Ер Есек Маңғыстауға көш бастаған

XVIII ғасырдың 30-40 жылдары Кіші жүз қазақтарының жайлау, қонысы Орынбор, Ақтөбе даласы, Жайық, Ойыл, Атырау, Үстірт, Сам алқабы болды. Қысқа қарай Арал теңізіне дейін барып, түрікпендермен, өзбектермен, қарақалпақтармен қоныстас жүрді. XVIII ғасырдың аяғына қарай Оңтүстікке ойысқан халық Маңғыстауды бетке алып, қоныс тебе бастады.
(М.Турсунова, «Из истории казахов Мангышлак в первой половине XVIII века», том II.А.1961.стр174.). Осы кезеңдегі Адайлардың Маңғыстауға көшін бастап келуі Есек Есенқұлұлы есімімен тығыз байланысты екендігі ауызша да, жазбаша да деректерде айтылады.
Бұдан бұрынғы мақаламызда көрсетілгендей, 1926 жылғы СССР Ғылым академиясының осы өңірді зерттеген экспедициясының материалдары да дәлелімізді нақтылай түседі. («Из истории казахов Мангышлака во второй половине XVIII века». Указ труды Т.18.А, 1963. Стр 124-125).
Дегенмен Адайлардың Маңғыстауға қоныстана бастауы бір ғана жылда немесе бір ғана уақытта бола қалған оқиға емес екендігін ескерсек, бұл туралы әлі де зерттеуді қажет ететіндігін ұмытпауымыз керек. Сол кездегі есімдері белгілі, белгісіз батырлардың еңбектері ерліктері аталуы сөзсіз.
«Түрікпен жұртын Маңғыстаудан бостырған Түрікпенадай Атақозы батырдың қабағының сұсы, Жары Шотан батырдың мысы, Құнанорыс Лабақ батырдың күші, Ескелді Саназар байдың тіл таңбалы күрең атының тұяғының ұшы». (С.Қондыбай, «Маңғыстау-нама», 2006 жыл, 111-бет).
«Сауран айналып келіп, батысқа Адайдың 90 үйін Есек Есенқұлұлы, Тәңірберген Арықұлы, Қозыбақ Қырымқұлұлы, Шотан Назарұлы бастап қайтқан...Сонда Адай елінен ер көңілді 60 кісі өзінше топ құрды, Қосай әруағын шақырып, елдік белгіміз болсын» деп жасыл матадан ту істепті. Қозыбақ батыр ту ұстаушы болып, одан кейін Бегей Өмір (Бекет атамен құрдас), одан кейін Алдоңғардың Жәрменбетінен туған Асар ту ұстаушы болған...». (Ө.Қалбайұлы, «Маңғыстау» газеті, 15 қыркүйек,1993 жыл). Өлке туралы қайсыбір зерттеулерде осылай дейді. Ата жұртқа қоныстану жолында аты аталып, түсі түстелмеген қаншама батыр бабаларымыз бар десеңші.
... XVII ғасырдың аяғында не XVIII ғасырдың басында Адайлардың бері дегенде Сырдария бойынан, Арал теңізінің терістік жағынан әлі аспаған шағында нақ осы Есенғұлдың Есегі барлау жасап, Борсық құмдарын Маныссай, Шағырой, Ақтөбе жақтағы Айырмұғалжар, Шерқала сияқты жерлерді басып өтіп, Жемнің бойына дейін жетіп, одан әрі Үстіртке шейін барып, ернектерін жағалай отырып, Маңғыстауға түспесе де көзімен көріп, қайтқан адам болса керек. Әрине оның жалғыз жүрсе де (бір шағын топ болып жүрсе де) жолшыбай әртүрлі оқиғаларға тап болуы, қалмақ шолғыншыларымен, т.б. кездесуі мүмкін. Қайтып оралған соң осындай оқиғаларға толыққан хикаяларға айналады. Бірақ кейінгі ұрпақтар әлденендей себептерге орай Есек батырдың атқарған еңбегін есте сақтаған да оның оқиғасын ұмытып кеткен. Оның орнына Есек мергенге қатысты, т.б. аңыздық, (эпостық) сюжеттермен толтырылған. (С.Қондыбай, «Маңғыстау-нама», 2007 жыл, 222-бет).
«Есекмерген туралы жазылған, зерттелген тарихи нақты деректер өте аз. Ол туралы ауызекі аңыз-әңгімелердің, осы өлкені зерттеушілер мен жазушылардың «айналып, өте алмайтын» бір ғана ақиқаты бар». (С.Қондыбай, «Маңғыстау-нама», 2006 жыл). Ол осы Маңғыстау жеріне алғаш рет ат басын тіреген батырдың Есек мерген Есенқұлұлы екендігі. Халық оның бейнесін қиял-ғажайып батыр ретінде сомдап, жадында сақтаған.
Ауызекі аңыз-әңгімелерден оның алып тұлғалы болғандығы таутайлақпен, жезтырнақпен, алып қара құспен, айдаһармен кездесіп, олардың бәрін де жеңіп шығатындығын еститінбіз. Сонда біз оны Ер Төстік сияқты қиялдан туған ертегі кейіпкері сияқты елестететінбіз. «Айдаладағы Есек мергеннің ізін көріп, түрікпен батыры Ерсары: «Мен сыртынан атын естіп жүрген Адайдың Есек батырының аяғының ізі менің аяғымнан төрт елі үлкен екен, ендеше күші де соншалықты басым болғаны. Мен елімді қорғай алмаспын. Есек батыр жеткен екен, бұл жерді ол иемденбей қоймас» деп елін жинап, көшіп кетіпті. Асығыс көш кезінде түрікпен батыры Ерсары белдігіндегі қайрағының түсіп қалғанын байқамапты. Сол қайрақ түскен жерінде әлі тұр. Қазіргі Сенек жеріндегі төбеде шаншылып тұрған сол «Ерсары батырдың қайрағы» дейтін әжем айтқан бір аңызда.
Есек мерген туралы дәл осы мазмұндас аңыз-әңгімелерді С.Қондыбай да өзінің «Маңғыстау-нама» кітабында (191-222 беттер) келтірген. Есек мергеннің басынан өткен оқиғалардың ертегіге ұқсастығына қарамастан оның өмірде болған адам екендігі Адай атаның бесінші ұрпағы Адай-Құдайке-Қосай-Байбол-Есенқұл-Есек болып тарайтын бір рулы ел бар екендігі ақиқат.
Есек мергеннің ұрпақтары аз, оның (әжем айтқан шежіре бойынша) Өтебай, Темір, Болаттан тараған балалары енші алғанымен бір-бірінен бөлінбейді, тек «Есенқұлдың Есегіміз» деп айтады, қыз алыспайды. «Атамыздың ұрпақтарының аз болуының да өзіндік мынадай аңызы бар»,- дейді аталарымыз. «Есек мерген жасы ұлғайып, өлер шағында балаларына енші бергенде кіші баласы Болат атасынан ақ сауытын сұраған екен»,- дейді. Атасы қиналып отырып: «Балам, мына сауытты көзіңнің қарашығындай сақта, бұйымтайшылап сұрап, келіп жүргендерге беріп жіберіп жүрме. Ай, бірақ айырылып қаласың-ау, қарағым. Ақ сауыттан айырылсаң басыңыз аз болар» деген екен.
Есек атамыз қайтыс болған соң арада біраз уақыт өткен соң осы шаңыраққа нағашысы әдейі ат басын бұрып, тіреп келіп, бұйымтайлап, ақ сауытты сұрайды. Басқа нәрсенің бәрінен бас тартқан нағашысына ата салтын аттап өте алмаған Болат амалсыздан әкесінің сауытын беріп жіберген екен.
...«Есек мергеннің ата-баба тапсырмасын орындаған соң сыйлық алуы Адайлардың Маңғыстауды иемденуге ресми құқық алуы дегенді білдіреді. Бұл Адайлардың өздерінің Маңғыстауға кездейсоқ келіп, қалған қаңғыма келімсек емес, ата-баба жеріне қайта оралуға рұқсат алған жұртпыз» дегені шығар.
«...Осылайша Есек мергеннің Айдаһардан сыйлық алуы Адайлардың ежелгі Адайлардан, олардың заңды ұрпағы әрі дериваты ретінде Маңғыстауды иемденуге ерекше құқық алуы дегенді де білдіре алады» деп жазады өлке зерттеушісі, марқұм С.Қондыбай «Маңғыстау-нама» кітабында.
Адайлардың Маңғыстауға қоныстануын бейнелейтін, осы өлкеге тұңғыш ат басын тіреп, ел көшін бұрған батыр бабаларымызға арналған символикалық белгі-ескерткіш тоғыз жолдың торабы Бекет атам бел шешкен, Бейнеу бабамыз қыс қыстап, жаз жайлаған өңірде құбыла беттегі үлкен жолдың бойында мен мұндалап тұрса, елдігіміздің дәлелі болары хақ. Ашық аспан астындағы тарих кітабы Адайлардың Отпан тауға неге ұран отын жаққанын, басқа емес, 362 әулиелі Маңғыстау жерін неліктен меншіктейтінін, «Мөрім – Маңғыстау, төрім – Маңғыстау, елім – Маңғыстау» деп не үшін Адай баласының арқаланатынын түсіндіріп тұрар еді.
Рухы биік ұрпақ қана ұлы істер, ұлағатты істер атқара алады. Есек мерген атаның атындағы даңғыл бойына салынар болашақ ескерткішке Маңғыстау-Үстірт өңірінің егемендігі үшін күрескен ерлер есімі жазылатын болады. Бұл туралы «Рауан» газетінің өткен сандарының бірінде айтқан болатынбыз. «Өсер ел тарихын таспен жазады, өшер ел тарихын жаспен жазады» деген екен бір ғұлама. Бүгінгі біздің ертеңгі немере, шөберемізге қалдырар еншіміз тасқа басылған тарих болса, өз парызымызды адал атқарғандығымыз болмақ.
Еңселі ескерткішке жазылатын батырлардың есімдері газетіміздің алдағы сандарының бірінде жарияланса, бұл туралы көзі қарақты оқырманның пікір білдіргенін қалар едік.

Сара КӨШЕРОВА,
Бейнеу селосы
«Рауан» газеті, 20 қыркүйек, 2007 жыл.