мемлекеттік құрылыстың принциптерін анықтаған «Жеті жарғы» заңдар жинағы Тәуке тұсында жасалды. Тәуке хан дипломат-мәмілегер, айлакер қолбасшы, әдеттік-құқық жүйесінің реформаторы және қазақ ұлтының бірлігі мен жерінің тұтастығын сақтаған, жан аямай күш салған ірі мемлекеттік тұлға ретінде танылды. Тәуке ханның күшті мемлекет құрғаны туралы А.Левшин, Е.Бекмаханов, т.б. көрнекті тарихшылар жазды.
XVII ғасырдың соңы мен XVIII ғасырдың басында қазақ қоғамында интеграциялық сана күшейіп, хан билігі нығайды. Үш жүздің құрамына 112 ру кіріп, қазақ халқының саны 2-3 миллион адамға жетті». («Қазақстан тарихы», авторлық ұжым. Алматы. «Заң әдебиеті»-2009).
Әз-Тәуке өмірден өткен соң оның ұлы Болат хан сайланған ерекше күнді Әбіш Кекілбаев «Үркер» романында былай деп суреттейді: «– Жамағат! Оқыс дыбысқа жұрт жалт қарасты. Ақ сарайдың есігі ашылды. Қолына Құран ұстап хазірет шықты. Оған еріп үш бас би шықты. Оларға ілесіп, Ұлы жүздің тоқсан төрт, Орта жүздің алпыс жеті, Кіші жүздің жиырма бес биі шықты. Сары ала топ сол қалпымен қатарын бұзбастан ортаға озды».
Жазушы бұл деректерді ойдан шығармағаны, тарихи дәлелдерге сүйеніп жазғаны белгілі. Қаламгердің өзі айтқандай, «Саяси тарихи роман жазу үшін фактологиялық материалдардың мейілінше молдығы қажет».
Қазақ халқының көш бастаған кемеңгер, дарабоз ер, Есенқұлдың ұлы Есек батыр жау жоңғардың бетін қайырған соң еліне жайлы қоныс іздеп, Маңғыстауға келіпті. Сол сапарында Жем бойындағы Адай елінің мен деген ержүрек, сайыпқыран батырларымен бас құрап, кеңес құруы да тектен тек емес. Бір сөзді, жаудан жүрегі шайлықпаған, ер мінезді батырға елінің үлкен сенім артуы оған деген шексіз құрметтің белгісі.
«Кіші жүзді атамекен – Маңғыстауға бастап келген батырлардың бірі – Есек Есенқұлұлы. «Қайың сауып», «Сауран айналып» қиямет-қайым, азапты көрген, темір таяқ тебендей, тұтам ағаш емендей болған қуғын-сүргін, қым-қуыт зұлматты бастан кешірген Есек баһадүр Маңғыстау өңіріне 1751-ші жылықайта оралды. «Елім-айлап» зар жылған қалың қазақтың арманының аспанынан ақ күн туып, жаңа заман орнады. «Есек батырдың қасында Кіші жүздің қыран қанатты, азуын айға білеген батыр ұлдары Жары Шотан, Қосай Атағозы, Таз Ақпан, Беріш Есболай, Әлімнің Әжібайы менАралы да бар болатын» деп жазады зерттеушілер.
Түмен Балтабасұлының «Маңғыстау» дастанында Адай батырларының Маңғыстауға көш бастап келуі былай деп суреттеледі:
«Маңғыстау – үш қиянның өткен жері,
Жерленбей жеті жұрттың кеткен жері.
Елеспен есі кеткен иесіз жерді,
Атамыз Адай мекен еткен жері.
«Суы сүт, шөбі шүйгін бал татиды»,- деп,
Төлдейтін төрт түліктің өскен жері.
Бөлініп, басқа елден қоныс қарап,
Ел болып, ірге-қоныс тепкен жері.
Ер Шотан шұбар атты ұстап мініп,
«Аға» деп Әжібайға бата айтқызып,
Той жасап, Адай туын тіккен жері.
Немесе мынадай жолдар бар:
Жолдасы Есболай мен Есек мерген,
Өңшең батыр қайыспас көпті көрген.
Еліне қоныс іздеп, шыққаннан соң
Би Әжібай Шотанға бата берген».
«Атамекеніне дейін жоңғарлар алып қойған Орта жүз ұлыстарының бір кездегі жайлап көшкен жер-суларына оралу үшін алысып жатқан қарсыластарының ар жағында тұрған ықпалды орыс, қытай патшалықтарының көңілін бірдей аулауға тырысса, бір жағынан Нәдір шах, екінші жағынан Еділ қалмақтары, үшінші жағынан башқұрт феодалдары, төртінші жағынан шалғай өлкедегі құнарлы жер-судың бәріне бауыр басып алған казачество әскерлері иемдене бастаған өз этникалық территорияларын қайтарып алуға бел буған Кіші жүз ұлыстарының билеушілері Батыстағы орыс патшасының көңілін аулауға мәжбүр болды. Мұндай саясат қазақ жұртына айналасы ширек ғасырдың ішінде жоңғарлар қол астында қалып қойған өлкені ғана емес, бір кезде көрші хандықтарға қол болып кеткен ежелгі территорияны түгелге жуық қайтарып алуға жағдай жасады. Алтай мен Тарбағатайды, Ертіс пен Баянауылды жаудан босатып алуға Бөгенбай мен Қабанбай, Олжабай мен Жасыбай не істесе, Жетісу мен Алатауды қайтарып алуда Наурызбай мен Райымбек, бір жағы Маңғыстау, бір жағы Еділ мен Тобыл аралығындағы ұлан-ғайыр өлкені қайта иеленуде Жәнібек пен Бөкенбай, Есет пен Арал, Есек пен Әжібай соны істеді. Демек XVIII ғасырдың отызыншы-елуінші жылдарында қазақ ұлыстарының бір бөлігі ғана басқыншы жаумен арпалысып, қалған бөліктері бастарын сағалап отырды деп ойлау қате ұғым. Ол жылдары қазақтың қай ұлыс, қай өлкесінде де өздерінің ата қонысын жат қолдардан тезірек қайтып алу жолындағы кескілескен күрес жүріп жатты. Сондай күрестің нәтижесінде ғана Ұлы жүз ұлысы бір кездегі Моғолстан құрамында, Орта жүз ұлысы бір кездегі Ақ Орда, Көк Орда құрамында жүргенде жайлап, қыстаған қоныстарының көпшілігін қайырып ала алды. Сол жылдарғы күрестердің арқасында ғана қазақ елі Атыраудан Алтайға, Тобылдан Қордайға дейінгі созылатын қазіргі мемлекеттік территориясына ие болып отыр. Оны сыйламау – ештеңені сыйламау. (Әбіш Кекілбаев, «Әйтеке би», 12 томдық шығармалар жинағы, 8- том, 77-бет).
Мың өліп, мың тірілген қазақтың тарих-трагедиясы осындай. Өлгені тіріліп, өшкені жанып, үміт-шырағы жанған қазақтың бүгінгі өміріне бейбітшіліктің ақ шуақты сәулесі төгіліп тұр. Сол сәуленің жылы шуағын сезіне білу де бір бақыт.
Қазақ тарихы дегенде біздің есімізге тарих ғылымдарының докторы, профессор Зиябек Қабылдиновтың мына бір тұжырымы түседі. «Ұлы далада 5 000 жылдан астам уақыт бойы көшпелі мал шаруашылығының кең тарағанын ескере отырып, біздің ежелгі және орта ғасырлық тарихымыз ең алдымен көптеген отырықшы өркениеттердің – Грекия, Италия, Қытай, Парсы елдерінің еңбектерінде қамтылған. Орта ғасырлық Түркі қағанаттарының гүлдену кезеңінде ата-бабаларымыз мәңгілік тас стеллаларға төл тарихымызды қашап жазған. Тарихымыздың бір кезеңдері ислам дінінің әсерінен араб графикасымен де жазылды».
Қазақ тарихының тамыры тым тереңде. Сол тамырдың бойында сіз бен біздің ата-бабаларымыздың өмір-мектебі сөйлеп тұрғанын ұмытпайық.
Қаламқас САТЫБАЛДЫ,
журналист