Алтай батырды зерттегенімде көптеген жайттардың куәсі болдым. Деректер көне түркі, шағатай тілінде, көне қазақ тілінде араб қарпімен түскен. Бұған дейін жарияланған деректерде ғалымдар түпнұсқа хаттардың көне славян немесе орыс тіліндегі аудармасына иек артқан. Түп нұсқамен салыстырып қарамайды. Араб қарпінен түскен түпнұсқа хаттар тарихы басқаша көрсетіп жатыр», - дейді тарих ғылымдарының кандидаты Жәнібек Исмұрзин.
Жоңғар мемлекетінің тізгінін Сыбан Раптан ұстанған кезде жоңғарлар қазақ жеріне 7 рет жойқын шабуыл жасап, басып кірген. Осы соғыстың 4-і Тәуке ханның тұсында болған. Осы қанды шайқастарға Есек мерген Есенғұлұлының бірнеше рет қатысқанын растайтын деректер айғақ-куә. «Ақтабан шұбырынды Алқакөл сұлама», «Бұланты», «Аңырақай шайқасы», «Кіші жүздің Сауран айналуы», «Шаңды жорық» соғыстарына қатысып, қазақ жерін жаудан қорғаған баһадүрдің ерлік істері уақыт тілі ілгері жылжыған сайын әр қырынан көрініп келеді.
«Қазақтар мен қарақалпақтардың 40 мың қолы қалмақ хандығымен соғысуға келе жатқанын хабарлайды. Қазақтар бірігіп, Сәмеке, Әбілқайыр хан (Кіші жүз) және Барақ пен Есім сұлтандар бастаған 10 мың қазақ жасағы 1726 жылы Церен Дундук хан мен Доржи Назаров иеліктеріне басып кірді. Онда Кіші жүз Адай батырларының ішінде Атақозы, Өмір, Темір, Есек, Есен, Табынай, Шотан, Бергей, Сабытайлар болды» (В.А.Моисеев, «Джунгарское ханство и казахи ХVІІ-ХVІІІ в.в.»).
Қазақ халқы азаттықтың ақ таңы мен бостандықтың бақытын аңсап, қаншама уақыт ат жалында өмір кешті. Елім деп туған ерлеріміз ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен ел басына күн туған сын сағаттарда көзсіз ерлік көрсетіп, атамекен жері үшін кеудесін оққа тосқан жоқ па? Олар салып кеткен ұлы жолда айтсақ тіл жетпейтін сан ғасырлық тарихтың жал-жал болған көмбесі жатыр. Біздің мақсатымыз – сол жұмбақ көмбенің құпияға толы беттерін ашып, әлемге әйгілеу, - деді академик Ө.Озғанбаев.
Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінің Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі, саяси ғылымдар докторы, профессор Киікбай Жаулин батыр бабаның ерлік һәм өмір жолы терең зерттеуді қажет ететінін айтып, батыр жайында тарихи деректерге шолу жасап, қазақ халқының азаттығы жолында өмірін сарп еткен тұлғалардың тарихи сыр-сипатын ашу бүгінгі ғалымдарға жүктелер абыройлы міндет екенін атап өтті.
– Ел тағдырын бәрінен биік қойған, ұлттың тұтастығын, жерінің бүтіндігін мұрат еткен қазақ батырлары қазақ тарихының әр белесінде тұлғалық деңгейге көтеріліп отырған. Қазақ тарихында ұлттық тұлға тұғырына көтеріліп, аты аңызға айналған, тарихта есімдері қалған сан мыңдаған батырлар бар. Талай жаугершілікті бастан кешіріп, ол шеті мен бұл шетіне құс қанаты талатын казіргі кең байтақ өлкемізді, құтты қоныс, ата мекенімізді ұлы жорықтарда батыр бабаларымыз білегінің күшімен, найзасының ұшымен қорғай жүріп бізге аманаттап қалдырды. Халық биікке көтерген, ардақтап, аттарын аңызға айналдырған батырлардың ішінде Шотан, Атағозы, Қонай, Құлбарақ сынды ақберендердің есімдері айрықша жарқырап көрінеді. Солардың бірі – бүгінгі конференциямызда сөз болып отырған Есекмерген Есенғұлұлы. Есек батыр Есенғұлұлы – тарихта болған адам. Арғы атасы қосай тайпасынан тарайтын бабамыздың ерлік істері туралы нақты тарихи деректер азшылық. Ол туралы тарихи аңыз әңгімелерді өлке зерттеушілері айналып өте алмайды. Тарихшылар мен осы уақытқа дейін жазған өлкетанушылар мен батырдың ұрпақтарының жазған мақалалары негізінде материалдардың жинақталып келе жатқаны ақиқат. Батырдың өмір жолы әлі де зерттеуді қажет етеді. Жалпы кеңес заманында қазақ тарихын зерттеген ғалымдар Тәукенің тұсында батырлардың тұтастай легі өмірге келгенін айтады. Ұлттық тарихымызда қазақ ұлтының қалыптасуына рулардың құрамына ықпал еткен көптеген батырлар да осы 18 ғасырда тарих сахнасына шыққан.
Есек батыр – заманында қазақ қоғамының беделді тұлғаларының қатарына көтерілген тарихи қайраткер. Баһадүр батыр, құралайдың көзінен атқан мерген, найза ұстап жауға шапқан ержүрек батыр. Есек батыр Есенғұлұлының есімі қазақтар Сауран айналғанда адайларды Маңғыстауға бастап келуші батырлардың бірегейі ретінде аталады. Құжат жүзінде деректер аз болғанымен, ел аузындағы әңгімелерде, жырларда батырдың есімі жиі кездеседі. Есек батырдың ғұмыры, өмір сүрген жылдары, елі үшін жанқиярлық айқастарда көрсеткен ерлік істері туралы тарихи деректердің әлі де табылуы мүмкін. Жергілікті басылымдарда батыр туралы бірнеше мақала жариялады. Батыр атамыздың тарихи тұлғасын сомдап, оны тәуелсіз еліміздің мінберінен сөйлету – бүгінгі тарихшылардың үлесінде. Ең бастысы ел тағдырындағы, ұлттық тарихымыздағы әрбір есімі белгілі, халық жадында биік тұғырға көтерілген, халықтық ұғымдағы ел махаббатына, ел сүйіспеншілігіне бөленген батыр-тарихи тұлға ретінде бүгінгі күнде де, қазіргі заманымызда да еш маңызын жоймайды. Әсіресе қазіргі тұста, қолымыз ұлттық тәуелсіздікке жетіп, еліміз ғасырлар бойы аңсаған, армандаған егемендігін алған уақытта қазақ батырларының баға жетпес еңбегі, ерлік жорықтары, ең бастысы бір сүйем қазақ жері үшін қасық қаны қалғанша жаумен жаға жыртысып тағдыр кешкені – тарихи танымның, рухани тағылымның баға жетпес биігі осы, - деді Киікбай Жаулин.
– Бабамыздың қаһармандық рухы біздің мемлекетімізге, мерейлі мекенімізге, елімізге, биліктегі азаматтарымызға жұғысты болсын. Бізге не керек? Бізге патриот, бізге стратег керек. Елді түзеу үшін Есекмергендей ерлердің керегі ақиқат. Дәл осы тұста Есекмерген бабамызды еске алуымыз – ғажап нәрсе. Маңғыстау өңірінің әйгілі университетінде батырға арнап осындай жиынның өтуі – жақсылықтың нышаны. Шығыс Ғұн мемлекетінің әміршісі, ұлы бабамыз Мөде қаған: «Бұл жер біздің мүліктеріміздің жиналған жері емес, бұл дала ұлы бабаларымыздың, баһадүрлеріміздің, айбынды ерлеріміздің қаны судай төгілген жер және қиямет қайымға дейінгі ұрпақтарымыздың жері» деген екен. Сол қиямет қайымға дейін аманаттаған жеріміздің, еліміздің тағдыры үшін Есекмерген секілді батырлар тарих сахнасын дүбірлетіп өтті. Ел мен жерді жан-тәнімен қорғады. Әр нәрсенің сауыты, киімі, қаруы болады. Бұл батырлар атақ-абырой үшін күреспеді. Олар алдымен иманның киімін киген, содан соң сауыт киген, садағын сағымға ілдірген, шыбын жанын шүберекке түйген. Осы бабаларымыз елді сырт жаудан қорғады. Бәріміз де академик болғымыз келеді. «Академия» сөзі гректің Akademos деген батырының атынан шыққан. Афины қаласының қасында бейіті бар. Біздің заманымыздан бұрын IV ғасырда Афины маңындағы «қасиетті бақ» сол батырдың атымен аталып, онда Платон өз шәкірттеріне лекция оқыған. Академия деген – үлкен ұғым, ол – эпопея, ол – энециклопедия, ол – ғажайып бір құбылыс. Сондықтан осындай батырларымыздың бір өзі – академия, бір өзі – эпопея, бір өзі – тарих, - деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимов.
Конференцияда бас қосқан ғалымдар Есек батырдың ғұмыры, өмір сүрген жылдары, елі үшін жанқиярлық айқастарда көрсеткен ерлік істері туралы тарихи тың деректер әлі де табылуы мүмкін деген тұжырымға тоқталды. Осы орайда игілікті де мұратты шаруаға арнайы мемлекеттік бағдарлама жасалып, архивтің түп-төркіні жатқан Санкт-Петербург, Орынбор, Тобыл, Омбы қалаларының қорларында зерттеу жүргізу туралы ұсыныс-пікірлерін білдірді. Ал елімізде Есек батырдың рухына бағышталып, жасалып жатқан игі шаралар саны көптеп саналады. Мәселен, 2005 жылдың 22-23 шілдесінде Ақтөбе облысы, Байғанин ауданы, Шибұлақ елді мекенінде Есек батырға ас беріліп, асқа Түрікменстан, Қарақалпақстан, Қазақстанның Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстарынан ата ұрпақтары қатысқан. Батыр есімін ұрпаққа жете таныта түсу үшін Сарға ауылының ардагерлерінің ұсынысымен баһадүрдің атына көше беріліп, көшеге ескерткіш тақта орнатылған. Бұл тақтада: «Есек мерген Есенғұлұлы – Қазақ елінің тәуелсіздігі үшін күрес тарихында айырықша орны бар батыр. XVІI ғасырда осы өңірді қалмақтардан азат етіп, Кіші жүз қазақтарын түбегейлі орнықтырған ірі тұлға. Қосай Есенғұлұлы Есек мерген батыр шамамен 1662-1758 жылдары өмір сүрген. Ескерткіш тақта орнатқан Салықбай Дүйсеновтер әулеті» деп жазылып, өткен дәуірдегі ұлы көшті бастаған батырдың даңқына зор құрмет көрсетілді.
Жайық НАҒЫМАШ